ҰЛЫ МҰРАТ ЖОЛЫНДАҒЫ БЕРІК ДОСТЫҚ
ДОС ЖҮРЕГІН ШЕКАРА БӨЛЕ АЛМАЙДЫ
Аталған форум көршілес екі елдің бизнес өкілдерінің көрмесімен басталды. Мұнда қос елдің отызға жуық өңірінің кәсіпорындары жобаларын ұсынып, тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Бұған қоса, екі елдің жастары да өзара бас қосып, интеграциялық мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда Қазақстан Мемлекеті Ресейдің сексенге жуық өңірімен тығыз байланыс орнатуда. Бұған жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып келетін Қазақстан — Ресей аймақаралық форумының қосып отырған үлесі зор.
Қазақстанның сыртқы саясатының басты бағыттарының бipi Ресеймен қарым-қатынас болып табылады. Бұл мемлекетпен біздің ел көп жылдар бойы тығыз байланыста болып келеді. Өзара бөлісіп жатқан мемлекеттік шекараның ұзындығының өзі жеті мың жарымнан астам шақырымға созылып жатыр. Мемлекетаралық достастық екі ел басшыларының және халқының өзара тату көршілігі арқасында дамып отырғандығы сөзсіз. 1991 жылы Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін танығаннан бері Қазақстан мен Ресей арасында отын-энергетикалық кешен, көлік және коммуникация, әскери-техникалық және қорғаныс өнеркәсібі caлалары бойынша мықты байланыс қалыптасуда.
Қазақстан мен Ресей арасындағы Х аймақтық ынтымақтастық форумының пленарлық мәжілісін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ашып, жүргізіп отырды.
— Форум 2003 жылы бастамасын тапқан кезден бастап өзінің қажеттілігін аңғартты. Осы он жыл ішінде әр сала бойынша ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту мақсатында 200-ге тарта келісім-шартқа қол қойылды. ҚР тарапынан РФ-ға тауар ағыны біздің Қазақстанға жеткізілімімізге қарағанда қарқынды болып отыр, — деген Ресей елінің басшысы В.Путин Кеден одағы толық форматта жұмыс істей бастағаннан кейін екі ел арасындағы сауда-саттық көрсеткіші біршама жақсара түскендігін баса айтты. Сонымен қатар, инвестицияның жыл сайын артып отырғандығына тоқталған ол өткен жылы Қазақстанға салынған ресейлік инвестиция миллион доллар шамасын құрағандығын жеткізді. Ал, сәйкесінше Ресейге салынған қазақстандық инвестиция 1 миллиард 700 миллион долларды құрап отыр. Қазіргі таңда Ресей Федерациясының 76 өңірі Қазақстанмен байланыс орнатқан. Соңғы он жылда екіжақты сауда-саттық көлемі төрт есеге артты. 2003 жылы бұл көрсеткіш 5,8 миллиард долларды құраса, биыл 22,4 миллиард долларға жетіп отыр.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өтуінше, жылдан жылға бұл форумға қызығушылық артып келеді. Бұл оның ықпалын, әрі іс жүзіндегі пайдалы екендігін білдіреді.
— Бұл форум зор мәнге ие. Бүгін біз ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы елдеріміз арасындағы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Ол Қазақстан мен Ресейдің үшінші мыңжылдықтағы өзара тиімді әріптестігінің сенімді негізі болатындығына сенімдімін. Ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағыттарының бірі — мерейтойлық форумның тақырыбына айналған «өнеркәсіптік кооперация» — деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы. — Талқылауға шығарылып отырған мәселелердің өзектілігі екі ел экономикасы құрылымының ұқсастығы мен даму қарқынын айқын көрсетеді. Экономикалық нақты жағдай Қазақстан мен Ресей алдына ұзақ мерзімді перспективада бірдей міндеттер жүктейді. Олардың шешімі аясында біз экспортты әртараптандыру, жоғары технологиялық импортты алмастыру бағытында қатар жұмыс істейміз.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Қазақстанда да, Ресейде де жеке бизнес екі жақты Үкіметтің жаңа өнеркәсіптік және инновациялық жобалар мен жаңғырту реформаларын қолдауға қабілетті екендігін атап өте келе, мемлекетаралық бизнес кооперациясының жемісті үлгілері орын алып отырған машина жасау, кен-металлургия кешені, уран және химия өнеркәсібі салаларын атады.
— Ғылым саласындағы ынтымақтастық мүлдем жаңа көкжиек ашады, — деді Мемлекет басшысы – Ендеше, біздер күш-жігерлерімізді жаңа технологияларды дамытуға біріктіре аламыз. Мәселен, 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жаңа энергетикаға бағыт алуда. Оның тақырыбы — «Болашақ энергиясы». Екі ел арасында инновациялық саладағы жемісті ынтымақтастық үшін қолданыстағы механизмдердің жаңа жетілдірілген өзара іс-қимылдары талап етіледі.
Бұл міндеттің шешімін мен, біріншіден, біздердің серіктестік уағдаластығымыздан көріп отырмын. Біздердің мемлекетаралық шешімдерден кәсіпкерлер өз жұмыстарында шынайы экономикалық жақсару және жеңілдік күтеді. Ал, екіншіден, бұл — екі ел кәсіпорындары іс-қимылдарының үйлесімділігі. Бұл бағытта бүгінгі форумның тақырыбы жүйелі дамудың қуатты ынталандырушысы болуы тиіс. «Қазақстандық бизнес өзара тиімді серіктестік жағдайында кооперацияны кеңейтуге дайын»,-деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей мен Қазақстан кен-металлургия салаларында бір-бірін табиғи толықтырады. Дәстүрлі түрде Қостанай облысы Ресейдің металлургиялық кәсіпорындарына окатыш, ал, Павлодар алюминий шикізатын жеткізеді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы Ресейдің Евраз холдинг компаниясы Қостанай облысында прокат зауытының құрылысын аяқтайтындығын, оның жылдық қуаты 450 мың тонна уақ сұрыпты прокат болатындығын баса айтты.
