Корейлердің Чусок мейрамы
Достық үйінде корей халқының басты мерекелерінің бірі – Чусок мейрамы атап өтілді. Дәстүр бойынша «Тхоньил» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға Атыраудың тұрғындары мен меймандары қатысты.
Чусок – кәрістер үшін шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды тойлаудан кейінгі маңыздылығы жағынан екінші мейрам. Айтулы күнді ортақ мерекесі санайтын кәрістер осы күні өздерінің бақилық болған ата-аналарын еске алады. Бейіт маңын тазартып, еске алу дастарханын жасап, қабір басына егін орағының ең үздік сыйларын қояды.
Еске алу шаралары өткеннен кейін, мереке отбасында жалғасын табады.
Шара концерттік бағдарламамен басталып, «Саранг» хоры, «Со Куан» би ұжымы, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің, «Татулық» татар-башқұрт орталығының шығармашылық ұжымдары, «Самульнори» барабаншылар ансамблі өнерлерін ортаға салды. YTT, WASD, Hell Cats би топтарының билері жиналғандарды таң-тамаша қалдырды.
Достық үйінің алаңына жиналған қонақтарға кәріс ұлттық ойындары көрсетіліп, ұлттық тағамдары ұсынылды.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Сіз не дейсіз?
Людмила ЛИ,
«Тхоньил» кәріс этномәдени
бірлестігінің төрайымы:
Тарихымыз ұмытылмайды
– Бұл халықтық мерекенің тамыры өте тереңде жатыр. Ал, оның кейбір мағыналық мәндерін санамыздан өшіріп алғанымыз да жасырын емес. Сондықтан, осыдан қорытынды шығару үшін салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды жаңа бір қырынан жаңғырту мақсатын көздедік. Біз өзіміздің бай рухани дәстүрімізге қайта оралу арқылы халықтық мерекенің мәнін ұғып отырмыз. Бұл өз кезегінде адамдарды рухани және эстетикалық тұрғыдан байытып, бағалы қазынаның қайнар көзіне айнала білді.
Алина ГУЛИЕВА,
мереке қонағы:
Тамыры терең дәстүр
— Бұл шараға бүкіл отбасымызбен екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Өткен жылы бұл жерге кездейсоқ келіп қалдық, ал, бүгін арнайы келдім. Бауырлас ұлттың салт-дәстүрлерімен таныс болған қандай жақсы!