
Конституция күні – елдіктің темірқазығы
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының төрінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік Ту сахнаға әкелініп, Гимннің асқақ әуені шалқығанда, залды толтырған жұртшылықтың бойын мақтаныш сезімі кернеп, жүректерін елдік рух тербеді.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, Ата Заңның мәні мен маңызына тоқталды.

–Конституция – тәуелсіз мемлекетіміздің берік іргетасы, ел бірлігінің, азаматтық татулық пен тұрақтылықтың кепілі. Ата Заңымызда халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арман-мұраты мен өркениетті даму жолы айқын көрініс тапқан. Бүгінгі таңда Атырау өңірінде мұнай-газ саласы қарқынды дамып, жаңа өндіріс орындары ашылуда, әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілуде. Бұл жетістіктер – мемлекеттің тұрақты дамуы мен сенімді болашағының айқын дәлелі. Ата Заң – халқымыздың ортақ құндылығы. Сондықтан әрқайсымыз оны өміріміздің темірқазығы етіп, кемел келешекке жол бастайтын бағдар ретінде бағалауымыз қажет, — деді ол.
Бұл мерекеде еңбегі еленген арда азаматтарға Мемлекет басшысының Жарлықтары бойынша мемлекеттік марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, «Құрмет» ордені Құрманғазы ауданының еңбек ардагері Рауила Дощақоваға берілді.

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне «ГрандМастер» ЖШС прорабы Байқоңыр Арыстанов пен Атырау қаласының еңбек ардагері Ізімберген Санбаев ие болды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС дәнекерлеушісі Дархан Асильевке, Құрманғазы ауданынан еңбек ардагері Жұмагелді Жүнісовке, «БатысАльянсСтрой» ЖШС операторы Саламат Иманғазиевке, сондай-ақ атыраулық прорабтар Ерлан Тәжіғұлов пен Серік Төлеповке табыс етілді.
Көлік саласының дамуына үлес қосқандар да марапаттан тыс қалмады. «Қазақстан темір жолы» АҚ Атырау бөлімшесінің аға электромеханигі Бекқали Қайнарбаев пен Қызылқоға ауданынан еңбек ардагері Мәдениет Рахметов «Құрмет» орденімен марапатталса, Мақат қалпына келтіру пойызының бастығы Саламат Кекілбаев «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

«Еңбегі жанған ер – елдің қазынасы» дейді халық. Бұл марапаттар ел үшін аянбай еңбек еткен жандарға берілген әділ баға.
Сондай-ақ Ата Заңның мерейтойына орай «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалі де табысталды.
Олардың қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова, Доссор кенті әкімінің орынбасары Гүлнар Ерғожиева, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымов, қала әкімі аппаратының бөлім басшысы Марта Нұрғалиева, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева бар.
Бұл марапаттар ел тәуелсіздігінің алтын арқауы болған Конституцияға адал қызмет етіп, мемлекет іргесін бекемдеуге үлес қосқан жандарға көрсетілген құрмет. «Елге қызмет еткеннің еңбегі еш кетпейді» деген осы.

Салтанатты кеш Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» оркестрінің күмбірлі күйімен жалғасып, ән мен жырдың, би мен күйдің өрнегіне толды. Ал Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін бүкіл зал болып шырқаған сәт халық бірлігінің шынайы айғағы болды.
Осылайша Атырауда өткен Конституция күні елдік пен бірліктің мерекесі ретінде есте қалды. «Ел іргесі берік болса, еңсесі биік болады» деген даналық дәл осы күннің айшықты өнегесі болды.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