Коммуналдық саладағы жұмысшылардың айлығы 50 пайыз өседі

34 Жаңалықтар

Amanat партиясы фракциясының халық табысын арттыру бағдарламасы талқылаған жиынында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров коммуналдық сала қызметкерлерінің тұрақсыздығын қалай тежеуге болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылы 6 мың дәрігердің орташа жалақысы және орта медициналық персоналдың орташа жалақысы, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің орташа жалақысы ұлғайтылатын болады.

Азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталды.

Коммуналдық қызмет жұмыскерлерінің жалақысын өңірлер бойынша орташа салалық деңгейге дейін орта есеппен 50%-ға жуық арттыру үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды. Бұл шара шамамен 200 мың қызметкердің табысын арттыруға, сондай-ақ кадрлар тұрақсызыдығын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейіне де жетпейтін қазақстандықтардың үлесі 5,2% шамасында.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күші 9,4 млн адам болды. Жұмыспен қамтылған халық – 9 млн адам, жалдамалы қызметкерлер – 6,8 млн адам, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар – 2,1 млн адам. Оның ішінде 1,6 млн адам жеке кәсіпкер болып есептеледі.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27% өсіп, 1,8 миллионнан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 18,3% артып, 4,1 миллионға жетті.

Экономикадағы шағын және орта бизнес үлесі 33,3%-дан 36,5%-ға дейін өсті. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,2% болды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% болып тіркелді», – деді ведомство басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз