Көңілден кетпес бір бейне
Серік Әбуұлы Досжанов есімі айтылғанда Атырау жұртының елең ете қалары сөзсіз. Себебі, ол қамшының сабындай ғұмырында елдің есінде қалатын іс тындырған, талай жанға өмір сыйлаған алтын қолды дәрігер, адамдығы мол азамат болды.
Біздің алғашқы танысуымыздың да өзіндік тарихы бар. Біз Қызылқоға ауданына бір мезгілде жұмысқа келдік. Ол Ақтөбе медициналық институтын бітірген дәрігер-хирург, мен – журналист. Бірде жұмыста жүргенде қатты сырқаттанып, «жедел жәрдем» шақыруға тура келді. Ауруым соқырішектің асқынған түрі болып, операция үстелінен бір шықтым. – Сізге операцияны жаңа оқу бітіріп келген дәрігер-хирург Серік Досжанов жасайды, — деп, сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Бағыт Көбенов ұзын бойлы ақсары жігітті таныстырды. Содан операция сағат жарымға созылды, жағдайдың күрделі екенін сезіп жатырмын, себебі соқырішек жарылып кеткен. Ауданның барлық маңдайалды дәрігерлері қарап тұрды, ал, жас хирургтің қолы қолына жұқпайды, ақыры бәрі сәтті аяқталды. Әріптестері құттықтап жатты, бақсам, жас дәрігерге мен тәжірибе есебінде ұсынылған екенмін. Оны соңынан біліп, бір күліп алдық. Шындығында, ауданға Серік Әбуұлы келгеннен кейін ондағы медициналық қызмет сапасы күрт өзгерді. Күрделі операциялар ауданда жасала беретін болды, әрі оның көбі Серікке жүктелетін. Талай жыл тәжірибесі бар Бағыт, Тайпақ ағалардың өздері «Серіктің қолы өте жеңіл, кез-келген операцияны тез әрі мұқият атқарады» деп риза болып отыратын. Сәкең көп кешікпей, аудандық аурухананың бас дәрігері болды. Сол кезде менің таңғалатыным, қашан барсаң да ол кабинетінде ақ халатымен, үстел үстінде барлық медициналық құралжабдықтармен отыратын. Бұл оның кезкелген жағдайға дайын екенін білдіретін. Сол жылдардағы аудандық аурухана да, селолардағы ауруханалар да кадрлармен толық қамтылып, қарқынды дамыды. Бұдан кейін Сәкең облыс орталығына жұмыс бабымен ауысып, онкологиялық аурухананың бас дәрігері, облыстық еңбек және көші-қон басқармасы бастығының орынбасары-дәрігерлік-еңбек сараптау комиссиясының төрағасы, қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, теміржол ауруханасының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып, үлкен беделге ие болды. Серіктің тағы бір қасиеті – көнеден жеткен есті әңгімелерді көп білетін және оның еске сақтау қабілеті зор азамат еді. Кітапты көп оқитын, кез-келген әңгімені қызықты етіп айта білетін. Өткен жылдың басында Серікке телефон шалып: «Себектің соңғы батырының кім екенін білесің бе?» — деп сұрағанмын. Ол қапелімде ештеңе дей алмады. «Онда сен білмесең, мен айтайын, Себектің соңғы батыры Нағим ғой, менде бір материал бар, саған жіберейін» деп телефонына жолдағанмын. Сонда бір қатты қуанып еді. Біз Миялыда екі үйіміз көрші тұрдық. Әбу ағамызға жиі барып, амандасып тұратынмын. Ол кісі көп сөйлемейтін, әр сөзді ойланып барып айтатын өте сабырлы адам еді. Бірде өзінің ойтолғамдарын жазған блокнотты беріп, «оқып шығарсың, шығармашылықта жүрген адамсың ғой, бәлкім бір көмегі тиер» деді. Сол блокнотты оқып отырып, оның ішіндегі соншалықты сауатты жазылған, тәрбиелік мәні зор тіркестерге таң қалғаным бар. Сірә, Серіктің сөз өнеріне деген қызығушылығы әкеден дарыған бір қасиет-ау деп ойлағанмын. Біздің тағдырымызда көп ұқсастық бар. Жоғарыда айтқандай, бір ауданға бір мезгілде келіп, көрші болумен бірге, бір ауылда тұратын екі дос адамның қыздарына үйлендік. Сөйтіп, бажа атанып, ыдыс-аяғымыз араласып жататын. Балаларымыз бір аулада ойнап, қатар өсті. Әрине, қиындықтар да кездесті. Әсіресе, үлкені Шынардан қапыда айырылып қалуы Серік пен Маржанға қатты соққы болды. Бұл жағдай оның денсаулығына да әсер еткені рас. Ұлы Абзал жақсы маман атанып, қазір Румынияда ірі мұнай компаниясын басқарады. Немерелері де өсіп келеді. Кенжесі Әсел де өмірден өз орнын тауып, жапырағы жайылып жатыр. Сәкеңнің шаңырағын ұстап, оның ырысберекесін ортайтпаған Маржан осының бәріне шүкірлік етсе де, ойдан бір өкініш кетпейді. Ө т ке н ж ы л ы а зд а п е м д е л і п келейін деп өз аяғымен кеткен Серік Әбуұлының бір күн өткен соң ауруханада көз жұмуы қандай қасірет болды десеңізші. Қаншама адамның өмірін сақтап, қаншама адамды аяғына тік тұрғызған үлкен жүректі дәрігерді өзі сияқты әріптестерінің сақтап қала алмағаны қандай өкінішті. Мұндайда бәріне уақыт емші деп өзімізді жұбатамыз. Бірақ, талай адамға шырақ пен шуақ сыйлаған Серік Әбуұлының есімі мыңдаған жүректерде сақталары хақ. Осы орайда, болашақта Миялыда Серік Әбуұлы тұрған көшелердің біріне оның атын берсе, артық болмас еді деген ой келеді. Әрине, ешкім де мәңгілік емес, бірақ адамды мәңгілік ететін оның ісі ғана. Ал, Сәкең – мәңгілік іс тындырып кеткен азамат.
Нұрлан ҚАБЫЛОВ,
үзеңгілес жолдасы Атырау қаласы