Конференция «Дендерге» арналды
Бүгін Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Индер аудандық «Дендер» газетінің 90 жылдығына арналған «Туған жердің жаршысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарынан бастау алатын басылымның мерейтойына арналған бірқатар іс-шаралар жыл бойына ұйымдастырылып келеді.
Конференцияны тізгіндеген «Дендер» газетінің бас редакторы, облыстық Бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлин жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен ұстаздарға, БАҚ ардагерлері мен қызметкерлеріне, оқырмандар мен студенттерге шақыруды қабыл алып келгендері үшін алғысын білдірді.
Жанай Исламғалиұлы «Дендер» газетінің аудан өмірінің қай кезеңде де шежіресін талмай жазып келе жатқанын, оқырмандарының шын мәнінде рухани да танымдық жан азығына айналғандығын атап өтті.
– Әсіресе, 1937-1939 жылдар аралығындағы ауыр жағдай мен соғыс жылдарындағы газет шығару ісі алаңдатпай қоймайды. Сондықтан біз тарих ғылымына ерекше тер төгіп жүрген ағаларымызбен ақылдаса келе, газеттің өткені мен бүгінін хаттап, келешегі жөнінде ой бөлісуді негізгі мақсат етіп отырмыз, — деді Ж.Амантурлин.
Содан соң конференция жұмысын ашып, құттықтау сөз сөйлеген «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Нұрболат Елеусінов өлке тарихының таспасына айналған басылымның елдің баспасөз айдынындағы алар орны ерекше екендігін айтты.
– «Дендер» газеті құрылған сәттен бастап бүгінге дейін атқарған қызметі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, айтарлықтай сабақ екені сөзсіз. Биыл Индер ауданында газеттің 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Әкімдіктің қолдауымен редакцияға жаңа ғимарат табыс етіліп, жаңа автокөлік пен жиһаздар, кеңсе техникалары тарту етілді. Осының барлығы тарихы тереңде жатқан басылымның жаңа шығармашылық белестерді бағындыруға септігін тигізеді деп ойлаймын, — деген Нұрболат Мақсотұлы конференция жұмысына табыс тіледі.
Содан соң, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының басшысы, ақын Әлия Бекежанқызы қаламгерлік жолда тұсауын кесіп, малды аймақ, кенді өңірдің жүрегі, көзі, құлағына айналған басылымда қызмет еткен ардагер буынның еңбегін ерекше атап өтіп, газеттің мерейтойына арналған арнау өлеңін оқып берді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда басылымның алғаш ашылу кезеңінен бүгінге дейінгі жолы туралы батыс баспасөзін зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетов «Дендер» – тарих толқынында», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Дендер» газетінің 2004-2010 жылдардағы бас редакторы Сүйеу Халықов «Бас редакторлар», тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметов «Мақалаларда ерекше мазмұн бар», жас журналист, хат бөлімінің редакторы Жадыра Нариманова «Авторсыз газет – қанатсыз құспен тең» деп аталатын баяндамаларын оқыды.
Жиын барысында Атырау облысының құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, Ғ.Сланов атындағы әмбебап кітапхананың директоры Сара Ізмұхамбетова мерейтой иелерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Конференцияда «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин тарих ғылымдарының докторлары Аққали Ахметов пен Қылышбай Сүндетовке «Дендер» газетінің 90 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттаса, Ғ.Сланов атындағы әмбебап кітапхананың директоры Сара Ізмұхамбетоваға кітапхана сөресіне кітаптар табыстады.
Жанай Исламғалиұлы конференция барысында оқылған баяндамалардың басын құрап кітап қылып шығаруды жоспарлап отырғандығын айтты.
Тұшымды ой, қанатты сөзден қуат алған көрермен жиын соңында жергілікті өнерпаздардың әсем әндерін тыңдады.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