Коронавирустан сақтану үшін нақты не істеу керек?
Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл. Адам саулығы – қашан да басты байлық. Бұл ретте әрбір азамат денсаулықтың қауіпсіздігі үшін дәрігер ұсынған гигиеналық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Ең бастысы бүгінде елде жүргізіліп жатқан сақтық шараларына бейжай қарамаған абзал. Инфекция көбінесе науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы таралады. Ал, тұрмыстық байланыста бір-бірімен қол алысу, залалды нысандарда, адам көп жиналған орындарда болу инфекцияның берілуіне әсер етеді.
Вирустың алдын алу үшін тыныс алу жолдарының гигиенасын сақтап, қолды 20 секунд бойы мұқият жуу керек. Егер адамда аллергиясы болмаса мұрынды сабынды сумен жуған жөн. Иммунитетті көтеріп, дұрыс тамақтану қажет. Әрбір сәт сайын бөлмені желдетіп, жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүртіп отыру керек.
Бүгінде көпшілік қауіпті дерттен қорқып, одан қорғануда «маска жоқ» деп үрей тудыруда. Осы орайда бір масканы күні бойы тағып жүруге болмайтынын баса айтқым келеді. Себебі, ылғал болып тұрған бұйымға вирустың өту жылдамдығы өте жоғары болады. Ал, жұқпалы дерттері бар науқастармен қарым-қатынас жасайтын дәрігерлер көбінесе 3-4 қабатты бетперделерді қолданады. Оны да уақытында тазалап отыру қажет. Әйтпесе, қандай бетперде болса да вирустан қорғай алмайтынын әрбір адам дұрыс түсінуі тиіс.
Коронавирустың ерекшелігі – кілегей қабаттан да өтуі мүмкін. Жалпы, кез келген жұқпа қол, мұрын, ауыз, көз қабаты арқылы да келесі адамға жұқтырып алуы ықтимал. Сондықтан, әрбір адам масканы шешкенде, жалпы қолды мұрынға, көзге, ауызға апармау керек. Әрбір адам өзін ғана емес, өзгені де қауіпті дерттен қорғау үшін ақ халаттылар айтқан алдын алу шараларына бейжай қарамауы маңызды.
Коронавирустың диагностикасы тек медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Егер талдау нәтижесінде вирус анықталса, науқасқа арнайы белгіленген ем-шаралар жүргізіледі. Бұл ретте облыстағы ауруханаларда оқшаулау орындары алдын ала жасақталды. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті.
Қазіргі таңда Атырауда шет елден келген алты адам облыстық туберкулезге қарсы диспансердің провизорлық станционарында оқшауланды. Ең басты ескерерлігі, олар – науқастар емес. Қауіпті мемлекеттерден келген азаматтар болған соң карантинге алынып, толықтай медициналық қадағалауда болады. Сондықтан, халық арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімеге байланысты үрей туғызуға мүлдем болмайды.
- Егер адамда дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырып, жөтел пайда болса, медициналық емханаларға бармай, учаскелік дәрігерді немесе жедел жәрдемді үйге шақыру керек. Бұл оқшаулау ең алдымен науқастың өзін және өзгелерді жұқпадан сақтайды. Сондай-ақ, коронавирусқа қатысты жалған ақпараттарға сенбеу қажеттігін қаперге береміз. Осы орайда туындаған сауалдарға республикалық 1406 Call орталығынан және облыстағы 27-11-14, 8 778 007 20 21 телефон нөмірлерінен ғана жауап алу керек.
Гүлжанат БЕКБОЛАТОВА,
облыстық туберкулезге қарсы диспансер
басшысының орынбасары