Ұлттық бірыңғай тестілеу: қандай жаңашылдық бар?
Келер жылдан бастап елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтеді. Атырауға келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева ұлттық гимназия базасында түлектердің қорытынды аттестациясының өткізілуі және жоғары оқу орындарына түсу принциптерінің ерекшеліктері туралы кеңінен түсіндірді.
Оның айтуынша, жұртшылық ұлттық бірыңғай тестілеуді тек қана жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде қабылдайды.
— Жүйе енгізілгелі алғашқы жылдан бастап бұл тестілеу қорытынды аттестаттау ретінде өзінің функциясын орындамай отыр. Себебі, ешқашан түлектердің 100 пайызы аталмыш тестілеу сынағына қатысқан емес. Жыл сайын ҰБТ-ға қатысудан бас тартатын түлектер саны отыз пайызға жетеді. Осыған байланысты, министрлік бұл емтиханды екіге бөлу жағдайын қарастырды. Яғни, мектепті бітіру және жоғары оқу орындарына түсу үшін екі емтихан өткізілмек. Оның біріншісі – мектепте, екіншісі жоғары оқу орындарында тестілеу негізінде ұйымдастырылады, — деді вице-министр.
Нақтырақ айтсақ, алдымен, түлек бітіру емтиханын мектепте тапсырады. Кейін жоғары оқу орнына түсу үшін де тестілеу негізінде білім сынағынан өтеді. Мемлекеттік гранттарды тағайындау екінші сынақ қорытындысы бойынша жүзеге асырылады.
Министрлік ҰБТ құрылымын өзгерту барысында да үлкен талдамалы жұмыстар жүргізген.
— Бұл өзгерістерді енгізуге түлектерді білімдеріне сай бағалай алмай отырғанымыз, көптеген ата-ана мен мұғалімдердің «ұлттық бірыңғай тестілеу оқушылардың есте сақтау қабілетін жаттықтырғанымен, таза білімін анықтауға мүмкіндік бермейді» деген ойлары түрткі болды. Сондай-ақ, мектеп түлектерінің сынаққа толық қатыспауы – ҰБТ қорытындысы бойынша еліміздегі орта білімнің сапасы туралы тұжырым жасауға болмайтынын анық көрсетті, — деп түсіндірді министрдің орынбасары.
— «Қазақстан тарихы» пәнінен екі рет емтихан тапсыру қаншалықты қажет?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Ел тарихын білу ешқашан көптік етпейді, сондықтан, жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында осындай тұжырымға келіп отырмыз. Ал, «Алтын белгі» табысталатын түлектерді мектептің педагогикалық кеңесі анықтайды, — деді вице-министр.
Жоғары оқу орындарында оқуды жалғастыру үшін техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілер тапсыратын талапкерлерді кешенді тестілеу талаптары да өзгеріп отыр. Бұған дейін колледж түлектері тестті мектеп білімі негізінде тапсырса, жүйенің жаңа форматында колледждерде алынған білім ескеріледі. Кешенді тестілеу барысында талапкерлер алпыс сұраққа жауап береді: 20 тапсырма – жалпы бейінді пән бойынша (бұл тапсырмалар арқылы базалық пән бойынша алынған академиялық білім деңгейі тексеріледі — ред.) және 40 тапсырма – бейінді пәндер бойынша (бұл тапсырмалар тереңдетілген академиялық білім деңгейін, сондай-ақ, тәжірибелік дағды мен ептіліктерін анықтауға бағытталған – ред.). Яғни, талапкер жүз минут ішінде алпыс тапсырманы орындауы қажет.
Сауаттылық бойынша тапсырма оқу арқылы талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау және тағы басқа дағдыларын тексеруге бағытталған. Оны тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ға енгізілу себебі – студентке түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, сол көздерден алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді. Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады.
Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар тек жалғыз дұрыс жауабы бар – 20, сондай-ақ, бірнеше дұрыс жауаптары бар он сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.