Көшедегі қаскөйлік немесе вандализмге қашан тосқауыл қойылады?
Atr.kz/7 тамыз, 2020 жыл.
Облыс орталығында жаңадан мәдени ескерткіш немесе нысан пайдалануға берілсе, әрине, қуанамыз. Бірақ, алдағы уақытта «сол әсемдікті сақтай аламыз ба?» деген күдік ұялайтыны жасырын емес. Атыраудағы басты алаң қайта жаңартылып, халық игілігіне пайдалануға берілген бойда-ақ вандализм әрекеттері көрініс тапты. Газондар тапталып, гүлзарларда отырғызылған гүлдер жұлынды. Ең сорақысы сол, мұндай дөрекі қылықтар қаймағы бұзылмаған ауылда да кездесетін көрінеді. Сонда тарихи құндылыққа қастандық жасайтын кімдер? Олармен күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
Тәртіп күшейіп, жаңа заңдылықтар қолданысқа енгені мен көше қасіретіне айналған вандализм деректері азаймай отырғаны ащы да болса шындық. Ата-бабамыз көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізген мәдени мұрамызды қорғаудың орнына бейәдеп қылыққа бейімдер оны сындырып әлек. Сондықтан, оның алдын алмаса елдігіміз үшін маңызды ескерткіштер аз уақытта-ақ қиратылуы ғажап емес. Орталық алаңды қайта жаңғырту жұмыстарымен айналысқан мердігер мекеме осы олқылықтардың орнын толтырып, қайта қалпына келтірді.
Вандалдардың қаптама кірпіштерді сындырып қана қоймай, үлкен күш жұмсауды қажет ететін мәрмәр және гранит тастардың бұрышын бұзуы тек жеккөрушіліктен туындайтын зұлымдықтың көрінісіндей.
– Мұндай өрескелдіктерді қала қонақтары жасайды деп ойламаймыз. Әрбір жергілікті тұрғынның өзі туып-өскен немесе тұратын мекенінде қаланың көркін келтіретін орындардың сақталуына жаны ашитын, мәдени-көпшілік жерлердің адамның қолымен бұзылуына төзбеуге тәрбиелейтін отансүйгіштігі, жанашырлығы болмаушы ма еді? «Балалар – біздің айнамыз», сондықтан олар үлкендерден көргенін қайталайды. Олай болса, жасөспірімдерді вандализмнің бой алдыруына жол бермейік. Тоқтаусыз орын алып келе жатқан мұндай сорақылықтар түбірімен жойылуы тиіс, — деп, мердігер компания басшылығы жұртшылыққа үндеу тастаған еді.
Бұл дерт ықылым заманнан сананы жаулағанын тарихи деректер де растайды. Мәселен, 455 жылы Рим қаласын вандал тайпасы қиратқан. Соның өрескел әрекетіне байланысты «вандализм» ұғымы енген. Қатыгез тайпа храмдар мен дiни ошақтарды қиратып қана қоймай, мұны асқан басқыншылықпен, жеккөрушiлiкпен жасаған көрінеді.
Демек, вандализм – тек жасөспiрiмдер арасында ғана жайылған дерт емес. Бұл кез келген қоғамда әртүрлi топтардың қолымен орын алатын жабайы қылмыс. Әсіресе, тоқсаныншы жылдары вандализм «дәуірі» өршіп тұрғанын аға буын жақсы біледі. Құрылыс жұмыстары жүргізілсе, міндетті түрде бүлініп қалатын. Көшеге жүргізілген жарық пен демалыс орындарындағы орындықтар ше? Олар келесі күні-ақ «жаңа» кейіпке енетін. Сол кездері жұртшылықтың жағдайы да мәз емес еді. Бірақ, араға біраз уақыт салып бұл проблема ауыздықталғандай болды. Халықтың тұрмысы түзелді. Ойсана мен көзқарас өзгерді. Қоғамдық орындар қайта жаңғыртылғаннан кейін көшелер жаңарып, жандана түсті. Оған жұртшылық куә. Алысқа бармай-ақ қоялық, соңғы жылдары Атырау қаласының бет-бейнесі айтарлықтай өзгерді.
