Жарнама
Жаңалықтар

Күре жолға күрделі жөндеу керек

Автокөлік жолы – ел дамуының басты талаптарының бірі. Себебі, жол – өңірлерді өзара байланыстыратын негізгі күретамыр. Сол үшін республика Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың бастамасымен жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды. 

Ондағы мәселе – «Мұқыр-Құлсары» қайта жаңғырту. Бұл 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының негізінде республика бойынша 24 мың автокөлік жолын қайта жаңарту үшін Үкіметке міндеттелген еді. Күрделі жөнделетін жолдар тізбесінде «Атырау-Орал» тасжолы да бар болатын. 

Атырау облысындағы Жылыой және Қызылқоға ауданы тұрғындарының ерекше алаңдаушылығын туғызып отырған бұл күретамыр – елдің кез-келген өңірінен Ақтөбе облысы арқылы Ақтау теңіз портына тіке шығатын ең қысқа көлік қатынасы. Транзиттік әлеуеті жоғары көлік жолы қайта жаңғыртылса, Ақтаудан ел ордасы – Нұр-Сұлтан қаласына баратын жол 150 шақырымға қысқармақ. Сондай-ақ «Атырау- Доссор-Құлсары» жол теліміндегі аса жоғары қозғалыс қарқынын азайтуға да әжептәуір септігін тигізері сөзсіз. 

Қазір Мұқыр ауылынан Құлсары қаласына тіке шығатын 136 шақырым жолдың құрылысына байланысты қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, техника-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтуге дайын тұр. Айтпақшы, бұл мәселе бұған дейін де көтерілген болатын. 

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы No17-8/1363 ДЗ хатында біздің депутаттық сауалға берілген ақпаратқа сәйкес, көрсетілген учаскені қайта жаңартуға үнемделген қаражатты қолдануға Азия Даму Банкімен уағдаластыққа қол жеткендігіне қарамастан, 2 жыл ішінде, яғни бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстары басталмады. 

Жобаны жақын уақытта жандандырып, құрылыс жұмыстарын бастау жоғарыда аталған аудан тұрғындары үшін, сонымен қатар Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және туристік кластерді дамытуға тың серпіліс беретіні анық. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет жоғарыда аталған жобаны қаржыландыру көздерін айқындай отырып, оларды келесі жылы бастауды қамтамасыз етуді сұраймыз», – делінген депутаттық сауалда. 

Үкімет басшысы Асқар Маминге жолданған сауалға Парламент Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев, Сағындық Лұқпанов, Мәжіліс депутаттары Серік Ерубаев, Сәлімжан Нақпаев, Нұрлыбек Ожаев, Дүйсенбай Тұрғановтар қол қойған.

Шынында да, салынғаннан бері қол тимеген бұл жолмен қазір жүгірген аң мен ұшқан құстан өзге тіршілік иесі жүрмейді. Ал, депутаттардың меңзеп отырғаны – биыл аяқталуы тиіс «Ақтөбе-Атырау» трассасының «Қандыағаш-Мақат» учаскесінен Азия Даму Банкі арқылы бөлінген қаржының әжептәуір бөлігі үнемделмек. Оны дәл осы жолға жұмсауға Банк басшылығының да қарсылығы жоқ. 

Егер бұл жолға толық реконструкция жасалса, Ақтау бағытындағы автокөлік қатынасы жақсаратынына кепілдік бар. Біріншіден, осы арқылы «Қандыағаш-Мақат- Ақтау» және «Атырау-Доссор-Құлсары» трассаларында жүк айналымы азаймақ. Логистика жақсарып, жол бойындағы ондаған елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық проблемалары оң шешілер еді. 

Қуандық ШӘКІРОВ 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button