ҰЛАҒАТ ИЕСІ
Өмір бойы өз ісіне адал берілген азамат зейнет жасында жүрсе де, қызметтен қалмай, осыдан бес жыл бұрын ғана сүйікті ісімен қимай қоштасты. Ұлағатты ұстазбен әңгіме барысында бізді таңғалдырғаны сол, ол осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын өткізген әр сабағын есте сақтап қалған.
– Бұрын мектепке сегіз жастан бастап қабылдайтын. Бұл жаста әр бала, әрине, білім алуға, оқу бағдарламасын меңгеруге толық дайын болады. Ал, қазір бес жастан қабылдап жатады. Бұл – әлі сәби ғой. Өзімнің сабақ үлгерімім жақсы болып, мәнерлеп оқу үйірмесіне қатысып жүрдім. 1941 жылдың маусым айында Махамбет ауданындағы Бақсай орта мектебінің ең үздік оқушыларының бірі ретінде «Артек» бүкілодақтық пионерлер лагеріне демалуға шақырту алдым. Оған жетудің өзі ол кезде үлкен мәртебе болатын. Сондықтан, бұған дайындықтың өзі үлкен жауапкершілік жүгін жүктеді. «Артекке» мені аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ағибаш Бисәлиева мен комитет инспекторы Қазиш Ақтаев дайындады. 21 маусым күні Гурьев қаласына келіп, вокзалға қарай бет алдық. Алайда, бір адам келіп, жолға шықпайтынымыз туралы айтты. Өйткені, соғыс басталып, Мәскеуден балаларды Артекке жіберу қауіпті екендігі жөнінде арнайы телефонограмма келген екен.
Отбасымызда тоғыз бала тәрбиелендік. Әкеміз Кәкіш Жұмашев көкөністерді дайындау қызметімен айналысса, анамыз Сәбира үй шаруасында болды. Біз қазан-қараша айларынан бастап 1 мамырға дейін оқитынбыз. Қалған жартыжылдықта егістікте еңбек еттік — тары егіп, шөп шауып, өнім жинадық. Тіпті, алғашқы салқындық түскен күндерге дейін мектепке жалаң аяқ барған күндеріміз есімде. Қара сия да болмағандықтан, тарыны қуырып, түйіп, оны сумен араластырып, қара қою сұйық ботқа дайындайтынбыз. Ол қара сияға өте ұқсас болды, сондықтан, сол ботқаны сия ретінде жазуға пайдаланып жүрдік. Бір сыныпқа арналған бір кітапты барлығымыз кезекпен оқыдық, — деп еске алады ардагер.
1944 жылы мәнерлеп оқудан облыстық олимпиадада жүлделі І орынды жеңіп алған Шәміл Кәкішевке сыйға Алғыс хат пен 50 рубль сыйақы ұсынылады. Бұл сыйақы сол қиын-қыстау кезеңде отбасы үшін үлкен көмек болған. Осы жетістік арқылы ол өмірде тұлға болып қалыптасу, қоғам мен елге пайда әкелу, адам қатарына қосылу үшін ең алдымен көп еңбектену керектігін 14 жасында-ақ жіті түсініп, санасына сіңірген. Бұл аксиома оны өмір бойы жетелеп келді.
Ұстаз болу оның бала кезден арманы еді. Ауылдың кітапханасы кітап қорына өте бай болатын. Бос уақытында кітапханаға жиі бас сұғатын Шәміл Кәкішев жан-жақты, білікті, көп оқыған азамат болып ержетті. Сондықтан, ол 17 жасында мектеп табалдырығынан түлеп ұшқанда өз болашағын педагог мамандығымен байланыстыратынын анық білген.
Соғыс аяқталып, Жеңіс туы желбіреді. Ұрыс даласына аттанған оның төрт ағасының үшеуі майданнан оралмады.
1949 жылы Шәміл Кәкішев Гурьев педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, қолына дипломын алып шығады. Өзі оқыған Бақсай орта мектебіне жіберіліп, еңбек жолын бастайды. Мұнда әр түрлі қызметте — бастауыш сынып мұғалімі, балалар үйінде тәрбиеші, жоғары сынып оқытушысы, директордың орынбасары, кейін директор болды. Әскер қатарына да шақырылып, Отан алдындағы борышын адал өтеп келеді. Ал, 1986-1995 жылдар аралығында Махамбет аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып шығады.
Өзінің сыныптасы болған Сахан Күтімовамен бірге отбасын құрып, төрт ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда 16 немере мен он шөбере сүйіп, әулеттің ақсақалы атанып отыр.
– Маған «нағыз педагог қандай болуы керек?» деген сұрақты жиі қояды, — дейді сексеннің сеңгірінен асқан ардагер. – Ең алдымен, баланы сүйіп, құрметтей білу керек. Оқытушының оқушымен өзімен тең дәрежеде сөйлесіп, тіл таба білуі маңызды. Қалыптасып келе жатқан бүлдіршін ұстазбен арадағы тепе-теңсіздікті сезінбеуі керек. Әр ұстаз өз шәкіртіне сеніммен қараса ғана бұл баладан үлкен адам шығады. Сонымен қатар, әр ұстаз үшін маңызды кеңес — әр баланың отбасылық әлеуметтік жағдайын және тәрбиесін зерттеп, білу, оның ата-анасымен жиі тіл табысу, әр баламен жекелей жұмыс жасау қажет. Бұған қоса, баланың мүмкіндігін де бақылаған артық етпейді. Мұны баламен сөйлесу арқылы аңғаруға болады. Егер ұстаз балаға дұрыс қарайлап, «тілін тауып» білсе, шәкірт те оған қарай бет алады, білімге деген құлшынысы арта түседі. Сол арқылы оның дұрыс мамандық таңдауына мектеп қабырғасынан бастап әсер етуге болады.
Ұстаздың философия, логика және психологияны терең меңгеруі аса қажет. Бұл бағыттар педагогикалық қызметте тәжірибе барысында өте қажет. Қазіргі заман – тек білімге сенетін заман. Сондықтан, әр оқушы өзінің біліміне сай баға алуы керек. Бұл, әсіресе, жоғары сыныптарда аса маңызды. Баланы немесе оның ата-анасын жақсы танығандықтан, оған жоғары баға қою — қате. Сол қателік арқылы баланың болашағын бұзып алу қаупі бар. Кейін ол өзін жоғары бағалап кетуі ықтимал. Міне, оқушының ҰБТ кезінде өз білімін дәлелдей алмауы — білімін асыра бағалаушылықтың нақты салдары.
Тағы бір баса назар аударатын жайт — жоғары сыныптарда ұстаздардың міндетіне кірмесе де, балаларды кәсіби даярлықтан өткізу керек. Өйткені, баланың мүмкіндігін, қызығушылығын он бір жыл бойы оқытқан ұстазынан артық ешкім білмейді. Сондықтан, дер кезінде оны дұрыс бағытқа сілтеу ұстаздың бір міндеті деп білемін.
Қазір Шәміл Кәкішев – құрметті еңбек демалысында. Десек те, ол – әлі де қоғамда жас ұрпақ тәрбиесіне салмақты ойы мен толайым тілегін айтып, үлесін қосып жүрген аймақтың ардақты ағаларының бірі.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттер Шәміл Кәкішевтің жеке мұрағатынан алынды.