«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» – АТЫРАУДА
Айта кету керек, ғылыми-танымдық керуен көші еліміздегі тарихи-мәдени жерлерді төрт бағытта жүріп өтпек. Бірінші топ солтүстік және орталық өңірді қамтиды. Екінші бағыт – батыс және оңтүстік. Үшіншісі – шығыс және оңтүстік-шығыс бағыты. Ал, төртінші топ Алматы – Қаскелең – Қордай – Мерке – Құлан – Тараз қаласы бағытында жүріп өтеді. Сөйтіп, барлық топ 9 қазан күні Тараз қаласында түйіседі. Осы жерде «Тарих толқынындағы Ұлы Дала» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, экспедицияның нәтижесі бойынша қатысушылардың жазбаларынан тұратын үш томдық күнделік жарық көрмек. Мұндай ауқымды әлеуметтік-тарихи акцияның бабалар рухына тағзым етіп, тарихтан тағылым алу үшін ұйымдастырылып отырғанын айтқан Шыңғыс Жұмабекұлы экспедиция жұмысына сәттілік тіледі. Одан әрі қала қонақтары облыстық тарихи-өлкетану және Шаймардан Сариев атындағы қолданбалы көркемсурет мұражайларын аралады.
Ал, барлығы он үш адамнан құралған атыраулық экспедиция тобының құрамында жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қоғамдық келісім кеңесі, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Төрт күн бойы олар өңірдегі тарихи орындарды аралап, ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттайды, қайталанбас өнер туындыларына куә болады. Сонымен қатар, өңір халқымен Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында кездесулер, Қазақстан мемлекеттігінің негіздері мен Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» атты дәріс-таныстырылымдар мен сұхбаттар, кітапханалар мен мұражайларға құнды кітаптарды сыйға тарту бағытында «Теңдессіз сый» акциялары өткізіледі.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,
«Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени
экспедициясының мүшесі.
(Экспедиция сапары туралы толығырақ газетіміздің келесі санында жарияланады).