Лейпциг кубогы: Атыраулықтар — күміс жүлдегерлер
Жуырда хабарлағанымыздай, Атырау параволейбол командасы Германияда өткен «LE-CUP IM SITZVOLLEYBALL» турниріне қатысуға аттанған болатын.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын додаға осы жолы 12 команда қатысты. Олардың ішінде әлемнің ең үздік деген командаларының бестігіне енетін және паралимпиада ойындарына қатысушы клубтар бар.
Атыраулық волейболшылар финалда «BV Leipzig» командасынан ұтылды. Ойын тартысты өтті. Жерлестеріміз соңғы секундтарға дейін жеңіске ұмтылды. Дегенмен, екі ұпай ғана ойын тағдырын шешіп тастады.
— Біз жарыстың алғашқы күні бұл команданы жеңгенбіз. Кейін финалда жолдарымыз қайта түйісті. 32:30 есебімен турнир иелері жеңіп кетті. Бірақ, ойыншыларымыз жеңісті оңайлықпен берген жоқ. Мұны ойын нәтижесіндегі есептен байқауға болады, — дейді құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.
Айта кетсек, «BV Leipzig» — Германия елінің ең мықты ойыншылары жиналған ұлттық құрама. Осыдан төрт жыл бұрын Лондон Олимпиадасына қатысып, қола жүлдегер атанған еді.
Тағы бір айта кететін жайт, осы турнир барысында жерлестеріміз Паралимпиада ойындарында бесінші орын алған Украина құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіске жеткен. Матч қорытындысы 3:0 есебімен аяқталды. Ал, Еуропадағы мықты командалардың бірі Хорватия құрамасы Атырау волейболшыларынан жарыстың бірінші күні 2:0, екінші күні 2:1 есебімен ұтылған.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.