Мұғалім мәртебесі – басты назарда
Еуропаның дамыған мемлекеттерінде мұғалім беделі жоғары. Өйткені, олар ең жоғары жалақы алады. Қай кезде де, адамдардың материалдық жағдайы рөл атқаратынын жоққа шығара алмаймыз. Соңғы кезде біздің елімізде де ұстаздарға деген оң көзқарас қалыптасуда. Бұл биыл анық байқалуда. Осы орайда Елбасы мектептердегі орынсыз тексерістерді азайту, мұғалімдердің мәртебесін айқындау үшін арнайы заң қажет екенін жеткізді.
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, мұғалімдердің жалақысын көтеру білім берудің жаңа мазмұнына көшумен тікелей байланысты. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау арқылы қосымша ақы тағайындайтын жаңа жүйе енгізілмек.
Әлбетте білім жүйесіне оң көзқарас мұғалімдердің жауапкершілік жүгін ауырлатары сөзсіз. Мұның жеткіншектердің сапалы білім алуына да игі әсерін тигізетіні айқын.
Бибігүл АСЫЛОВА, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі:
Үстемеақы көлемі 30 процентті құрайды. Мысал келтірер болсақ, 15 жылдық еңбек өтілі бар 1 санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 мың теңге. Дәл осындай еңбек өтілі бар 1 санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына қосылар үстеме – 25 860 теңге.
Жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өз деңгейлерін растау арқылы мұғалімдер жалақыларын 20-50 процентке дейін көтере алады. Мәселен, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар 1 санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына 28 мың теңге қосылса, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады.
Гүлжан САБЫРОВА, № 4 шипажайлық мектеп-интернатының директоры:
Мұғалім – өзін бала тәрбиесіне арнаған адам
Елбасы Жолдауында айтылғандай, қоғамның іргетасы – адами капитал. Оны тәрбиелейтін мұғалімнің материалдық жағдайын жақсарта отырып, оның статусын биіктетуді мен өз басым өте қолдаймын. Алайда, мұғалім – жалақы үшін жұмыс жасайтын адам емес, ол – бала тәрбиесіне өзін арнаған адам. Әр жас маман алғаш мектепке келіп, жұмысын бастағанда осыны санасына сіңіру керек. Әрине, мектеп басшылығы, тәлімгер ұстаздар бұл үшін көп еңбек сіңіреді деп ойлаймын. Шәкірт тәрбиесіне өзін арнап, мектеп өмірімен біте қайнасып кеткен маманнан ғана жақсы ұстаз шығатыны айқын. Әр мұғалім осылай ойласа, қоғамда мұғалім беделі жоғарылайтыны да сөзсіз.
Елбасының Жолдауында мұғалім мәртебесін көтеру жөнінде келер жылдан бастап заң қабылдайтыны айтылды. Бұл үлкен қамқорлық. Мемлекет қамқорлығын сезіну өте маңызды. Әсіресе, біздің Атырау облысында мектептердің материалдық-техникалық базалары керемет жабдықталған, жұмыс жасауға мүмкіншілік туғызылған. Тек білек сыбанып, шәкірттің болашағы үшін білім қақпасын айқара ашып беру ғана мұғалімнің өзіне байланысты. Жұмыс жасаймын, Қазақ елінің дамуына үлес қосатын адами капиталды дайындап, саналы да тәрбиелі, білімді де білікті адам болуға тәрбиелеймін дейтін ұстазға мектеп зәру.
Гүлжан МҰСАБАЕВА, № 34 көп салалы мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі:
Парызым – білікті шәкірт тәрбиелеу
Бүгінгі таңда Елбасы мұғалімдердің алдына үлкен мақсат пен міндет қойып отыр. Адами капиталдың әр қоғамда да маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Сондықтан, мектеп партасында отырған жеткіншектерді өз елін сүйетін патриот, өз өмірін халқына арнаған парасатты маман етіп тәрбиелеу – бүгінгі білім саласында еңбек ететін жандардың парызы. Мәселе жалақының өсуінде емес, мәселе – мұғалімнің мектептің жүрегі бола алуында.
Нарық заманында материалдық жағдай да әсер етпей қоймайды. Шынына келсек, «үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей, үйсіз-күйсіз, тапқаны қапқанына жетпей жүрген мұғалімнің көңіл-күйі де сол деңгейде болатыны жасырын емес. Мемлекет қолдауын сезініп, артылған сенім жүгін жауапкершілікпен алып жүрудің өзі – бақыт. Елбасы Жолдауында көрініс тапқан білім саласын дамытуға арналған нақты тапсырмалардың бүгінде орындалып жатқанына өзім куәмін, сол үшін қуанамын.
P.S. Мұғалім мәртебесі – қай кезде де қоғамды толғантатын көкейкесті мәселе. Өйткені, олардан білім мен тәрбие алған жас жеткіншектер – еліміздің болашағы. Елбасының өзі бас болып ұстаздардың жағдайын жақсартуды көздеп отырғанының өзі олардың беделі мен абыройын, ел алдындағы қасиетті де жауапты қызметінің жүгін одан сайын ауырлата түсетіндей. Ел сенім артты, беделін биіктетіп, жағдайларын жақсартуға қызметтенуде. Ендігі жерде сенім биігінен көріну – ұстаздарға сын.