Көліктер де токпен жүре бастады
Соңғы жылдары елімізде электромобильдер қатары көбейді. Қатынас құралының экологиялық түрі саналатын көліктердің біздің өңірде де саны артып келеді. Егер жыл басында облыс орталығында электромобильдерге қызмет көрсететін бекеттер санаулы болса, бүгінде олардың саны оннан асқан. Яғни, еш кедергісіз қалаған уақытыңызда қуаттай аласыз. Мамандардың айтуынша, толық қуатталған «электрокармен» орта есеппен алғанда бір аптадай «жүруге» болады.
Статистикалық деректерге жүгінсек, қазір Қазақстанда 7 мыңнан астам электромобиль тіркеліпті. Ал, оны пайдаланушылар саны АҚШ-та – 1,7 млн., Еуропада – 3,2 млн., Қытайда 4,2 млн-ға жеткен. Демек, жыл сайын электромобильдер саны көбеймесе, азаяр емес. Қоршаған ортаның болашағына алаңдаған жүргізушілер көп реттерде осы электромобильдерді таңдайды екен. Өйткені, 4-5 мың теңгеге көлікті толықтай қуаттап алып, қалаған жеріңізге жете аласыз.
Атырау қаласындағы осындай электромобильдерді сатумен және қызмет көрсетумен айналысатын бірнеше көлік салондарына хабарласқан кезде компанияның менеджерлері күн сайын электрокарды қуаттауға келетін тұтынушылар қатары күн санап артып келетінін атап айтты.
Жаңадан ашылған қызмет көрсету орталығының өзіне күн сайын онға тарта жүргізуші келетін көрінеді. Яғни, электромобиль иелері оны сатып алған кезде арнайы құралын сатып алып, жеке үйінен қуаттай алады немесе орталықтардың қызметіне жүгінуге болады. Жалпы, елімізде электрокарларды қуаттайтын 100-ден астам станция бар. Осыған қарап-ақ басқа техникаларды айтпағанның өзінде бізде электр энергиясына қажеттілік тағы арта түсетінін анық байқаймыз. Ендеше, электр энергиясына деген тапшылықты жою үшін атом электр станциясын салудың маңыздылығы зор.
Айта кету керек, елімізде атом электр станциясы салынып, жүйелі жұмыс жасаса электромобильдердің де саны одан әрі артып, жанар-жағармаймен жүретін автокөліктерден қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтар да азаяр еді.
Айбөпе САБЫРОВА
Сурет: zakon.kz