Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Мүгедектікті ешкім де сұрап алмайды сондықтан да олар қоғамнан үлкен қамқорлықты күтеді

Кемтар жандар кез келген қоғамда бар. Дамыған елдерде оларға жақсы жағдай жасалған. Мәселен, мүгедектердің қол арбасымен көңілі қалаған жаққа баруы, кез келген ғимаратқа кедергісіз кіруі, жұмысқа оңай орналасуы, бос уақытында демалып, көңіл көтеруі жан-жақты қарас­ты­рылған. Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстан азаматтарының үш пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жатады.

%d0%bc%d2%af%d0%b3%d0%b5%d0%b4%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96%d0%ba%d1%82%d1%96-%d0%b5%d1%88%d0%ba%d1%96%d0%bc-%d0%b4%d0%b5-%d1%81%d2%b1%d1%80%d0%b0%d0%bf-%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d1%8b

Біздің облысымызда осындай жандардың жалпы саны он тоғыз мың жарымнан асады. Бұл – аймақты мекендейтін барлық халықтың  үш пайыздан астамын мүгедек жандар құрайды  деген сөз. Жоғарыда біз келтірген сандардың тасасында қилы-қилы тағдырлар, өмір үшін күреске толы жандардың бастарынан өткерген қиыншылықтары жатыр. Бізге белгілі мәліметтерге сүйенсек, бірінші топтағы мүгедектер саны бір жарым мыңнан асады, ал, екінші топтағылар – 8616, үшінші топтағылар алты жарым мың адамды құрайды. Екі мың тоғыз жүздей бала мүмкіндігі шектеулі жан ретінде мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығын пайдаланып отыр.

Елбасы өзінің халыққа Жолдауында мүгедектердің жағдайына баса назар аударып отырады. Бұған дәлел Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс,  бұл – өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деген сөзінің астарында терең мағына жатыр. Мемлекет тарапынан қамкөңіл жандардың болашағына деген алаңдаушылық пен қамқорлықты аңғаруға болады.

Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімінің мүгедектер мәселелері жөніндегі кеңесшісі лауазымы енгізілгелі қала мен аудандарда әртүрлі топтағы мүгедек жандарға қолдау мен қамқорлық көрсету жағы жолға қойыла бастады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамымыздың шынайы мүшесі ретінде сезінуіне барынша жағдай жасауға,  жұмысқа орналастыру, шағын және орта бизнес саласына келу үшін мемлекеттік несиелерге қол жеткізу, түрлі қоғамдық ұйымдардың жұмыстарына тарту, саяси белсенділігін көтеру мәселелері жергілікті атқарушы мемлекеттік орындардың айрықша назарында болып келеді.

Мәселен, Атырау қаласы бойынша 7230 мүмкіндігі шектеулі азамат оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде әр түрлі техникалық көмекші, арнаулы жүріп-тұру, міндетті гигиеналық, тифло-сурдотехникалық құралдардың 33 түрімен қамтамасыз етілген. Жүріп-тұруы қиын мүгедектерге жеке көмекшілер, есту қабілеті төмен жандарға ымдау тілінің мамандары қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар мен I, II, III  топтағы мүгедектер шипажайлық-курорттық жолдамамен қамтамасыз етіліп тұрады.

Үстіміздегі жылдың  өткен мерзімінде Атырауда 123 мүгедекке төрт ымдау тілі маманы бөлініп, 277 адам жеке көмекші қызметін пайдаланса, 125 мүгедек 346 дана протез-ортопедиялық бұйымдармен, 643 адам қажетті жүріп-тұру, сурдо-тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді.  Сонымен қатар, Алматыдағы зағип мүгедектерге арналған «Спутник» шипажайына 62, жалпы аурулығына байланысты мүгедектер мен жүрек қан-тамырлары ауруымен ауыратын 80 мүгедекке Ақтөбе облысының Алға қаласындағы шипажайға жолдама берілді. Қалалық әкімдік жанындағы арнайы қомиссияның шешімімен өткен жеті айда 506 арызданушыға 22,4 млн. теңгенің біржолғы материалдық көмегі көрсетілді.

