КҮРЕТАМЫР
Atr.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мереке – Көлік қызметкерлері күнін атыраулық теміржолшылар да толайым табыспен қарсылап отыр.
Ұлттық компанияның қарамағындағы құрылымдардың қатарында қазыналы аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне, индустриялық инновациялық жобалардың сәтті жүзеге асырылуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының филиалы – Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бұл салада алар орны айрықша.
ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ МЕЖЕ – АРТЫҒЫМЕН
Бөлімше бастығы Мағауия Оразқұловтың айтуынша, биылғы алты айда өндірістік көрсеткіштердің бәрі дерлік ойдағыдай орындалған. Есепті мерзімде жүк айналымы 102,8 және жүктерді тиеу 104%-ға орындалып отыр. Вагондардың орташа тәуліктік өнімділігі 105,3, жүк вагонының орта есеппен алғандағы тәуліктік жүрісі 103,6, вагон айналымының орташа уақыты 104,3%-ға тұрақтады.
Бұдан бөлек, вагондардың статистикалық және динамикалық жүктемесі, олардың бос жүрісінің тиелгенге қарағандағы айырмасы, вагонның бір жүк операциясында бос тұруының орташа ұзақтығы, локомотивтің орташа тәуліктік өнімділігі мен жүрісі, пойыздың орташа салмағы, жүк пойызы қозғалысының орташа учаскелік және техникалық жылдамдығы бойынша жоспар артығымен орындалған.
ҚАУІПСІЗДІК – ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
Маңызды мәселенің бірі – пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі екенін ескерсек, бұл тұрғыда тілге тиек етерліктей жұмыстар бар. Алты айда қозғалыс қауіпсіздігі тәртібін бұзудың 2 дерегі тіркелді. Орын алған оқиғалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, шаралар қабылданды. Осы кезеңде өндірістік жарақатқа жол берілмеген. Еңбек қорғау заңдылықтарының сақталуына қатысты 252 жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті.
Нәтижесінде, бөлімшеге қарасты өндірістік буындарда еңбек қауіпсіздігі ережелері мен
қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылуы, жұмыс кезінде арнаулы киімдерді пайдаланбау, еңбек тәртібін орындамау, медициналық байқаудан уақытылы өтпеу деректері анықталды.
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейтуге көңіл бөлінді. Қауіпсіздік бюллетендері әзірленіп, таныстыру үшін қызметкерлерге таратылды. Медициналық ұйыммен бірге ақпараттық парақшалар жасақталды. «Жедел жәрдем» стансасы қызметкерлерінің қатысуымен «Алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыбында тренинг өткізілді.
ҚАРАЖАТ ИГЕРІЛУІМЕН ҚҰНДЫ
Күрделі жөндеумен қамтылуы тиіс 16,2 шақырым учаскенің тең жарымынан астам бөлігінде белгіленген жұмыстар аяқталған. Жарты жылда баға жөніндегі ұсыныстарды сұрату, келісім жасау арқылы тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға және қызмет көрсетуге 314 млн. 202 мың теңгеге сатып алу жұмыстары атқарылған. Бұл мақсатта 117 келісімшарт жасақталыпты. Атап айтқанда, тауарларды жеткізу бағытымен қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдары, аспаптар, кеңсе техникасы мен тауарлар, батареялар және басқа қажеттіліктермен қамту көзделген.
Ал, жұмыстар мен қызметтер аясында офистік техниканы қарау және қайта толтыру, автокөлікті жалдау мен жалға алу, коммуналдық қызметтер, кеңсе жабдықтарын пайдалану, кір жуу, химиялық тазалау, қатты қалдықтарды алып кету, пошта қызметтері қарастырылған. Есепті мерзімде мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржы мақсатты игеріліп, 16 млн. 892 мың теңгеге немесе 5,13%-ға үнемделген.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ӘЛЕУЕТІ
Ұжым мүшелерінің әлеуметтіктұрмыстық ахуалын жақсарту – бөлімше басшылығының ұдайы назарында ұсталатын басты мәселенің бірі. Биылғы жыл басынан бері 36 қызметкерге 1 340 000 көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, еңбек демалысына шыққан 19 зейнеткердің тіс емдетіпсалдыруына 473 мың теңге және 196 қызметкердің теміржол билеттерінің ақысын төлеуіне 3,487 млн. теңге, сонымен бірге, материалдық көмек көрсету үшін 58 зейнеткерге 1,260 млн. теңге ақша төленген.
Ал, қызметкерлердің отбасынан 150 балаға жазғы каникулдың бір кезеңін Ақтау қаласындағы «Балдәурен» демалыс лагерінде өткізуге жолдама берілді.
Сонымен қатар, 26 маман Нұр-Сұлтан, Алматы, Жамбыл және Ақтөбе қалаларында біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Бұл мақсатқа 3,54 млн. теңге сомасында қаржы жұмсалды. Жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету бағытында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Оған қоса, бөлімшеде еңбек ететін 1 400ден астам адамның әрқайсысы бір күндік жалақысын аударды.
Дәулетқали АРУЕВ