ҰЛТТЫҚ ҚОР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН!
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Нұрлы жол» бағдарламасыбойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мұратбек Қайдаулов баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауына орай, құрылыс басқармасына Ұлттық қор есебінен 2015 жылы 1 201 733,0 мың теңге қаражат қаралған екен. Оның ішінде, Атырау қаласында жалпы алаңы 18,4 мың шаршы метр болатын 255 пәтерлік алты несиелік тұрғын үй құрылысына 580 211,0 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ, Мақат ауданы Доссор поселкесіндегі О.Сарғұнанов атындағы 300 орындық орта мектепке ағымдағы жылы 250 000,0 мың теңге бөлініп отыр. Мемлекеттік сатып алуға жарияланып, үстіміздегі жылдың мамыр айында қорытындысы анықталды. Қазіргі таңда мемлекеттік байқау жұмыстары жүргізілуде. Қаржыландыру осы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жоспарлануда. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының алты нысанын дамытуға 371 552,0 мың теңге қаралды. Қаржыландыру ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жоспарлануда, – деді М.Қайдаулов.
«Нұрлы жол» бағдарламасының алғашқы бағыты бойынша, «Ақтөбе- Атырау-Астрахан» автокөлік жолы еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамытудың басым бағытына енген болатын. Жиын барысында аталмыш бағдарлама бойынша, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Мәселен, республикалық маңыздағы «Ақтөбе – Атырау – Астрахан РФ шекарасы» автомобиль жолының 431 шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде, асфальт жабындысының толықтай тозуы жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде. Жалпы жолдың ұзындығы 893 шақырым болса, оның облыс аумағынан өтетіні–552 шақырым. Ал, «Атырау-Астрахан» бағытында 277 шақырым, «Атырау-Ақтөбе» бағытындағы «Доссор-Мақат» аралығындағы 15,4 шақырым, одан әрі «Мақат — Сағыз» бағытындағы 138 шақырым қанағаттанарлықсыз деп танылған. Бұл туралы Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешев айтып берді.
Баяндамашыдан білгеніміздей, қазіргі таңда республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға «Мақат — Сағыз» аралығының 138 шақырымына жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Соның 10 шақырымына жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталынған, аталған аралыққа биыл қайта жаңғырту жұмыстарын бастау жоспарлануда. Ал, аталған республикалық маңызы бар жолдың «Атырау — Астрахан» аралығының 277 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстарына қажетті жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға мердігер анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе 2012-2020 жылдарға арналған «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасының орындалысыбойынша Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкіннің де баяндамасы тыңдалды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.