Ұлы бастамалардың ұйытқысы

c006dbb15f41c39665ce2c31049 Жаңалықтар

Желтоқсанның алғашқы күні қазақстандықтар жыл сайын Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Қазақстанның дамуы, экономикалық қуатының артуы үшін, әлеуметтік жаңғыртуларды жүзеге асыруда Елбасының ерен еңбегі мен көшбасшылық қасиетінің орны ерекше. Сондықтан, бұл мереке халықтың қалауымен бекітілген болатын.

c006dbb15f41c39665ce2c31049

Мемлекет басшысына деген шексіз құрмет өзге елдерде де көрініс табуда. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында Джордж Вашингтонның құрметіне орай Тұңғыш Президент күні 1782 жылдан бері тойланып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылады. 1991 жылдың желтоқсан айы елеулі оқиғаларға толы болды. Атап айтсақ, желтоқсанның 1-інде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР Президенттігіне сайланды.  Ал, 10 желтоқсанда елдің атауы Қазақстан Республикасы болып өзгеріп, арада алты күн өткеннен кейін (1991 жылы 16 желтоқсанда) Қазақстан егеменді және тәуелсіз мемлекетке айналды. Бұл тарихи кезеңде – 1989 жылы КСРО министрлер кеңесі жанындағы мемлекеттік кедендік  бақылау бас басқармасының бұйрығымен құрылған Гурьев кедендік қызметінде басшы қызметін атқарып жүрген едім.

Ал, сол жылдың 12 желтоқсанында мемлекеттің шекараларын белгілеу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Тұңғыш Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кеден комитеті» құрылды. Қазір сол оқиғаларды еске алсам, Елбасының көрегендік қасиетіне таңғаламын.

Егер сол қалыптасу кезеңінде Мемлекет басшысы мұндай оңтайлы шешім қабылдамағанда, бар байлығымыз, шикізатымыз еш бақылаусыз елден шығып кетер еді. Қорғаныс министрлігіне, мұнай-газ, құрылыс және басқа да кәсіпорындарға тиесілі тауарларды шекарамыз арқылы заңсыз елден шығару мақсатында жасалған көптеген амалға жаңа құрылған кедендік орган  тосқауыл болды.

Мемлекеттің экономикалық мәселелерін шеше отырып, Ұлт Көшбасшысы қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімнің үйлесім тауып отыруын үнемі басты назарда ұстап келеді. Сондықтан, бұл мерекені қазақстандықтардың бірлігі мен толеранттылығы күні деп айтса да артық етпейді.

Атыраулықтар да Елбасының қамқорлығын үнемі сезініп келеді. Облыста барлық сала қарқынды дамуда. Өңір тұрғындары шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асып жатқан «Теңізшевройл», «Қашаған», «Каспийшельф» және тағы басқалар Елбасының шынайы жанашырлығының арқасында дүниеге келген теңдессіз жобалар екендігін мақтанышпен айтады.

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының съездерінде және Қазақстан халқы Ассамблеясы сессияларында ел алдында есеп беру және мемлекеттік органдар атқарып жатқан жұмыстар мен қабылдап жатқан шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелерін көтеріп келеді. Осы орайда, Елбасының тапсырмасымен  өткен жылы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Атырау облыстық қоғамдық кеңесі стратегиялық жоспарларды, өңірлерді дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында қызмет етуде. Облыс әкімінің және оның орынбасарларының қатысуымен жоспарға сай өтетін қоғамдық кеңес отырыстарында  аймақтың денсаулық сақтау саласының жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, фармацевтикалық қызмет көрсету, қоқыс полигондары және өндірістік, тұрмыстық қалдықтарды, сарқынды суларды залалсыздандыру және басқа да өзекті мәселелер қаралып, мемлекеттік жүйелерге ұсынымдар енгізіліп, тиісті шаралар қабылдануына ықпал жасалды.

Тұңғыш Президент күні құтты болсын!

Мұрат ӨТЕШОВ,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы,

Атырау облысының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз