Көлік апатының көбею себебі неде?

Na ulitsah Atyirau Жаңалықтар

Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Соңғы жылдары «жол көлік оқиғасы орын алып, бірнеше адам зардап шекті», «көлігімен адам қағып қашып кеткен», «ажалы көлік апатынан болды» деген ақпараттарды жиі еститін болдық. Бұқаралық ақпарат құралдарын айтпағанда, әлеуметтік желілерден мұндай хабарлардың күніне кем дегенде біреуін кездестіресің.

Иә, жол-көлік апаты дауасыз дерттей жылдан жылға асқынып барады. Оған етіміздің үйренгені соншалық, апталдай азаматтарымыз бен шарасыз сәбилеріміз қыршыннан қиылса да «жол апатына түсіпті» деп әдеттегі жағдайдай қабылдаймыз. Сонда, жолдағы қауіпсіздікке жауапты кім? Адам өмірін алып жатқан апаттарды қалай азайтамыз?

Кім кінәлі? «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деген Майқы би бабамыздың осыдан үш ғасыр бұрын айтқан сөзі бүгінде ақиқатқа айналды. Адам – еліміздің басты құндылығы және негізгі капиталы болса, біз үшін әр азаматтың тағдыры қымбат. Ал, бейбіт күнде азаматтарымыздың жол апатына ұшырап, өмірден озып жатқаны нағыз трагедия. Апатқа кінәлі бір ғана адам бар, ол – көлік жүргізушісі. Көлік жүргізушісі демекші, елімізде жүргізу құқығына 18 жасқа толған кез келген адам ие болуда. Солай екен деп кейбіреулер бесіктен белі енді шыққан балаларын да темір тұлпарға мінгізеді.

Тірліктің қамымен «балаға да, үй мен жұмысқа да үлгереміз» деп әйелдер де көлікті әбден меңгеріп алған. Қауіп аяқ астынан, десек те, қауіпсіздік ережелерін сақтау баршаға ортақ. Сені әйел, сені жас демейді, заң бәріне бірдей, сондықтан, сақтықта қорлық жоғын әр жүргізуші есте сақтаса дейміз. Иә, көліктен келетін кесапат азаймай тұр.

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астамы жарақат алады екен.

Мұндай апат біздің Атырауда да аз емес. Соның бірі Өркен ықшамауданында орын алған жағдай. Осыдан бірер ай бұрын жол жиегіндегі жәшікке қоқыс төгуге шыққан бес жасар балақай жол апатының құрбаны болды. Көлік тізгіндеген келіншек жол жиегіндегі баланы қағып кеткен. Артынан ауыр халде ауруханаға жеткізілген баланың беті бері қарамай, небәрі бес-ақ жасында өмірмен қош айтысты. Естіген құлақты елең еткізген бұл жағдай анасына қалай әсер етті десеңші?! Әттең, жүргізуші абайлап жүргенде мұндай жағдай болмас па еді?

Тізе берсек, арты орны толмас қайғыға әкелген деректер жетіп артылады. Алайда, бұдан сабақ алып, қорытынды шығарып жатқандар аз. Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен 1 миллионнан астам адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама бала, жасөспірім бар. Бұдан бөлек миллиондаған адам жол апаты салдарынан жараланады. Егер жол-көлік оқиғаларын азайтпаса 2030 жылға қарай бұл адам өліміне себеп болатын жетінші көрсеткіш деңгейіне көтерілмек. Ойланарлық жағдай. Ендеше, көлік апатын қалай азайтамыз?

«Қауіпсіз жол» Аймақта жол-көлік апатының алдын алу мақсатында түрлі шаралар да ұйымдастырылып жүр. Солардың бірі – облыс көлемінде 24-28 шілде аралығында өткен «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы. Полиция департаменті берген ақпаратқа сәйкес, жедел алдын алу шарасының алғашқы үш күнінде-ақ екі мыңға жуық құқықбұзушылық анықталған.

– Жол-көлік оқиғаларының бірден-бір себебі жылдамдықты асыру мен қарсы бағытқа шығу. Шара бастау алған алғашқы үш күн ішінде жылдамдықты асырғаны үшін 700ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, автокөлік құралын мас күйінде басқарған – 21, жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін 9 жүргізушінің ісі сотқа жолданды. Осындай алдын алу шаралары арқылы жүргізушілерге жол мәдениетін қалыптастыруды түсіндіргіміз келеді» дейді Атырау облысы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қайрат Әбдіғалиев.

Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған 72 жүргізуші жауапкершілікке шақырылған. Автокөлікті басқару құқығынан жүргізушілерді көлікті жүргізу кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді. Өйткені, телефонға алаңдаушылық жол апатына себеп болатын бірден-бір фактор. Аталмыш жаңа мобильді қосымшаны кез келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көлікке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек екен.

Смартфон төңкеріліп жатқан кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, Komeda кафесінен тегін кофе ішу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан кейін жүргізушіге әр 200 шақырым үшін тегін кофе ішуге ішінде байқаусызда смартфонына қол созса, жинаған ұпайлары күйіп кетеді.

Аталмыш жоба Жапониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге асуда. Жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейінде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік жүргізіп отырып темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды.

Ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, Солтүстік Уэльсте автокөлік жүргізіп бара жатып, макарон жегені үшін голландиялық жүргізуші сегіз аптаға қамалған.

Жүргізушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тікұшағы байқап қалған. Иә, бізге де өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, жаңа бастамалар ойлап тауып, бақылауды күшейту қажет. Әйтпесе, жол-көлік апаттарының әлі талай адамның өмірлерін қиюы әбден мүмкін.

P.S.

Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кемитінін айтады. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 пайызға азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал, артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 пайызға дейін болдырмайды деседі. Жолаушының діттеген жеріне аман жетуі, ең алдымен, көлік жүргізушісіне байланысты. Ол жылдамдықты шамадан арттырмай, қауіпсіздік, жол ережелерін сақтауы қажет. Өйтпегенде, адам өміріне атүсті қарағысы келсе де, заң алдында жауаптан жалтара алмайды. Абайлаңыз, жүргізуші!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Статистикаға сүйенсек, елімізде бір жылдың ішінде 20-25 мыңға жуық көлік апаты тіркеліп, салдарынан 3 мыңнан астам адам ажал құшады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз