Жарнама
Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛАҒАТЫ

Чусок – корейлер үшін шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды тойлаудан кейінгі маңыздылығы жағынан екінші мейрам. Айтулы күнді егін мерекесі санайтын корейлер осы күні өздерінің бақилық болған ата-аналарын еске алады. Бейіт маңын тазартып, еске алу үстелін жасап, қабір басына егін орағының ең үздік сыйларын қояды. Еске алу шаралары өткеннен кейін, мереке отбасы ортасында жалғасын табады.

Облысымызда өмір сүретін түрлі ұлт өкілдері жиналған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде (Достық үйі) кәрістер ұлттық өнерлерін көрсетіп, ұлттық ойындарын ойнап, көпшілікке ұлттық тағамдарын ұсынды. Мереке концерттік бағдарламамен басталып, корей әндерінен республикалық байқаудың дипломанты Байбақты Ідірбай, «Саранг» хоры, Инга Тұрсынова жетекшілік ететін «Со Куан» би ұжымы, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің, «Татулық» татар-башқұрт орталығының шығармашылық ұжымдары, «Самульнори» барабаншылар ансамблі және басқалар өнерлерін ортаға салды. YTT, WASD, Hell Cats би топтарының жастары заманауи корей эстрадасының бағыты – К-рор стиліндегі билері жиналғандарды таң-тамаша қалдырды. Сондай-ақ, самульнорист барабаншылар шеберлік сағаттарын өткізіп, «оқушылардың» біліктілігін арттыра отырып, шексіз соққыларды санап жатты.

Мереке аясында корейлердің ұлттық киімдері де назардан тыс қалмады – түрлі бояуларға малынған жұмсақ ханбоки матасынан тігілген киімдерді көзбен ғана көруге емес, киіп, естелік суретке түсу де мүмкін болды.

«Тхоньил» ЭМО корей тілінің оқытушысы, Сеул қаласында туып-өскен ЛИ Тэ Ген қонақтарға корей каллиграфиясының ерекшеліктерін көрсетсе, балалар мен үлкендер арқан тарту, қазақтың ләңгі тебуіне ұқсас джеги-чаги, ағаш таяқшаларды кәрзеңкеге түсіру ойындарын ойнап, мәре-сәре болып жатты.

Корей ұлтының түрлі тағам түрлері ұсынылып, аспаздардың шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button