Ұлағат
«Ұстаздық – ұлы да, құрметті мамандық. Өйткені, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз тәрбиелейді. Өмірде ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстазды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген екен Бауыржан Момышұлы. Батыр атамыздың бұл ғақлия пікіріне толықтай қосыламыз. Әрбір ұстаз өз шәкіртінің амандығын, алаңсыз ойнап-күлгенін, бейбіт күннің атар таңының арайы кіршіксіз таза болуын тілейді. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп дегеніміз – біртұтас тәрбие ошағы.
Ал, тек қана шәкірт қамы ғана емес, ондағы еңбек етіп жатқан мұғалімдер қауымының көшін бастап, тұтастығы мен бірлігін сақтайтын зерделі басшының орны да тіптен бөлек. Міне, осындай үлкен жауапкершіліктің жүгін арқалап жүрген Алға орта мектебінің директоры, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Ғабиден Сәуірбайұлы Әбдешев дер едік.
Ұжымшар төрағасының орынбасары болған әкесі Сәуірбай мен бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған еңбек ардагері, анасы Жамалдың үш ұл, екі қыз тәрбиеленген өнегелі шаңырағынан түлеп ұшқан Ғабиден де бақытын адал еңбектен тапты. Ол басқарып отырған білім ордасы – аудан, облыс, республика көлемінде жоғары жетістіктерімен көзге түсіп жүрген мектептердің бірі. Бұл – өз ісіне шынайы берілгендіктің, кәсіби біліктілік пен ұйымдастырушылық шеберліктің нәтижесі.
Гурьев педагогикалық институтын тәмамдаған ол ал-ғашқы еңбек жолын 1977 жылы Сарайшық селосындағы №91 кәсіптік-техникалық училищесінде бастапты. Кейін өзі білім алған Алға орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі және осы мектеп жанындағы интернатта меңгеруші болып қызметін жалғастырды. Оның ұйымдастырушылық қыры Қызыл үй орта мектебінде директор болған кезінде жарқырай көрінді. Қандай жұмыста да жауапкершілігі мол, парасатты да қарапайым, турашыл, көпшіл, іскер басшы 2002 жылы Махамбет аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаны да, одан кейін Алға селолық окургінің әкімі қызметін атқаруы да – осының айқын дәлелі.
Бүгінде Ғабиден Сәуірбайұлы басқарып отырған Алға орта мектебі өзіндік іс-тәжірибесімен өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Екі рет «Сорос-Қазақстан» қорының грантын жеңіп алды. «Жергілікті қауымдастықтағы орталық» бағдарламасы бойынша жемісті еңбек еткен педагогикалық ұжым республикадағы қоғамдық белсенді мектептер қатарына енді. Мектеп басқарудағы жоғары же-тістіктері үшін Ғабиден Әбдешев 2009 жылы «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағына ие болды. Сол жылы «Тарих пәнінен ҰБТ және олимпиадаға дайындау әдістерін жетілдіру» атты облыстық, 2010 жылы республикалық институтта «Халықаралық сапа контенстінде мектепті басқару» тақырыбы бойынша білім жетілдіру курсынан табысты өтіп, одан әрі Германияда тәжірибе алмасу құқығын жеңіп алды.
Ол өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісу мақсатында еңбектерін республикалық, аудандық басылымдарға да ұдайы жариялап келеді. Атап айтсақ, «Мектеп директоры» атты республикалық ғылыми-әдістемелік журналдың биылғы №2 санында «Мектеп пен ата-ана серіктестігі – тәрбие табысының кепілі», аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде «Ата жолын қуған ұл», «Елбасы Жолдауын қолдаймыз» атты мақалалары жарияланды.
Ғабиденнің жұбайы Нұрғалиева Клара да – физика пәнінің мұғалімі. Бүгінде ұстаздар отбасында үш бала тәрбиеленіп, олар – немере сүйіп отырған шаттықты шаңырақ.
Таңатар ҚҰЛАХМЕТ,
Алға орта мектебінің мұғалімі,
Махамбет ауданы.