ҚР Қылмыстық кодексіне арнайы бап енгізіліп, қаскөйлік қарекет жасаушыларды жазалау шаралары күшейді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мұндай көріністер қайта сипат алып бара жатқанға ұқсайды. Рухани әлсіздіктен бе, әлде сананың тайыздығынан ба? Ескерткіш, мүсіндерді айтпағанның өзінде зиратты қиратып кету деректерінің кездесуі өз тамырына балта шапқанмен бірдей емес пе? Облыста зират қиратқан жетесіз қылмысы үстінде ұсталып, елді шулатқаны ұмытылған жоқ. Тіпті, ол өзін құрықтамақ болған полицейлерге сес көрсетіп, қорқытқан. Дереу оқиға орнына «Арлан» арнайы жасағы жеткізілген. Аспанға ескерту оғы атылған кезде күдікті сақшыларға балта ала жүгірген. Әйтсе де, жасақтың епті қимылының арқасында күдікті қолға түсті.
Тізе берсек, жантүршігерлік оқиғалар жетіп артылады. Қазақ халқы ежелден-ақ «Өлі жебемей, тірі байымайды» деп, өмірден өткендердің рухына құрметпен қараған. Сонда мына мәселені қалай ашық қалдыруға болады? Әрине, қылмыс жасалғаннан кейін тиісті жазасын алар. Бірақ, мұндай бассыздық жалғаса түссе, кейінгі ұрпақтан не күтеміз? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, алдыңғы лек мұндай сұмдық жағдайға жол берсе, артынан бармақ тістеп қалмайтынымызға кім кепілдік береді? Ендеше, қайтпек керек?
Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы археология бөлімінің меңгерушісі Фархат Байдәулетовтың айтуынша, аймақта мыңға жуық мәдени-тарихи ескерткіш болса, оның төртеуі республикалық, 313-і жергілікті дәрежеде қорғалған. Қазір жаңа заңнамаға сай, қаулы жобасына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұрын ескерткіштер үшке бөлінетін еді. Ал, өткен жылдың қараша айынан бері оның қатары беске көбейді. Бүгінде киелі жерлерге статус берілген. Енді аталмыш орталық археологиялық зерттеулерге, қазба жұмыстарына лицензия алған.
– Рас, бұрын мәдени ескерткіштерді сындырып не бүлдіріп кету фактілері орын алды. Қазір барлығы – бақылауда. Ал, кеңес үкіметі тұсында болған мүсіндердің тарихи маңызы жойылуына байланысты кейбірі есептен алынды. Мәселен, Тұрғындар қалашығындағы, Афанасьев көшесіндегі мүсіндер біздің бақылауымызға жатпайды, — деген ол кейде ескерткіштер байқаусызда бүлініп қалатынын жасырмады.
Ал, есепте тұрған ескерткіштерге тұрақты түрде мониторинг жасалып тұрады. Олқылықтар орын алған жағдайда түзетуге ескертулер беріліп, қалпына келтіру талап етіледі. Десек те, әлі де ауылдық аумақтардағы қорғандардан топырақ алу деректері азаймай келеді. Мәселен, өткен жылдың жаз айларында Құрманғазы ауданындағы құрылыс компаниялары Азғыр, Асан елді мекендеріндегі қорғалған аумақтардан карьер алған. Тексеруші тарап ескерту бергенімен, құрылысшылар оған құлақ аса қоймағанға ұқсайды. Бұл дерек қайталанғандықтан, тәртіп сақшыларына хабарлауға мәжбүр болған. Мұндай жағдай Қызылқоға ауданындағы Миялы селосында да кездескен. Маманның сөзінше, аудан орталығына 4-5 шақырым жерде мемлекеттің қорғауына алынған аумақтар бар екен.
– Біздің мекеме мен жекеменшік иелері арасында заңға сәйкес келісім бар. Яғни, сол аймақтағы мәдени мұраны кәсіп иесі қорғауға алады. Иесіз, далада орналасқандары әкімдік, ауылдық округтің қарамағына беріледі, — деген Фархат Байдәулетовтың айтуынша, кемшіліктер кездескен бойда иесіне нұсқамалар беріліп, түзетуге ұсынылады. Бюджеттен қаражат қаралса, оған қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Алайда, сала маманының айтуынша, ескерткішті салғаннан гөрі, оны қайта түзеу қымбатырақ болатын көрінеді.
Айбөпе САБЫРОВА