— Әлемнің заманауи дамуы, сонымен қатар жаһандық сын-қатерлер біздің алдымызға жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді. Біздің экономикаларымыздың ең соңғы технологиялық прогресс трендтеріне дер кезінде үн қатуының маңызы зор. Дегенмен, біздер үшін жаңа салаларды дамыта отырып, мұндай өзгерістерде қаржы көзі қызметін атқаратын ресурстық база жайын да ұмытпауға тиістіміз, — дей келіп, дәстүрлі шикізат секторын жаңғыртуға ерекше назар аудару стратегиялық тұрғыда маңызды екендігін баса айтқан Елбасы келесі жылғы ХІ форумның тақырыбын «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» ретінде белгілеуді және 2014 жылы Атырауда өткізуді ұсынды.
Форум барысында сөз алған РФ Өңірлік даму министрі Игорь Слюняев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, РФ Экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров жыл сайынғы дәстүрлі форумның маңыздылығына тоқталып, екі ел арасындағы ынтымақтастық келісімдердің нәтижелеріне оң баға берді.
Сондай-ақ, Свердловск облысының губернаторы Евгений Куйвашев екі ел басшыларын мерейлі форумды өткізуге Екатеринбург қаласын таңдағандарына алғысын білдірді. «Астана қаласы 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізу мүмкіндігіне ие болды. Ал, 2020 жылы осы көрмені ұйымдастыруға ниет білдіріп отырған қаланың бірі — Екатеринбург. Осындай ауқымды шаралар ел экономикасын қалыптастырып, беделін арттыруға сүбелі үлестерін қосады», — деді өңір басшысы. Ал, Челябинск облысының губернаторы Михаил Юрьевичтің айтуынша, қазіргі таңда Челябинск облысында мыңға жуық қазақстандық студенттер білім алуда. «Бұл екі ел арасындағы ғылым мен білім беру саласындағы байланысты арттырады», — деді ол.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, екі ел арасындағы сауда айналымының 70 пайызы өңірлердің еншісіне тиіп отыр. Бұл ретте Ресейдің өнеркәсіп саласы қарқынды дамыған Екатеринбург қаласының экономикалық байланыстарды нығайта түсуге зор мүмкіншілігі бар. Өйткені бұл өңірге қазақстандық шикізатты, әсіресе кен шикізатын, ферроқорытпаларды, бокситтерді жеткізуге мол мүмкіншілік бар. Бұл тауар айналымының арта түсуіне өз септігін тигізері сөзсіз.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Қазақстан-ресейлік қарым-қатынас көптеген екі жақты құжаттар және келісімдермен реттеліп келеді. Х форум барысында да Қазақстан-Ресей өзара тиімді ынтымақтастығының одан әрі нығаюына бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға да қол қойылды.
Сонымен қатар, Қарағанды политехникалық колледжінің директоры Зекен Рахимов, «KAZENERGY» қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының Бас директоры Әсет Мағауов және Первоуральск металлургиялық колледжі білім орталығының директоры Николай Десятов, «Челябиндік құбыр жаймалайтын зауыт» тобының акционері Андрей Комаров Қазақстан және Ресей өнеркәсіптік колледждерінің «РОСТ-ӨРЛЕУ» ассоциациясын құру жөніндегі ынтымақтастық келісімге қол қойды.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасы аумағы арқылы мұнайды тасымалдау және кепіл туралы алдын алу келісім-шартына «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Қайыргелді Қабылдин және «Роснефть» ҰҚ» ААҚ президенті — басқарма төрағасы Игорь Сечин қол қойды.
Форум аясында екі ел аймақтары басшылары көптеген мәселенің басын ашып, өзара келісімге келді. РФ-ның Свердловск облысының губернаторы Евгений Куйвашев Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевпен және Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасовпен өңірлердің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімін бекітсе, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин көршілес өңірлердің байланысын жан-жақты дамыту мақсатындағы құжатқа қол қойды.
Сонымен қатар, көптен бері жан-жақты талқыланған, әрі ең маңызды шара — бұл екі Мемлекет басшыларының «Қазақстан мен Ресей арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы» жаңа шартына қол қоюы болып табылады. Бұл құжат екі елдің экономикалық-саяси байланысын одан әрі дамытып, іскерлік қарым-қатынасты күшейтуге септігін тигізбек. Баспасөз конференциясы соңында көршілес екі ел басшылары аталған келісімдерді, қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асыру екі жақты ынтымақтастықтың деңгейін көтеруге мүмкіндік туғызатынын айта келіп, форум жұмысына оң баға берді.
ТҮЙІН
Мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту. Берік достықты қалыптастыру және жан-жақты келісімге келу. Екатеринбургте өткен аймақаралық алқалы жиынның басты мақсаты осы болды. Келесі жылғы ХІ форумды Атырау қаласында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Форум Қазақстан және Ресей арасында тығыз іскерлік байланысты дамытуға, әлемдік қорларды сақтайтын және табиғатты қорғайтын технологияларды қолдануды ескере отырып, өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында экологиялық саясатты құруға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуына мүмкіндік жасайтын болады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Атырау – Екатеринбург – Атырау.