Қ.Мұхитов: Каратэ спортына құмарлығым студент кезімнен басталды
Гурьев педагогикалық институтының студенттері спортзалға жиі жаттығуға баратынбыз. Сексенінші жылдың күз айы. Дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі Жорис Ысқақов спортзалдың кілтін маған беріп қойған. Бір күні кешкі сағат тоғыздар шамасында орта бойлы, төртбақ денелі келген жігіт ағасы менен кілтті сұрай келді.
Танысып, сөйлесіп кеттім. Есімі — Еділ Дүйсенғалиев. Өте мәдениетті адам. Қалалық ішкі істер бөлімінде қызмет істейді. Қасында бес-алты жігіт бар. Сол күннен бастап бір ай бойы олар спортзалда жаттығып жүрді. Бірде әлгі жігіттердің біріне-бірі аяқпен соққы жасап, өзара сайысып жүргенін көріп, аң-таң болып тұрып қалдым. Себебі, осыдан бір-екі ай бұрын ғана қаладағы «Мир» кинотеатрынан «ХХ ғасырдың қарақшылары» атты кино көргенмін. Киноның ұнағаны соншалықты, сол апта бойы көрсетілген сеанстардың бәріне бардым. Бұл менің «каратэні» алғаш көруім еді. Сол күннен бастап осы өнерге есім ауды да тұрды. Біраз іздестіріп көргенмін, ешкім білмейді екен. Атырауда спорттың бұл түрінен үйірме жоқ болар деп ойладым. Енді міне, осыншама қызығып жүрген спортым қасымнан табылғанын қарашы! Дереу Еділ ағайға жетіп бардым. Каратэге қатысқым келетінін, көптен іздеп жүргенімді айтып, маған үйретуін өтіндім. Еділ ағай өзінің жұмыс орнына шақырды. Оқу орнымнан мінездеме алып келуімді сұрады. Жуырда қаладағы педучилищенің (қазіргі Қ.Дүтбаева атындағы Атырау педагогикалық колледжі) спортзалында каратэден үйірме ашатынын және сол үйірмеге мені алатынын айтты. Көп кешікпей үйірменің шәкірті болдым. Қазір ойлап отырсам, шығыс жекпе-жегінің тарихы Атырауда осылай басталған екен.
Сонау жетпісінші жылдары бұрынғы кеңес елінде каратэ үйірмесі ашыла бастаған еді. Тіпті 1978 жылы КСРО Мемлекеттік спорт комитеті «Каратэ күресін дамыту» деп аталатын бұйрық шығарды. Мәскеу, Ленинградтан аттестациядан өткен жас каратэшілер Қазақстанның кейбір қалаларында үйірме аша бастады. Сол кезде Атырауда ашылған каратэ үйірмесіне осы Еділ Дүйсенғалиев мұрындық болды.
Бұрын спорттық гимнастикамен шұғылданған милиция лейтенанты Еділ Дүйсенғалиевті 1978 жылы қалалық ішкі істер бөліміне жауынгерлік және қызметтік дайындық істер жөніндегі инспектор етіп тағайындайды. Осы кезден бастап ол жекпе-жек спорт түрлерін үйренуге ден қояды. Әскери самбомен және дзюдомен шұғылданады. Облыстық ішкі істер басқармасында атыс және дене шынықтыру дайындығы бойынша инспектор болған Жетпіс Құмаровтан дәріс алады. «Ерікті халық жасағы» жедел штабы спортзалына барып, онда өткізілген түрлі дайындыққа қатысады. Сол жылы Жанша Алғазиев екеуін «қоян-қолтық жекпе-жегі» бойынша бір айға дайындық курсынан өту үшін Алматыға жібереді. Республиканың Ішкі істер министрлігі жанынан ұйымдастырылған бұл курста «қоян-қолтық жекпе-жегі» аясында алғаш рет каратэ элементтері үйретіледі. Кейін педагогикалық училище спортзалында каратэден алғаш үйірме ашқан. Шпагат, бір аяғыңды көтеріп тұру, бірнеше қайтара отырып-тұру сияқты бұрын-соңды жасап көрмеген қимылдар орындалды. Мен үшін аяғымды екі жаққа созып, шпагатқа отырудан артық қиыншылық жоқ сияқты болып көрінетін. Соққылары да, сайыс кезіндегі орнынан қозғалу әрекеті де маған таңсық болатын. Бірақ, бірте-бірте үйрене бастадым. Жаттығу барысында жеке сайыстар өткізген кездер де болды. Осылайша, каратэ спортын тани бастадым.
1981 жылы Алматы қаласында «Динамо» спорт клубы ұйымдастырған «қоян-қолтық жекпе-жектен» республикалық турнир өтіп, Е.Дүйсенғалиев бастаған бір топ каратэшілер сол жарысқа қатысты. Әділқазылар тарапынан азды-кемді әділетсіздікке жол беріліп, Атыраудан барған каратэшілерге жеңіс бұйырмаған. Сайыс барысында Е.Дүйсенғалиевтің қолы қарсыласына қатты тиіп, осыған орай жинаған ұпайлары кері шегеріліп, жеңісті қарсыласына береді. Бұл турнирде қарағандылық Сергей Гулый жақсы өнер көрсетеді. Кейін ол мұнай саласында жұмыс істеу үшін Атырауға көшіп келіп, Еділ ағайдың каратэ үйірмесіне қатысады.
Алдыңғы кезде жаттығу үзбей өтіп тұратын. Кейін өтпей қалатын болып жүрді. Үйірмеге жастар да бірде келіп, бірде келмейтінді шығарды. Себебі, Еділ Дүйсенғалиевті облыстық ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөліміне қызметке ауыстырған екен. Жаңа қызмет көп уақытты талап етті. Сол себепті үйірмені жүргізуді Сергей Гулыйге тапсырады. Ол да ара-тұра іссапарымен кетіп қалып жүрді. Үлкен энтузиазммен басталған каратэ үйірмесі осылай қожырай бастады. Алғашында қатысып жүрген 30-40 адамның тек бес-алтауы ғана қалды. Оның үстіне, каратэге деген қоғамдық көзқарас та өзгерді. «Коммунистік идеологияға жат» деп тауып, оны жабуға жұмыстанды. Қоғамда орын алған небір келеңсіз жағдайды осы каратэден көретін болды. Көп кешікпей «Қоғамға қауіпті спорт» деген желеумен оған мүлдем тыйым салынып, бүкіл елде каратэ үйірмесі ресми түрде өз жұмысын тоқтатты.
Бас-аяғы бір-екі жылда каратэ үйірмесі жүздеген адамның жүрегін жаулап, шығыс жекпе-жегіне деген құштарлығын оятты. Тоқсаныншы жылдары қайта даму алған каратэ басында сол Еділ Дүйсенғалиевтен тәлім алғандар болды.
Оның үйірмесінен Л.Баграмян, Н.Дәулетяров, А.Сарбуфин, Ш.Сайфуллин, Ә.Абдрахманов, В.Яблоков және басқа да көптеген танымал азаматтар шықты. Мен де шығыс жекпе-жегінің табалдырығын осы үйірме арқылы аттадым. Сол үшін Еділ Дүйсенғалиевті өзімнің алғашқы ұстазым деп санаймын.
Қабибек МҰХИТОВ,
таэквондодан қара белдіктің III дан иегері,
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы