Құлсарыда қала күні жоғары деңгейде аталып өтті
Қара алтын астанасы атанған – Құлсары қаласы өзінің мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Осыдан 16 жыл бұрын «қала» деген статусты алған, бүгінде моноқалалар қатарына енген Құлсары әрбір жылыойлықтың мақтанышы. Мейрамға орай аудан көлемінде түрлі спорттық шаралар мен орталық алаңда үлкен концерт өтті. Онда елімізге танымал әнші Серік Ибрагимов өнер көрсетті.
Концертті тамашалау үшін тұрғындар алаңға көп жиналған. Құлсарылықтардың көңіл күйі көтеріңкі. Ауа-райынан да қуаныштың лебі есіп тұрды.
Жылыойлықтарды мерекемен құттықтау үшін аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлы сөз сөйледі: «Қаламыздың бүгінде ірі өндірістік кәсіпорындар шоғырланған, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан, болашағы зор қала екенін нық сеніммен айта аламыз. Елбасының шағын қалаларды дамыту бастамасымен Құлсары қаласы республикадағы моноқалардың қатарына кіргені өздеріңізге белгілі. Осыған байланысты алдағы жылдарда қаланы дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру бағытында біраз жұмыстар атқару жоспарланып отыр,-деді аудан әкімі.
Бұдан соң кіші аяқдоптан өткен аудандық үшінші ашық лига чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Үшінші орынды «Геолог» командасы иеленсе, жүлделі екінші орынды «Мако» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрама командасы жеңіп алды. Ал, «Медина» командасы бәрінен де үздік деп танылды. Енді бұл жеңімпаздар Атырау қаласындағы облыстық чемпионатқа қатысатын болады.
Перизат ҚИЗАТОВА