Әлеуметтік төлем кімдерге тиесілі?
Әлеуметтік төлем саласындағы жаңашылдыққа орай, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнайы семинар ұйымдастырды. Аудандық (қалалық) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталықтарының, ауылдық округтердегі осы салаға жауапты мамандар қатысқан шарада жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізудің тетіктері айтылды.
Сондай-ақ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон, Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменттері өкілдері қатысып, зейнетақы мәселелері және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша баяндама жасады.
Семинар соңында брифинг ұйымдастырылып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев төмендегідей сұрақтарға жауап берді.
— «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарының 84 қадамында «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру» мәселесі көзделген. Осы бағытта қандай жұмыстар ұйымдастырылып жатыр?
— «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 84 қадамын іске асыру бағытында арнайы Заң қабылданды. Бұл Заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін болады. Осы аталған Заңға сәйкес, бүгінгі күні жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленіп отырған:
— мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
— 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
— республикалық бюджет қаражаты есебінен төленіп отырған төрт және одан да көп 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатылып, олардың орнына жаңа нұсқадағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленетін болады.
— Мұндай жаңа әлеуметтік көмекті енгізудің мақсатын қалай түсіндіре аласыз?
— Әлеуметтік көмектің жаңа түрін енгізудің басты мақсаты – бұл аз қамтылған отбасылардағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, жеке кәсіппен айналысу, жеке шаруашылығын дамыту арқылы табыс көзін молайту нәтижесінде кедейлік деңгейінен шығару, сондай-ақ, әртүрлі себептермен қоғам өмірінен шеттеп қалған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу шараларына тарту арқылы олардың қоғам өміріне белсене араласуына жәрдемдесу.
— Жаңа әлеуметтік көмек қалай төленеді?
— 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төленетін жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларына беріледі. Бұл көмек шартты және шартсыз ақшалай көмек болып екі түрде тағайындалатын болады.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті немесе жалғыз тұратын табысы аз адамдарға, отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшелері бірінші, екінші топтағы мүгедектер болған жағдайда, жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекті, бөгде адамның күтіміне мұқтаж қарт адамдарды бағып күтетін табысы аз отбасыларға шартсыз ақшалай көмек көрсетіледі.
Ал, шартты ақшалай көмек – бұл жалғызілікті немесе отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар, табысы аз отбасыларына олар жұмыспен қамту шараларына, қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетілетін болады. Бұл кезде міндетті түрде отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шарты жасалады. Келісім-шарт бойынша шартты ақшалай көмекті алушы отбасы қиындықтарды жеңу үшін өзінің әлеуметтік белсенділігін арттыруға міндеттеме алады.
Шартты ақшалай көмек үміткердің өтінішіне қарай ай сайын немесе үш айда бір рет төленеді. Біржолғы берілген шартты ақшалай көмектің сомасы отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шарты бойынша міндеттерді орындауға, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға жұмсалуға тиіс болады.
— Аталған заңдылықтарды іске асыру бағытында бүгінгі таңда қандай жұмыстар жасалып жатыр?
— Отбасының белсенділігін арттыру әлеуметтік келісім-шарты негізінде табысы аз отбасыларға шартты ақшалай көмек енгізу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама «Өрлеу» жобасы жұмыс жасауда.
2015 жылдың 1 шілдесінен бастап «Өрлеу» жобасы облысымыздың Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласында пилоттық режімде енгізілді, аталған жобаға 22 отбасы – 129 адам қатысып, оларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 млн. теңге қаржы төленді.
Жобаны жүзеге асыру барысында бұл отбасылардағы 24 жұмыссыз жұмыспен қамту шараларына тартылды.
2016 жылы «Өрлеу» жобасы пилоттық режімде облыстың қалған аудандарына енгізілді. Жобаға облыс бойынша 857 адамнан тұратын 143 аз қамтылған отбасы тартылды. Жобаға қатысқан отбасылардағы 177 жұмыссыздың барлығы да жұмыспен қамту шараларына қатыстырылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен – 25,6 млн. теңге, республикалық бюджеттен – 24,1 млн. теңге, барлығы 49,7 млн. теңге қаржы бөлінді.
Ағымдағы жылы «Өрлеу» жобасын жүзеге асыруға барлығы 109,5 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Сондай-ақ, облыс көлемінде 2018 жылдың қаңтар айынан бастап енгізілетін жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын, олардың жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік бейімдеу шараларына мұқтаждығын анықтау мақсатында үй аралау тәсілімен мемлекеттік балалар жәрдем-ақысын алушылар мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы көп балалы отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— «Өрлеу» жобасына кімдер қатыса алады?
— Бүгінгі таңда «Өрлеу» жобасына отбасының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен отбасылары қатыса алады. Жобаға қатысқан отбасына ай сайын шартты ақшалай көмек көрсетумен қатар, отбасындағы еңбекке қабілетті мүшелері жұмысқа орналасуға, мамандық алуға, қосымша мамандық алу үшін қайта даярлықтан өтуге мүмкіндік алады.
* * *
Аталған шарада Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Тимур Естебаев та қойылған сауалдарға жауап берді.
— Бүгінгі таңдағы ең жоғары және ең төмен зейнетақы төлемінің мөлшері қандай?
— Максималды зейнетақы төлемінің мөлшері – 69772 теңге. Минималды зейнетақы төлемінің мөлшері – 28148 теңге. Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 12802 теңге.
— Зейнетақы төлемін тағайындаған жағдайда жалпы еңбек өтіліне не кіреді?
— Зейнетақы төлемін тағайындаған жағдайда әйелдердің жалпы еңбек өтіліне, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, бала күтімінде болғандығы және күндізгі оқу бөлімінде оқыған кездері кіреді. Ерлердің жалпы еңбек өтіліне 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, күндізгі оқу бөлімінде оқығандығы және әскер қатарында болған уақыты кіреді.
— Зейнетақыны толық көлемінде тағайындаған жағдайда жалпы еңбек өтілі неше жыл болуы тиіс?
— Зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылдың 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі әйелдерге – 20 жыл, ерлерге 25 жыл болуы шарт.
— Зейнетақы төлемдері қандай уақытқа дейін төленеді?
— Зейнетақы төлемдері тағайындалған жағдайда өмір бойы төленеді және мұрагерлікке қалдырылмайды.
Гүлзада Ниетқалиева