Осындай қамқорлық аясында атқарылған оң істерді қай ауданнан да мысал ретінде айтуға болады. Индер ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тарту бағытында 25 мүгедектің күні бүгін алтауы түрлі мекемелерге квота арқылы тұрақты жұмысқа орналасса, 17 адамға ақылы қоғамдық жұмысқа жолдама берілді. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы екі адам өз кәсібін ашу мақсатында шағын несие алды. Жылыой ауданындағы «Юнексстрой» ЖШС алты мүгедекті жұмыспен қамтып, ай сайын әрқайсысына 50 мың теңге көлемінде жалақы төлеп отыр. Аудандық әкімдік пен жеке кәсіпкерлермен жасалған меморандумға сәйкес және «Арктик Групп Интернэшнл», «Сенімді құрылыс» мекемелері 500-ге  жуық көмекке мұқтаж отбасыларға үш млн. теңгенің қайырымдылық көмектерін көрсетті. Серіктестік директорлары Л.Михалик, М.Гутида бала жасынан мүгедек екі баланың емделуіне әрқайсысы жүз мың теңгеден көмек көрсетті.

Құрманғазы ауданында жыл басынан бері 28 мүгедек қоғамдық жұмысқа тартылды, екі адам квотамен жұмысқа жіберілді. Мүмкіндігі шектеулі алты адамға тұрақты жұмыс табылды.

Өкінішке қарай, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға құлықсыз көптеген мекемелер түрлі сылтаулар ойлап табады. Бұл тағдырдан теперіш көріп, жаны онсыз да жүдеп жүрген  жандарға  психологиялық тұрғыда үлкен соққы.  Әлбетте, мүгедектерді жұмыспен қамту дегенде оларды қарапайым жұмыстан бастап, ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдарға дейін тарту көзделген. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында қабілеттілері көп. Сондай-ақ, мұндай жандардың арасында еңбекке жарамдыларының басым бөлігі мамандығы бойынша емес, жеңіл жұмыстарды қалайды, әсіресе күзетшілік, диспетчерлік, мектеп, балабақша, мәдениет үйі сынды мемлекеттік мекемелердегі киім ілетін жұмыстарға орналасқылары келеді. Бірақ, ондай бос жұмыс орындарына сұраныстар мүлдем түспейді.

Сонымен бірге, бұрынғы салынып қалған нысандар мүгедектердің еркін қозғалысына мүмкіндік беретіндей етіп қайта жарақтандыруды қажетсінеді. Қазіргі салынып жатқан тұрғын үй, әлеуметтік мақсаттағы нысандар мен мемлекеттік ғимараттар құрылыстарының жобалау құжаттарында мүгедектердің жағдайы ескерілетіндей болғаны дұрыс. Әсіресе, ауылдық жерлердегі мұндай нысандарда осы жағы кейде ұмыт қалып, тексеру нәтижесінде ағаттықтар анықталып жатады.

Жалпы елімізде мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу, мүмкіндігі шектеулі жандарға еш кедергісіз жағдай жасау, олардың мәселесіне қоғам мен бизнестің назарын аударатындай дәрежеде  ақпараттандыру жұмысын күшейту, тағдырдан теперіш көрген жандардың құқығын қорғауды жақсартатын ықпалды шаралар алу мәселелері біртіндеп шешіліп те келеді. Бұл айтылғандар облыс әкімінің, тиісті мемлекеттік органдардың да басты назарынан түскен емес. Әлеуметтік төлемдерге, жәрдемақыларға, тегін жол жүруге, коммуналдық қызметтерді өтеуге, тегін дәрі-дәрмек алуға, өзге де қарастырылған жеңілдіктерге қомақты қаржы берілді, алда да солай бола бермек.

Манап АБДРАХИМОВ,

облыс әкімінің мүгедектер

мәселелері жөніндегі кеңесшісі,

облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button