Жарнама
Жаңалықтар

ҰЛТ РУХЫНЫҢ ҰЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

Мұхтар Әуезов атындағы театр өнеріне атыраулықтардың ықыласы ерекше

Елдің бас театрының тамаша қойылымдары қоңыр күзбен бірге Атырауға да келіп жетті. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры араға он жыл уақыт салып мұнайлы мекен халқына рухани қуаныш сыйлады. Әлемге аты тараған өнер ұжымы жаңа маусымы Атыраудан басталғанының өзі – елеулі оқиға. Әкемтеатрдың Атыраудағы гастрольдік сапары бейсенбіде «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасымен ашылды.


ЕҢ ҮЛКЕН 
БАҒА – ХАЛЫҚТЫҢ
ЫҚЫЛАСЫ

«Бұл тарихқа енетін күн, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов театр гастролінің ашылу салтанатында. – Қадірменді қонақтарымызға атыраулықтар атынан «Қош келдіңіздер!» деп, қошемет көрсетеміз. Еліміздің қай түкпірінде де үлкен тарихи тұлғалар аз емес. Атырау да сондай өлке. Мұнайлы аймақ халқы он күн бойы академиялық театрдың өнерін тамашалайтын болады. Қонақтарымыздың арасында жеті халық әртісі, 16 еңбек сіңірген қайраткері, есімдері елге таныс тұлғалар, Асанәлі Әшімов ағамыз бастаған бір топ өнер майталмандары бар.
Атырауда өнер үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты арқасында елімізде соңғы жылдары өнер саласына үлкен көңіл бөлініп келеді. Биыл Гиннестің рекордтар кітабына енген мың адамдық оркестр ұйымдастырдық. Қала, аудандардың мәдениет күндерін, форумдар өткіздік. Ұлы өнер жолында жүрген үлкен ұжымды – академиялық театрды қуана қарсы алып отырмыз. Көрермендеріңіз көп болсын».
«Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанның, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов сахна төріне көтеріліп, Атыраудағы театр күндерінің өзі үшін де үлкен маңызға ие екеніне тоқталды. «Халықпен кездесу – біз үшін үлкен бақыт. Әртіске берілетін зор баға – халықтың қол шапалағы. Құрметтеріңізге алғыс айтамыз»,- дей келе өнер қайраткері Атырау жұртына «Өсіңдер, өркендеңдер, өрістеңдер» деп бата берді.
Театр ұжымының атыраулық көрерменге алғашқы тартуы – жерлес жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасы болды. Жүгі ауыр, салмағы үлкен бұл туындыны сахнаға шығарған режиссер де осал емес, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Юрий Ханинга-Бекназар. Қоюшы суретшісі Е.Тұяқов болған драмада ойнаған әртістердің киім үлгілерін суретші Л.Возженикова жасаған. Әуенмен әрлеуші – Е.Есенбаев, балетмейстер – Г.Мұхамеджанова, режиссер ассистенті – А.Сатыбалды.

