ҮЛКЕН ҮМІТ ЖОЛЫНДА
Түстен кейін Әнуар Сариев пен бапкері Жандос Қияновты Атырау қаласының әкімі, облыстық дзюдо федерациясының президенті Нұрлыбек Ожаев қабылдады.
— Бұл жетістігің арқылы Атырау өңіріне үлкен қуаныш сыйладың. Жанарыңның кемістігіне қарамастан, тек облыстың ғана емес, еліміздің абыройын асырдың. Енді Олимпиадаға дейін күнтізбелік жоспарға сәйкес дайындық жаттығуларын жүйелі жүргізу керек, — деді шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы және әлемдік додаларда еліміздің мәртебесін көтеріп, даңқын аспандатып, байрағын көтергені үшін алғысын білдіріп, сый-сияпат табыстады.
Әнуардың дзюдо күресімен айналысып келе жатқанына 13 жылға таяп қалды. Ал, осыдан үш жыл бұрын жол-көлік апатына ұшырап, көзінен зақым алған. Кездесу барысында ол және жеке бапкері Ж.Қиянов қала, облыстық федерация басшыларына сенім білдіргендері үшін алғыс білдіріп, паралимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалатындарын жеткізді.
Сондай-ақ, қабылдауға қатысқан демеуші Гариб Гарибов та Әнуарды жеңісімен құттықтап, алға қарай да қолдау көрсетіп отыратынын айтты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.