Құлсарыда ауыр қылмыстар саны өскен
Кең Жылыой ауданының әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезекті 13-сессия отырысы өтті. Сессия отырысына аудан әкімі Алимұхаммед Құтұмұратұлы, аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғановтар қатысты. Аудандық мәслихат депутаты Сейтжан Балжігітовтың төрағалығымен өткен отырыста аудандық тұрғын үй-комуналдық және әлеуметтік салалар объектілерінің 2017-2018 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы тыңдалды.
Бұл бағытта аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ернар Ысмағұл баяндама жасап, ауданның жылыту маусымына дайын екендігін жеткізді. Көпқабатты үйлерде жеке жылыту қазандықтарын орнатып алған тұрғындарға «Жылыойгаз» ЖШС тарапынан ескертулер беріліп, осы үйлерде орналасқан кәсіпкерлік нысандардағы газ жүйелеріне пломба салынған. Жарыссыөзге шыққан депутат Халел Жамалов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалауға шақырды. Депутат Айтпай Сисенов қаладағы кейбір жерлерде жылу құбырлардың ескі екенін, сондықтан апат орын ала қалған жағдайда қажетті материалдар қазірдің өзінде дайын болу керектігін ескертті. Сонымен қатар қала ішіндегі қоғамдық көліктер, тазалық мәселесін де атап өтті. «Жылыой тазалық» мекемесінің қатты тұрмыстық қалдықтарын алу мен автобустардың жүру кестесін аудандық газет беттеріне жариялап халықты ақпараттандырып отыруды ұсынды.
Депутат Сәуле Мамбетова қалада автокөлік кептелісін болдырмау мақсатында Құрсай өзегінің үстінен көпір салу мәселесін көтерді. Депутат Үмбетқали Жақашев келер жылы ауданда құрылыс жұмыстары көбейетіндіктен сәулет пен құрылыс бөлімдерін бөлек ашуды ұсынды.
Жергілікті полиция басшысы Сағын Доржиков атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, қазіргі таңда кадр мәселесі өзекті екенін жеткізді. Оның айтуынша былтыр 557 қылмыс тіркелсе, биыл 357 қылмыс тіркелген. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда ауыр қылмыстар саны өсіп отырған көрінеді.
Аудан әкімі жылыту маусымында атқарылатын жұмыстар үнемі аудан әкімдігінің қадағалауында болатынын, осы бағытта аудан азаматтарын да бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін айтты. №3 сайлау округінің депутаты С.Жұмағалиеваның депутаттық қызметі жөніндегі есебі, қала әкімі Шәкір Кейкин қаланы абаттандыру бағытындағы жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Қаланы абаттандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға орай халық қалаулылары өз ой пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Қайрат ДҮЙСЕНБЕТОВ.