«БЕЙБАРЫС СҰЛТАН» 
ТУҒАН ЖЕРІНЕ 
ОРАЛҒАНДАЙ

Әуезов театрымен бірге Ақ Жайық жағасына рухани астана атанған Алматының лебі де ере келді. Театр гастролінің «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасымен басталуының өзі бұл шараның маңызын арттыра түскендей. Он жасында жетім қалып, өзге елге құлдыққа сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс есімді Дешті қыпшақ ұланының өміріне негізделген қойылымнан көрермен зор әсермен шыққаны анық. Шебер режиссерлік шешім, шынайы әртістер ойыны, әуезді әуен мен үйлесімді декорация Әуезов театрының өзіндік қолтаңбасын аңғартады.
Бейбарыс сұлтан жайлы білмейтін қазақ жоқ десек те болады. Соның ішінде бұл есім Атырау жұртына етене таныс. Облыстық әкімдік ғимаратының алдында бой көтерген еңселі ескерткіш — құл болып кетіп, Мысыр елінің әміршісіне айналған тарихи тұлғаның берік тұғыры. Ел-жұртының перзентіне деген ақ адал махаббатының көрінісі. Оның сахнадан сомдалған бөлек болмысы, күрес жолы, талайлы тағдыры көрерменді бейжай қалдырмады. Бірде жасындай жарқыраған жас өренмен бірге көрерменнің де рухы асқақтады, бірде ақыл мен айланы тең ұстай білген парасат иесін көріп, өнегесіне қанықты, бірде сезім иірімдеріне шомылды, бірде тақ пен бақтың қатар қонбайтынына назар салып, тағылым алды, әйтеуір қойылым өткен екі сағат уақыт ішінде мың-сан күйді бастан кешті. Тарихтың қатпарына үңіліп, көз майын тауысып, жүрек қылын қозғаған драма авторының да, режиссердің де, жалпы шығармашылық ұжымның көздеген мақсаттарына қол жеткізгендері болса керек, бұл.
Қабілетті қолбасшы, жауырыны жерге тимеген басшы, ұлы әмірші болып, алтын табақтан ас ішсе де, Бейбарыстың бойын кернеген, жүрегіне маза бермеген бір арманы бар еді. Өзгелер үшін елеусіз дүние болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл қаракөктен туған ақсүйек хан баласы үшін құнды болды: туған жердің самалымен тыныстау, туған елдің жүзін бір көру, арманға айналған бір түп жусанды құшырланып иіскеу. Араб дүниесін алапат жау тасқынынан қорғап, айбынын асырған, атағын аспандатқан қайраткерді ол ел де төбесіне көтерді. «Ислам қорғаны» деп атады. Парасаты мен ержүректілігіне тәнті болды.
Алайда, Бейбарыс «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бабалар аманатына қиянат қылғандай күй кешті де тұрды. Сөйтіп, қойылым соңында туған жеріне – Жайық жағасына аттанды. «Кітаптағы кейіпкер мен сахнадағы кейіпкер арасында өзгешеліктер бола береді. Менің жазған туындымда Бейбарыс туған жеріне келе жатқан жолда қайтыс болады. Қойылымда әміршінің арманы орындалып, жұртымен қауышты. Бұл – режиссердің шешімі, — дейді автор Рахымжан Отарбаев. – Тағы бір ерекшелік, сахнада Бейбарыс пен Тәжі Бақыт арасындағы махаббат алдыңғы планға шыққан. Мықты қолбасшы, әмірші Бейбарыс дәл сахнадағыдай сезімге берілмегені анық. Бірақ, режиссердің жұмысына мен араласпаймын. Бүгінгі көрерменге не керек екенін олар анық біледі. Жалпы, ұжым жұмысы көңілімнен шықты».
Құлдан қолбасшыға, қолбасшыдан ел басшысына көтерілген, ішкі жан дүниесі қайшылыққа толы, күрделі бейне — Бейбарыс рөлін сахнада белгілі актер, Жастар Одағы сыйлығының иегері Азамат Сатыбалды шебер көрсете білді. Бала күннен бірге өсіп, сан жаудың бетін бірге қайтарған достары Құтіз (А.Шаяхметов) бен Қалауынның (Е.Дайыров) таққа таласатыны, билік үшін қандыкөйлек жолдастарына опасыздық қылуға дейін барып, ақыры ажал құшатыны ойландырмай қоймайды. Қойылымда ойнаған қай әртістің де өнеріне сын айтуға келмейді, бірінен-бірі асқан шебер, шынайы. Қазір бетті бояп, өтірік жылап көрерменді сендіре алмайсың.
Осы ретте Әуезов театрының актерлерінен алатын үлгі көп екенін байқадық. Әсіресе, бас уәзір Хуанның рөлінде ойнаған Бекжан Тұрыс бұл жолы да өзінің талантымен танылды. Қойылым соңында ақсаңдай басып сахнаға шыққан Хуанды (Бекжан Тұрыс) көрерменнің қалай қошеметтегенін көрсеңіз! Бақтияр Қожа, Дария Жүсіп, Шынар Асқарова секілді басқа да есімдері елге етене таныс әртістер Атырау жұртшылығына әдемі ойын көрсете білді. Бізге, әсіресе, қойылымда Бейбарыс сұлтан өмірінің кейбір кезеңдерін бимен көрсеткен тұстары ұнады. Бұл драманың кілті де, өзіндік жаңалығы да осы болса керек деп түйдік.

Бақытгүл ӘМІРЖАН.
Беттің суреттерін түсірген Ерлан СӘКЕМБАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button