Жарнама
Жаңалықтар

Әлеуметтік реформалардың жаңалығы неде?

Жеңілдікпен берілетін үйлер кімдерге тиесілі? Кімдер уақытша тіркеледі? Коллекторлық компаниялардың қызметі қалай реттеледі? Мемлекеттік қызметтің қандай түрлерін гаджеттің көмегімен алуға болады? Аймақтық коммуникациялар қызметінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаттары осы сұрақтарға жауап берді.

????????????????????????????????????

Жеңілдікпен берілетін үйлер кімдерге тиесілі?

Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраевтың айтуынша, пәтер алам деушілерге «Нұрлы жер» бағдарламасы төрт жол ұсынып отыр.

1 Екінші деңгейлі банктерден ипотекалық несие алу арқылы баспаналы болу. Несие 17%-дық мөлшерлемемен беріледі. Бірақ, оның 7%-ын мемлекет субсидиялайды.

2 «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 5%-дық мөлшерлемемен  несие алуға мүмкіндік бар. Несиені 15 жылға дейін алуға болады.

3 Жеке тұрғын үй саламын деушілерге де 17%-дық мөлшерлемемен несие беріледі. Жаңалығы сол, оның 7%-ын мемлекет субсидиялайды.

4 Әлеуметтік үйлер. Бұл категориядағы баспаналар ең алдымен, І топ мүгедектеріне, жетім балаларға, яғни, әлеуметтік жағынан аз қамтылған сатыдағы азаматтарға тиесілі.

Ал, жер телімі инженерлік-инфрақұрылымдық мәселелер толық шешілгеннен кейін ғана бөлініп беріледі.

Коллекторлар енді қысым көрсете алмайды!

Коллекторлық компаниялардың қызметін реттейтін заң жобасы қазір Парламент қарауында жатыр. Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман коллекторлардың қызметіне қоғамда наразылық байқалатынын атап өтті.

Сонымен, коллекторлық компаниялар негізінен екінші деңгейлі банктермен арада келісім-шарт жасасу арқылы жұмыс істейді. Яғни, олар несие өтей алмай жүрген азаматтармен ортақ тіл табысып, проблеманың тиімді шешілуіне ықпал етуге міндетті. Бірақ, коллекторлар енді борышкерге әр айдың отыз күні сайын толассыз қоңырау шала алмайды. Қазақша айтқанда, борышкердің қыр соңынан қалмай, адами құқығына қол сұғуға заңмен тыйым салынады.

1 Коллекторлар борышкерлерді сенбі, жексенбі күндері мазалай алмайды.

2 Аптаның кез-келген күніндегі жұмыстан тыс уақытта да қоңырау шалуға заңмен тыйым бар.

3 Коллекторлар борышкерге бір күнде үш реттен артық телефон соға алмайды» деп атап өтті мәжілісмен Кәрібай Мұсырман.

Мемлекеттік қызметті гаджеттен де аласыз

Жаңа құрылым«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнетақы, жер, жылжымайтын мүлік мәселелері бойынша «бір терезе»  көмегіне жүгінуге мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде, халыққа жедел көрсетілетін қызмет түрлері 80 пайызға дейін ұлғайды.

1 Корпорация азаматтарға таңғы сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қызмет етеді.

2 Сенбі күндері де азаматтар үшін есік ашық.

3 Мекеменің барлық филиалдары түскі үзіліссіз жұмыс істейді.

4 Мемлекеттік қызмет түрлерінің 215-ін корпорация филиалдарынан, 315 түрін электронды түрде, яғни, компьютер мен гаджеттердің көмегімен, үйде отырып-ақ алуға болады» деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина. Тағы бір жаңалық, шалғай елді мекен тұрғындарына «Қазпошта» бөлімшелері көмекке келеді.

Алғашқы жарна – 1 шілдеден!

2018 жылдан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бірақ, алғашқы жарна  2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жинақтала бастайды. Осы мақсатта арнайы қор да құрылған. «Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласымен бірге, мемлекеттік және жекеменшік клиникалар дайындықтан өтіп жатыр. Жеке клиникаларға аккредитациядан өту міндеттелді. Мақсат – медициналық қызметтің сапасын арттырып, қолжетімділігін қамтамасыз ету» дейді Парламент депутаты Зәуреш Аманжолова.

 

Бақытгүл ХАМЕНОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

Заң қабылдауға барша азамат қатыса алады

Парламенттің кіші палатасында қазір қолданыстағы экологиялық заңнаманы жетілдіру мәселесі қаралып жатыр. Заң жобасы елді мекендерді қалдықтардан арылтуды, шағын және орта бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуды, жалпы, қоршаған ортаны мей-лінше қорғауды көздейді. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР кодексінің жобасы да  талқылануда. Кез-келген азамат өз ұсыныс-пікірлерін Мәжіліске жолдай алады.

 

Бейбіт МАМРАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

Түсінік жұмыстары жетпей жатыр

Азаматтарды уақытша тіркеу  – ең алдымен қауіпсіздіктен туындап отырған мәселе. Ал, бұқара арасындағы түрлі пікірлер түсініс-пеушіліктің салдары деп ойлаймын. Бұл мәселеге байланысты Үкіметтің кезекті отырысында нақты нұсқаулар берілді. Тиісті органдар түсінік жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Айта кету керек, ал-ғашқы айда ешқандай азаматқа айыппұл салынбайды. Міндетті түрде тіркелу туралы талап туысының үйінде жүрген ағайындарға қойылмайды.

 

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

Бейпіл сөзбен былғанбаса…

Қазір бала-шағамен отырып кино қарау қиын болып барады. Фильмдерде бей-әдеп, бейпіл сөздер өте көп. Сондықтан, жалғыз мәдениет туралы ғана емес, телерадио туралы да заңға өзгеріс енгізуді ұсынған болатынмын. Мәдениетке қатысты ұсынысым заң жобасының бірінші оқылымында мақұл-данды.  Ал, кино, жалпы телерадио саласына байланысты әлде де сараптама жұмыстарын жүргізу қажет. Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі «ҚР Кинематография туралы» заң жобасын дайындауда. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.

Айта кету керек, 2014 жылы Ресей елінде осындай заң қабылданды. Бейпіл сөздерді тыюды заңмен талап ету көрші елде жаман нәтиже берген жоқ.

«Парламент мінберінде қабылданып жатқан заңдардың барлығы – бұқараның өмір сүру деңгейін жақсарта түсуді көздейді» дейді депутаттар.

Азаматтық қоғам қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі десек, ендігі жерде бұқара заң жобаларын талқылау үрдісіне тікелей қатыса алады. Тіпті, өз ұсыныс, пікірлерін енгізуге де мүмкіндік бар. Парламент бүгінде онлайн режимге көшкен. Демек, кез-келген заңның шынайы жұмыс атқаруына сіз бен біз мүдделі болуымыз керек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button