ҚЫТАЙЛЫҚ ҚАЗАҚТАР АТЫРАУДА ОҚИДЫ
Аталмыш оқу орнында білім алу ниетін білдірген Қытай еліндегі 50 қазақ ұлтының өкіліне институт ұжымы қазақы дәстүрмен шашу шашып, қонақжайлылық танытты.
Ал, институт ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ЖОО Қауымдастығының бірінші вице-президенті Әли Әжімұлы өз кезегінде Қазақ елінің Батыс өңіріне тұңғыш рет аяқ басып отырған қандастарымызға «қош келдіңіз» айтып, Атырау мұнай және газ институтына оқуға қабылдануларымен құттықтады. Сондай-ақ, өз сөзінде ол Атырау мұнай және газ институтының басым бағыттары мен ерекшелігіне, бұл шараның үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отырғандығына тоқталып өтті. Айта кетелік, Қытай елінен жалпы саны 80 адам аталған жоғары оқу орнында білім алуға ниет білдіріп отыр.
Салтанатты рәсімде, сонымен бірге, күншығыс еліне барып, талапкерлерді бастап келген Атырау мұнай және газ институты өкілі Әлия Тазабекова да сөз сөйлеп, осынау институт үшін аса маңызды әрі жауапты істі жүзеге асыруға өз үлестерін қосқан тұлғаларға ризашылығын білдірді.
Ары қарай институттың дарынды студенттері болашақ студенттерге өз өнерлерін көрсетіп, алыс жолдан шаршап келген қонақтарға көтеріңкі көңіл — күй сыйлады. Көрсетілген сый-құрметке алғыс ретінде Қытай елінен келген талапкерлер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындап, тосын сый жасады.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.