ЛАҢКЕС 20 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

19 қараша күні Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты лаңкес Орынбасар Мұңатовты 20 жылға соттады. Экстремистік пиғылдағы діни теріс ағымның өкілі жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды. Дүние-мүлкі де тәркіленіп отыр.
Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, 26 жастағы О.Мұңатов – Атырау қаласының тұрғыны. 2009 жылдан бүгінге дейін ел аумағында теріс ағымдағы діни идеологияны ұстанып, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.
- Атап айтқанда, ҚР ҚК 233-2-бабының 1 және 2-бөлімінде («Лаңкестік топты құру, басқару және оған қатысу»); 233-3-бабының 2-бөлімінде («Экстремистік немесе террористік қызметті қаржыландыру»); 233-бабы 2-бөлімінің «а»-тармағында («Бірнеше рет лаңкестік іс-әрекет жасау»); 24-бабы 1 және 3-бөлімі және 28-бабы 3-бөлімі, 233-бабы 2-бөлімі «а», «б»-тармақтарында («Нақ сол қылмысты азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолдана отырып бірнеше рет жасау») қарастырылған қылмыстарды жасағаны үшін айыпты деп танылды, - деді облыстық соттың өкілі.
Сот отырысы жабық түрде өтті. Баспасөз хатшысының пікірінше, іске қатысты барлық материал сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін берілетін болады.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз