Жарнама
БілімЖаңалықтарҚоғамҚұқық

Мұғалім мәртебесіне қатысты 40 мыңдай ұсыныс түсті

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиевамен Атырау облысының педагог кадрларының кездесуі өтті.

bilim

Ұстаздардың өміріндегі елеулі жаңалық болып табылатын Заң жобасын талқылау жөніндегі жиынды Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев ашты:

— Мұғалім – қоғамдағы ең басты тұлға. Президенттен бастап, қарапайым адамға дейін мұғалім алдынан өтетінін бәріміз білеміз. Елбасының әкелік қамқорлығы ұстаздарымызға қанат сыйласын, — деді ол кіріспе сөзінде.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева өзінің мақсатты сапарына тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Білім және ғылым Министрлігі жанынан құрылған Заң жобасының концепциясын әзірлейтін жұмысшы тобының құрамына 60-тан астам тәжірибелі-мұғалімдер, ғалымдар, салалық кәсіподақ жетекшілері, заңгерлер кірді. Жұмысшы тобы аталмыш концепцияны әзірлеу үшін алыс-жақын шет мемлекеттер тәжірибесі мен заңдарымен танысты. Сондай-ақ, бүкіл Қазақстан Республикасы ұстаздарының сайттарға жазған, жазбаша түрде берген 40000-дай ұсыныстарын сегіз мың ұсынысты саралап алдық. Өйткені, көпшілік ұсыныстар бірін-бірі қайталаған.

Заң жобасы «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» порталында, «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінде арнайы айдармен жарияланып, көпшілік талқылауынан өтті. Республика педагогтарының назарына ұсынылып отырған аталмыш тарихи заң 6 тараудан және 21 баптан тұрады, — деді Эльмира Амангелдіқызы өз сөзінде.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі жанынан құрылған заң жобасының концепциясын әзірлейтін жұмысшы тобының мүшесі, инженерлік-гуманитарлық колледждің басшысы Елдос Болатханұлы слайд арқылы талқыға түсіп отырған Заң жобасына кеңірек тоқталды:

– Осынау Заң Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде ең алғаш жасақталып отыр. Педагогтың мәртебесін, этикасын, ары мен намысын, кәсіби қызметін қамтамсыз ету шарттары қамтылды. Мұғалімдерді кәсіби қызметінен тыс жұмыс түрлеріне тартуға тыйым салынуы тиіс. Ұстаздарға өз қаражаты есебінен оқу-тәрбие үрдісін қамтамасыз ету үшін қандай да бір тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмеуі де назарда болды.  Тиіссіз есептерді талап етуге, көзделмеген тексеруді жүргізуге жол берілмейтіні де Заң жобасында атап көрсетілді. Егерде аталған талаптар бұзылған болса лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасы  Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.

Үшінші тарау «Педагог құқықтары» деп аталынып, педагогтың материалдық жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктер, біліктілік санаттары және көтермелеудің өзге түрлерін қамтиды. Педагогикалық өтілі мен жалақысы сақтала отырып, ұзақтығы бес жылда бір рет кемінде алты ай ғылыми қызметпен айналысу үшін шығармашылық демалыс алуға, ғылыми дәрежесі барларға жоғары жалақы төлеу шаралары қарастырылған. Осы тараудың 14-бабындағы «Әлеуметтік кепілдіктер» атты бөлімге барша ұстаздар ықыласпен қарайтыны даусыз. Педагог бастапқы жарнасыз жеңілдікті несие бойынша тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ қызметтік тұрғын үй және (немесе) жатақхана алуға басым құқыққа ие. Белгіленген зейнеткерлік жас толғанға дейін педагогикалық жұмысының 30 жылдық өтілі болғанда зейнеткерлікке шығуға құқылы. Педагогтың балаларына балабақшадан кезектен тыс орын берілмек. Ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтарға да көптеген жеңілдіктер қарастырылғаны жөн.

Педагогтарға жыл сайын кезекті еңбек демалысын беру кезінде екі лауазымдық жалақыдан кем емес мөлшерде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға арналған жәрдемақы, «Үздік педагог» атағының иегерлеріне айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде сыйақы төленбек. «Көтермелеу құқығы» деп аталған 15-бапта: «Республика алдында педагогикалық қызметтегі ерен еңбегі үшін педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік награда берілетін болды. Бұл марапат еңбегі елеулі, халқына қалаулы ұстаздарға көрсетілген зор құрмет. Заң жобасындағы төртінші тарау – педагогтің міндеттері мен жауапкершілігі, бесінші – педагогты даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, алтыншы – Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасының бұзылуына жауапкершілікті қамтиды,- деп аталған Заң жобасын ұстаздар назарына ұсынды.

Атырау индустриалды колледжінің басшысы Халидолла Тайпанов, қаладағы №28 мектептің директоры Досжан Болатханұлы, №13 мектеп-гимназия мұғалімі Ақтоты Жиенқұлова, Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі оқытушысы Амангүл Асқаровалар өз ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі жиын соңында барша әріптестеріне сәттілік тіледі.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Аманжол СИРАЖИЕВ, №12 мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі:

Коммуналдық төлемнен құтқарса…

«Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы – ұстаздарға үлкен стимул сыйлайтыны сөзсіз. Бүгінгі таңда талқыға түсіп отырған Заң жобасында қала мектептерінде қызмет жасайтын педагогтардың коммуналдық төлемақысы туралы сөз жоқ екен. Меніңше, мұғалім беделін көтеру үшін оларды осындай төлемдерден біржола босату керек сияқты. Егер осылай жасалса, мектептерде жақсы оқып, ақшасы мол мамандыққа кетіп қалатын жастардың беті бері бұрылар еді деп ойлаймын.

Үй берсе, басқа да жеңілдіктер жасалса неге мұғалімдіктен жастар безсін? «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» демей ме халық даналығында? Ал, мен өзім осы мамандықты жаныммен сүйгендіктен, мектептен кетпей жүрмін. Бірақ, рухани дүниені материалдық жетпестік жеңіп кетеді емес пе? Осыны назардан тыс қалдырмаған дұрыс.

Нартай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, №6 мектептің психологы:

Ата-ана құқығы нақтыланса…

«Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы талқыланып жатыр. Жобаға ұстаздарды, мектепті кейбір айтқанды түсінбейтін, өз баласын басқалардан артық санайтын ата-аналардан қорғайтын бап енгізілсе екен. Шығармашылықпен айналысу үшін алты ай ақылы демалыс беруі көңілге қонымды. Осының өзі педагогты шығармашылықпен жұмыс жасауға құлшындырады.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button