Жарнама
Жаңалықтар

МҰНАЙЛЫ ӨҢІРГЕ – ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ

Жалпы, көрмеге қатысушыларды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтаған оның  бірінші  орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы биліктің жан-жақты қолдауымен өңірде аса орнықты инвестициялық ахуал қалыптасты. Алыс-жақын шет елдердің іргелі компаниялары Жайық жағасындағы жайлы мекенде көмірсутегі шикізатына қатысты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ұмтылуда. Соның айқын дәлелі – әлемдік нарықта «қара алтын» құны кеміп кеткенімен, көрмеге қатысушылар санының өскендігі. Оған қызығушылық жыл санап артуда.

Сонымен қатар, мұнайлы мекенде құрылыс қарқыны да еш кеміген емес. Өткен жылы жүздеген адам қоныс тойын тойласа, биыл да бірнеше көп пәтерлі тұрғын үйлер салынуда. Демек, құрылыс саласындағы озат технология республика бойынша озық дамып келе жатқан өңірге қажет-ақ. Оның үстіне, соңғы уақытта жергілікті құрылыс индустриясы жүйелі жолға қойылды. Керекті материалдар өзімізде де шығарыла бастады. Яғни, өзгелерге көрсетер дүниеміз де бар.  «Нұрлы Жол» бағдарламасы да құрылыс саласын одан әрі жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Міне, көрменің ашылуында сөйлеген Ғұмар Ислямұлы жиналғандарға осы жайлы айтты.

Ал, Удмурд Республикасы Үкіметінің төрағасы Виктор Савельевтің айтуынша, олар біздің облыспен жақсы экономикалық қарым-қатынаста екен. Алдыңғы жылы Атырауда ұйымдастырылған халықаралық инвестициялық форумға қатысып, өздеріне тиімді біраз келісімге қол жеткізіпті. Осы жолы көрмеге Удмурд елінен 14 компания келгендігін айтады.

Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Ханс Драйзер де көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Бұл елден 13 компания қатысуда. Соның бәрі де — мұнай-газды өндіру ғана емес, оны тереңдете өңдеу саласында да тағылымды тәжірибесі бар кәсіпорындар. Әлемде «голландиялық әдіс» атауымен озат технология ежелден белгілі. Ендеше, өзгелердің одан үйренері де көп.

Көрмені аралап жүргендердің қатарынан ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі Нәдір Нәдіровті кездестірдік. Жанында геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Төлеуіш Серіков бар. Атақты ғалымдар да мұндай көрмелердің өзара тәжірибе алмасуға, озық техника мен озат технологиясын көрсетуге, өзгелердің сапалы бұйымдарын саудалауға қажетті шара екендігін айтады. Оған өз тарапымыздан өңірге инвестиция тартуға да септігін тигізетіндігін қосар едік. Мәселен, аймақтағы технопаркке қызығушылық тудыруға болмас па? Облыстық әкімдік атынан жаңа павильонның пайда болуы да сондықтан.

Ақырында, көрмеге дүние жүзінің Австрия, Германия, Ресей, Түркия, Дания, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Швейцария, Қытай, Канада  және басқа да мемлекеттерінен барлығы 115 компания қатысуда. Солардың ішінде Атыраудан «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны мен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы да бар. Жыл санап өндірістік көрсеткіштерін жақсартып, жаңа жобаларды қолға алғалы отырған іргелі өндіріс ошақтарының өзгелермен бөлісер толымды табыстары да қомақты. Үш күнге созылған көрме жұмысы бүгін аяқталады.

Меңдібай елемесұлы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button