Күн сайын алпыс атыраулық травматологқа барады
Атырау облыстық ауруханасындағы травматология бөлімшесі жыл басынан бері 19 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті, — деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бөлімше дәрігерлерінің көмегіне күн сайын 60-қа жуық азамат жүгінеді. Әсіресе, мұнда медициналық көмекке мұқтаж боп келетін азаматтардың саны ауа-райы күрт өзгерген кезде артады. Соңғы үш күн ішінде 200-ге жуық азамат дәрігерлердің қабылдауында болып, медициналық көмек алған.
– Біз науқастарға алған жарақатының дәрежесіне қарай медициналық көмек көрсетеміз. Көбіне бізге биіктен құлау, жол көлік оқиғасы салдарынан туындаған түрлі дене жарақатымен келеді. Қазіргі уақытта Атырауда ауа-райы өзгеріп, адамдардың жүріп-тұруы қиындады. Сондықтан тұрғындарға сақтық шараларын естен шығармай, абайлау керектігін ескертеміз, — деді облыстық аурухананың травматолог дәрігері Бауыржан Айтжанов.
Бүгінде Атырау қаласында 2 травмотология бөлімше (облыстық және балалар ауруханасы) тәулік бойы, үзіліссіз жұмыс істейді. Оған қоса тұрғындар 1309 CALL орталығына хабарласа алады.
Анықтама үшін айта кетейік, 2023 жылы облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне 19 мыңға жуық азамат келген, ал биыл олардың саны 500 науқасқа артқан.
Сәуле МАҒАУ
Сурет: nscto.kz