Жарнама
Жаңалықтар

ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ – ОТАН ТІРЕГІ

Сайыскер отбасылар өздерін таныстырудан, өнерлерін, қолөнер бұйымдарын көрсетуден, тапсырма орындаудан сынға түсті. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, біз бұл күні әуелете ән сала алатын, тамылжыта күй шерте білетін, мың бұрала би билейтін, тіпті спорттың сан түрімен айналысатын балалар мен олардың әке-шешесін, үлкен атасы мен әжесін көріп, сүйсіндік. Наурыз айында өтіп жатқан шара болғандықтан, олардың бәрі де ұлттық ою-өрнекті киімдермен келіпті.
Бір жақсысы, қай шаңырақта да екеуден, үшеуден, бесеуден бала өсіп келеді. Отбасыларының түтін түтетіп отырғандарына да оннан он жеті жылға дейінгі кезең артта қалыпты. Көрермендер, әсіресе, бала-шағасымен қоса әке-шешелерінің де би билегендері үшін Ибрашевтар отбасына ұзақ қол соқты. Жолшыбековтердің атасы мен әжесі немерелерімен қосыла ән салса, Ғалымжановтардың ұлдары таэквондо соққыларын көрсетті. Ал, Өтеулиевтердің ұлы өз жүрегінен шыққан жырларын оқыса, Әділғалиевтердің қызы Аделя әдемі даусымен «Армансыз күнім болмайды» әнін кәнігі әншілердей әп-әсем орындап берді. Аналары болса, ақын Мұхтар Шахановтың «Ғайша жеңгей» поэмасына сахналық қойылым көрсетті.
Сайыстың «қолөнер бұйымдары» бөлімінде әрбір отбасы өздерінің қолдарынан шыққан заттарды көрсетіп, оларды қалай жасағандарынан хабар берді. Олардың бірі қолдан түнгі шам, сандық пен киіз үй істеген болса, енді бірі көрпелер мен тоқыма бұйымдар, бисерден түрлі әшекейлер жасаған. Бір сөзбен, отбасылардың бәрі де сайысқа тыңғылықты дайындалып келген. Мұны слайд арқылы көрсетілген бейнебаян мен отбасылық суреттерден де көруге болады. Бес шаңырақтың да өздеріне тән ерекшеліктері, дағдылары мен дәстүрлері бар екен. Дегенмен, олардың болашақ ұрпақты жағымды мінезбен, қазақы дәстүрмен имандылыққа, кішіпейілділікке, адалдыққа тәрбиелеп отырғаны жан сүйіндірді.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, сайыс қорытындысында бас жүлде – Ибрашевтар, бірінші орын – Жолшыбековтер, екінші орын – Әділғалиевтер, үшінші орын Ғалымжановтар мен Өтеулиевтер отбасыларына бұйырды. Оларға аталған мектептің директоры Дәмелі Ізбасқанова, қалалық білім бөлімінің қызметкері Жұмазия Жолмұқанова ізгі тілегін жолдап, сайыскерлерді Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ал, бас жүлдені иеленген Ибрашевтар отбасы алдағы мамыр айында өтетін облыстық байқауға қатысатын болды.

Лиза СЕЙТІМОВА.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button