ҚУАТ ҮНЕМДЕУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

монополистер оның тиімділігін көре бастапты

Қуат үнемдеу арқылы тарифті тұрақты деңгейде ұстап тұруға болады. Тиімді әдісті «Атырау Су Арнасы» КМК инвестициялық бағдарламасы арқылы жүзеге асырмақ. Ол үшін монополист мекеме ағымдағы айдың 1-інен бастап судың бір текше метрін 68,28 теңгеге көтерген болатын. Қаржының қандай мақсатта жұмсалатыны туралы мұнайлы өлке тұрғындарына түсірдіру жұмыстарын жүргізу үшін ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев келген еді. Өткен жұма күні облыстық әкімдіктегі кеңестен соң журналистерге баспасөз туры ұйымдастырылды.

«Тіршілік нәрі» туралы әңгіме қозғалғанда алдымен оның сапасы ауызға алынатыны белгілі. Оны жақсарту үшін халыққа суды жеткізетін кәсіпорынды қайта жаңғырту мәселесін айтпай кетуге болмайды. «Атырау Су Арнасы» КМК инвестициялық бағдарламасына сәйкес қаланың су тазарту құрылғыларына, құбырдағы қысымды көтеретін сорғы станцияларында және кәріздік жүйеге қуат үнемдейтін жаңа құралды орнатқалы отыр екен. Аманжол Алпысбаевтың айтуынша, желтоқсан айында тариф бекітілді.
Мәселен, бүгінгі таңда «Атырау Су Арнасының» сумен қамту шығыны 1,6 млрд. теңге болса, басым бөлігі, яғни 28 пайызы – өндірістік қызметкерлердің жалақысына, 23 пайызы энергия сатып алуға жұмсалады екен. Сондықтан төраға орынбасарының сөзіне қарағанда, тарифті қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін мынадай қадамдарға барған жөн. Егер электр энергиясына кететін шығынның 30 пайызын, еңбекақы мен шикізатты 10 пайызға азайтса, онда экономикалық тиімділігі 179 млн. теңгеге жетеді.
Инвестиция ретінде мекеме өздерінің немесе қарызға алған қаражатын тартады. Оның негізгі көзі тұтынушылардан түсетін кіріс пен өтемпұл жарнасы екендігі белгілі. Сумен жабдықтау қызметінің тарифтік сметалық құрылымында өтемпұл жарнасы 368 млн. теңгені құрайды. Негізгі шығындардан үнемделген қаржыға электрэнергиясын сатып алуға болады. Сөйтіп, 548 млн. теңге өтемпұл жарнасына жаңғырту жұмыстары жасалады. Нәтижесінде кәсіпорын ескі қондырғыларынан арылып, өндірісті автоматтандырады. Бұл әрине, шығындарды төмендетеді.
– Тариф тектен-текке көтерілмейді. Ол – тұтынушының қаражаты. Сондықтан оған қатаң бақылау керек, – деді Аманжан Алпысбаев.
Осы орайда «Дәнекер-Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Макс Боқаев орынды сауал тастады. Жалпы, «Атырау Су Арнасын» КМК-дан гөрі акциялау қажет. «Біз хлорланған су ішіп отырмыз. Сорғылар ауысқанмен, судың сапасына әсер етпесе мұндай өзгерістердің оң нәтижесін беруі екіталай», – деді ол.
Кеңесте мамандар сұрақтарға толыққанды жауап берді. «Атырау Су Арнасы» КМК директоры Андрей Ташлыковтан білгеніміздей, ағымдағы жылдың наурыз айында қуат үнемдеу бағдарламасы бойынша қаладағы 20 көп қабатты үйге қызмет көрсететін №6 көтерме сорап бекетінде қуаты 18,5 КВт екі сорғы агрегаты жаңасына ауыстырылған. Бұған дейін сегіз ай ішінде нақты тұтыну 44 мың КВт құраса, кейін бұл көрсеткіш 20 мың КВт-қа жетіпті. Биылғы қуат үнемдеу бағдарламасы бойынша облыс орталығындағы су тазарту құрылғыларының қазандығында циркуляциялық сорғы жаңартылып, өз жемісін көрсетіп үлгерген. Осылайша, 5 млн. 53 мың теңге үнемделген. Келер жылдың инвестициялық бағдарламасын іске асырудың экономикалық тиімділігі 77 млн. теңге көлемінде болады деген болжам бар. Яғни, жоғарыда айтылғандай, өндірістік жұмыс күші қысқарады, қуат шығыны үнемделеді. «Үздіксіз су беріліп, апаттық жағдайлар азаяды. Сорғы жабдықтары бірыңғайланады», – деп қосты кәсіпорын басшысы.
Сонан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылды. ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігі төрағасының орынбасары Аманжан Алпысбаев бастаған топ алдымен су тазарту құрылғысында болды. Байқағанымыздай, ескі сорапты қондырғылардың әбден тозығы жеткен. Оны жаңарту өз алдына, жоғары вольттық төсемтастар да сай болуы тиіс. Ал, оған тарифке қосылған 1,2 теңге жетпейді. Тіпті қарапайым болттың өзі бірнеше мыңдаған теңге қаржы тұрады. «Бір жылда бәрі өзгереді», – деп сендірген А.Алпысбаев сол арқылы су сапасы артатынын жеткізді. Себебі, апаттарды болдырмаудың өзі оң ықпалын тигізеді. Ал, судың мөлдірлігі мен хлорлау мәселесі келесі кезеңде қарастырылмақ. Заман ағымына сай технология жаңара береді. Бастысы, сонау өткен ғасырдың 39-40 жылдары іске қосылған сорғылар өзгереді. Дыбысы құлақ жаратын қондырғылар жаңасына ауысады. Көлемі үлкен, салмағы тым ауыр құралдар жеңіл түрімен алмасады. Жұмыс күші азайып, автоматтандырылады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз