ҰЛТТЫҚ САЗ МҰРАСЫНЫҢ САЛТАНАТЫ

облысымызда тағы бір жаңа өнер ұжымы тұсауын кесті
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұмыт болып бара жатқан көне де, дәстүрлі музыканы жаңғырту, жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген іңкәрлігін ояту мақсатында облысымызда құрылған жаңа өнер ұжымы – «Ақ - Ерке Жайық» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің тұсаукесер кеші өтті.

 

Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Алма Андарбаеваның бастамасымен өткен жылдың ақпан айында тоғыз адамнан құрылған «Ақ – Ерке Жайық» фольклорлық-этно-графиялық ансамблі бүгінде біраз байқаулардың жеңімпазы атанып үлгеріпті. Ансамбль құрамы домбыра, шертер, қылқобыз, прима, шіңкілдек, жетіген, адырна, шаңқобыз, сазсырнай, тоқылдақ, дауылпаз, сусылдыр, аса таяқ сынды көне аспаптарды шебер меңгерген. Өнер ұжымы Дағыстан елінде өткен «Дербент – перекресток цивилизации» атты мәдени-тарихи халықаралық фестивалінен, Астрахан облысындағы «Астрахан – многонациональная» фестивалінен де бас жүлдені қанжығасына байлап, мерейі үстем болып оралған.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, композитор, музыка өңдеуші – Бауыржан Ақтай. Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжі мен Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі Бауыржан бұған дейін «Алтын орда», «Бабалар сазы», «Есбай» ансамбльдерін құруға қатысқан. Ол – белгілі музыкант Ринат Гайсиннің «The magic of nomads» әлемдік деңгейдегі ансамблінің мүшесі, «Үйсін», «Қарахан», «Абылайхан», «Жошы», «Сақ», «Ғұн» тарихи кино деректерін түсіруге қатысқан, сондай-ақ, «Бір кем дүние» фильмінің композиторы.
Кеште Бауыржан Ақтайдың «Арнау», халық әні «Қараторғай», «Хәләулім», Дәулеткерейдің «Көроғұлы» күйі ансамбль сүйемелдеуімен көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар, Ақмарал Ноғайбаева Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ-Ерке Жайық» әнін, Дәнеш Рақышевтың «Ән салайынын» халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Венера Маш-қалиева, Сүгірдің «Ілмесін» Айнұр Сакупова да нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осы жолы «Ақ-Ерке Жайық» фольклорлық-этнографиялық ансамблі алғаш рет халық әні «Әләлімді» джаз стилінде орындады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттер Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз