
Лондонда атыраулық ақын Гүлзада Ниетқалиеваның кітабы жарыққа шықты (ФОТО)
Ұлыбритания астанасы Лондонда атыраулық ақын Гүлзада Ниетқалиеваның «Жүректегі иман гүлі» атты кітабы жарыққа шықты. Туынды Еуразия шығармашылық гильдиясының қолдауымен Лондонда басылған.
Биылғы жылы қазан айының 10-13 аралығында Лондонда әдебиет күндері өткен еді. Аталған шараға «Bestseller.kz» бірінші қазақстандық әдеби агенттіктің сараптауынан өткен ақын-жазушылар қатысқан.
Еуразия шығармашылық гильдиясының бастамасымен оқырманға жол тартқан жаңа кітаптардың алғашқы сериясына Еуразия құрлығындағы ақын-жазушылардың 9 кітабы еніп отыр. Оның ішіндегі бесеуі Қазақстанға тиесілі. Атап айтар болсақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбектің «Көк түрік — Көк бөрі» дастаны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, ақын Нәзікен Алпамыстың «Қия жол ғұмыр» өлеңдер жинағы, жазушы Сәуле Досжанның «Сағыныш» повесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Тағдыр» повесі және атыраулық ақын Гүлзада Ниетқалиеваның «Жүректегі иман гүлі» атты мінәжат дастаны.
Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығында жерлесіміз Гүлзада Ниетқалиеваның таныстырылған кітабы әзірге қазақ тілінде шығарылған. Бірақ, алдағы уақытта ол ағылшын тіліне аударылып, әлемнің барлық мемлекетіне таралатын болады.
Айдос Қарабала