Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл қалай өткізіледі?
Биылғы 2017 жылғы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа форматта тапсыратын болады. Басты ерекшелік – жүйенің екіге бөлінуі. Осыған дейін аттестаттағы баға, «Алтын белгіге» деген үміттің ақталуы және жоғары оқу орнына түсу бір ғана ҰБТ-ның нәтижесіне байланысты болатын. Жылдар бойы көпшілік тарапынан «бұл жас түлек үшін писхологиялық жағынан ауыр жүк» деген сын айтылып келді. Осыған орай жылдар бойы білім басқармалары, педагогтар мен ата-аналар қауымдастығы, ҰБТ-ның ұйымдастыру жұмыстарына қатысатын Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде биыл ҰБТ екі кезеңге бөлініп өткізілетін болды.
Емтихан екі кезеңнен тұрады
Бірінші кезең – қорытынды аттестаттау. Ол барлық 11 сынып оқушылары үшін міндетті. Бұл – оқушының жалпы білім беру стандарттарында қарастырылған оқу пәндерін игеру дәрежесін анықтау мақсатында жүргізілетін рәсім. Қорытынды аттестаттау оқушының «еті үйренген» мектебінде өтеді. Ұлттық тестілеу орталығы осы қорытынды мемлекеттік емтихан материалдарын дайындау, материалдарды облыстық білім басқармаларына жеткізумен айналысады. Ал, облыстық білім беру басқармалары емтихан материалдарын сақтап, сынақ өтетін күні білім беру ұйымдарына жеткізеді. Мектепте емтихан өткізетін мемлекеттік комиссия құрылады. Аталған білім сынағын өткізу, нәтижелерін шығару мектепке жүктеледі.
Қорытынды аттестаттау төрт міндетті және бір таңдау пәні бойынша тапсырылады. Ана тілі және әдебиет пәнінен эссе жазуға үш сағат уақыт беріледі. Эссе жазуға дайындыққа үлгі тақырыптар министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының сайтына шығарылады.
Екінші – Қазақстан тарихы пәнінен ауызша емтихан, билет алу арқылы тапсыралады. Оқушыға 20 минут шамасында дайындыққа уақыт беріліп, олар мектептің мөрі басылған таза парақшаларға жауабын жазып, ауызша жауап береді. Бірінші рет алған билетке толық жауап бере алмайтын немесе мүлдем жауап бере алмаған жағдайда екінші рет билет алуға рұқсат етіледі. Алайда, екінші билет суырған жағдайда оқушының бағасы бір бағаға шегеріледі. Бұл шешімді ережеге сәйкес емтиханды қабылдап отырған мемлекеттік комиссия қабылдайды.
Үшіншісі – алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан. Бақылау жұмысына бес сағат уақыт беріледі.
Нәтиже сол күні шығады
Қазақ тілінде оқитын оқушылар орыс тілі пәнінен, орыс тілінде оқытатын мектептер қазақ тілі пәнінен, сондай-ақ, бір таңдау пәні бойынша тест тапсырады. Барлық пәннен емтихан нәтижелері сол күні шығарылып, мектеп бітіруші түлектерге хабарланады. Қорытынды аттестаттаудың барлық емтихандары мектептерде өткізіледі. Тестілеу оқушылар білім алатын орында республика бойынша бір күнде ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Емтихан кезінде қажет болған жағдайда оқушыларға бес минутқа шығуға рұқсат беріледі. Айта кететін жағдай, егер оқушы өзінің алған бағасымен келіспейтін болса, ертеңгі күні таңертеңгі сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін мектепте құрылған комиссияға емтихан нәтижесін қайта қарау туралы өтініш бере алады.
Мектепті «Алтын белгі» бойынша бітірушілерге 5-11 сыныптар аралығында барлық пәндерден қорытынды «бес» деген баға алып, үлгілі тәртіп көрсеткен түлектер жатады. «Алтын белгі» иегерлері қорытынды аттестаттау емтихандарында «өте жақсы» бағаға тапсыруы керек. Үміткерлер тізімін мектеп директорлары 2017 жылдың 12 маусымына дейін бекітулері тиіс. Жоба бойынша қорытынды аттестаттау өткізілу мерзімі республика бойынша 29 мамыр мен 10 маусым арасында деп жоспарланып отыр.
Түгел қатысу міндетті емес
ҰБТ-ға қатысу барлық түлектерге міндетті емес. Егер оқушы жоғары оқу орындарына түскісі келсе ғана, шамамен 10 наурыз-10 мамыр аралығында өтініш тапсырып қоюды ұмытпағаны жөн. Тестілеу мерзімі, шамамен, 20 маусым-1 шілде аралығында өтеді.
Ағымдағы жылдың 20 маусымы мен 7 шілдесі аралығында шығармашылық емтихан тапсыратын мамандықтарға жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өтініш қабылдайды. Педагогикалық мамандықтарға арнайы емтихандарға өтініш қабылдау және емтихандар 20 маусым-18 тамыз аралығында жүргізіледі.
Ақылы оқуға мүмкіндік бар
ҰБТ-да шекті деңгейде балл жинай алмаған түлектер үшін 1-8 тамыз аралығында ақылы түрде кешенді тестілеу тапсырып, жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Екінші рет тестілеуден өте алмаған мектеп бітірушілер жоғары оқу орнына тыңдаушы ретінде қабылданып, бірінші семестр оқығаннан кейін, қыста кешенді тестілеуден өтіп, студенттер қатарына қабылдана алады.
Биылғы оқу жылында ҰБТ жылдағыдай жергілікті Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункті орналасқан жоғары оқу орындары және аудандарда мектептер базасында өтеді. Атырау облысы бойынша жеті ауданда осындай жеті пункт және Атырау қаласындағы екі университетте бір-бірден бөлімше бар.
ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша биылғы мектеп бітіруші түлектер бес пән бойынша тапсырады. Тест тапсырмасын бағалау кезінде туындаған даулы мәселелерді шешу және тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, ҰБТ-ға қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында апелляцияны қарастыру бойынша республикалық комиссия және әрбір пунктте апелляциялық комиссия құрылады.
Тестілеу нәтижелері сол күні жарияланады. Сонымен қатар, тесті нәтижелерін Ұлттық тес-тілеу орталығының www.test-center.kz сайтына кіріп танысуға болады.
Бүгінгі күнде Атырау облысы бойынша барлық мектептерде түлектерді қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындауға арналған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әр ай сайын пункттерде арнайы жасақталған аудиторияларда ҰБТ ережелеріне сәйкес, сынақ байқаулары жүргізіледі.
Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА,
Ұлттық тестілеу орталығының №30 филиал жетекшісі.