МҮГЕДЕК ӘЙЕЛДІҢ МҰҢЫ КӨП
Комиссия төрайымы, қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова жаңа құраммен қайта жасақталған комиссия мүшелерімен таныстырды.
Екінші тоқсанды қорытындылаған жиында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбаршын Мендакулова «Атырау қаласындағы 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстандағы гендерлік теңдік стратегиясын іске асыруға бағытталған кешенді іс-шараларды ұйымдастыру» лотын жүзеге асыру жұмыстары туралы баяндады.
Сондай-ақ, комиссия отырысында Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Рая Оралова қаламыздағы мүгедек әйелдердің жағдайын жақсарту, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылар мен жұмысқа орналасуға және әлеуметтік көмекке мұқтаж әйелдерге қолдау көрсету бағытында атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
Бүгінде қала бойынша ресми тіркелген мүгедектер саны – 6663. Бірінші топтағы 513 мүгедектің 200-і әйелдер. Екінші топта 2907 мүгедек болса, оның 1425-ін әйелдер құрап отыр. Үшінші топтағы 2173 мүгедектің 936-сы әйелдер. Өткен жылмен салыстырғанда мүгедек әйелдер санында өсім байқалады.
Мүгедектердің барлығының бірдей отбасылық жағдайы мәз емес. Жалғыз тұратын, жиырма алты мың теңге көлеміндегі жәрдемақыға қарап отырған мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыстық жағдайы тым қиын. Оларға мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан тағайындалған негізгі жәрдемақысына қосымша төленіп отырған қаржылық көмек әжептәуір демеу болып отыр. Себебі, қазір дәрі-дәрмекке дейін қымбат. Олардың барлығына бірдей жеңілдік бола бермейді.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың басым бөлігі гигиеналық және арнаулы жүріп-тұру құралдары мен сауықтыру орталығына және шипажайға берілетін жолдамаға мұқтаж. Биылғы жылы 249 мүгедек әйел протездік ортопедиялық құралдармен қамтылса, облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығына 146, шипажайға 230 тегін жолдама берілді. Сурдо — техникалық құрылғылар мен міндетті гигиеналық және арнаулы жүріп — тұру құралдарымен 501 мүгедек әйел қамтылып отыр.
Кейбір мүгедек жандардың заң аясында бөлініп отырған көмекті қанағат тұтпайтыны да жасырын емес. Ондай жағдайда демеушілердің жомарттығына сүйенуге тура келеді. Ал, ондай жомарт адамдар үнемі табыла бермейді.
Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек Абдолов қала бойынша 2015 жылдың жазғы кезеңінде балалардың демалысын, бос уақытын, жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру және қала мектептеріндегі қыз балалардың тәрбиесіне байланысты атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.