Латын әліпбиі: оңтайлы қадам, оң бағыт
Қоғам талқысына түскен латынға көшу мәселесі ешбір қазақстандықты бей-жай қалдырмағаны қуантады. Өз басым, бұл бастаманы толығымен қолдаймын. Рухани тұрғыдан алсақ та, әлемдік маңызда сараласақ та, оң шешім боларына шүбә жоқ.
Ашығын айтар болсақ, түбі бір түркі халықтарының діні ғана емес, тілі де бір болуы олардың біртұтастықтарын нығайтқан жөн. Оның үстіне, сол түркі халықтарының басым бөлігі латын қарпіне әлдеқашан көшкенін ескерсек, бұл бастаманың біз үшін маңызы зор. Ал, әлемдік деңгейде ойлар болсақ, латын қарпін енгізу арқылы дүниежүзі халықтарының басын біріктірген таза ағылшын тіліндегі символдарды пайдалану мүмкіндігіне ие боламыз. Яғни, кез-келген әлемдік аренада барлық техниканы емін-еркін игеріп, өзгелермен иық тіресе жүріп қарым-қатынас жасай аламыз. Орыстың кирилл қарпін немесе басқа да тілдердің бағдарламасын техникаға енгізіп әуре болмай, қолданыстағы қаріптерді қолданамыз.
Дегенмен, орыс, қазақ мектептері деп бөлмей, барлығын бір уақытта латын қарпіне көшіру керек деп ойлаймын. Олай болмаған жағдайда, қанша жылдан бері орыстың кирилл қарпіне әбден көндігіп қалған кейбір ата-аналар балаларын орыс мектептеріне беруі әбден мүмкін. Бүгінде елімізде қазақ мектептерінің саны жыл санап артып келеді. Замана көшінен қалмай, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ендеше, бүгінде әлем халықтарының 80 пайызы көшкен латын қарпін бізге де неге қолданбасқа?!
Қилымғали Қайненов,
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.