Сәби сүюден үміт үзбеңіз!
Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Өзекті сұхбатымыздың кезекті қонағы – биология ғылымдарының докторы, репродуктолог, қазақстандық эко-клиниканың негізін қалаушы Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА.
– Сізді іздеген аналар Астанаға, Алматыға үлкен үмітпен, әрі сеніммен барады. Өзіңіз 1995 жылы бастаған денеден тыс ұрықтандыру жолының бүгінгі жаңалығы һәм өзгерісі қандай?
– Қазіргі кезде технологиялар күрделенді. Жұмыстың нәтижелілігі жоғарылады. Өткен 23 жылдың ішінде нәтиже көрсеткіші 50-60 пайызға дейін көтерілді. Өйткені, технология дамыған сайын өзгерістің де, жақсы көрсеткіштің де жиілей түсетіні белгілі. Әсіресе, креоконсервация, генетикалық диагностикадан өткен эмбриондар болашақта дені сау баланы өмірге әкелуге үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан, дүние жүзі бойынша қолданылатын технологияны да, әдістәсілді де пайдаланып жатырмыз.
– Бедеуліктің екі салдарын айтып жүрсіз. Біріншісі – қолдан жасалатыны. Ал, екіншісі – туа біткен бедеулік. Енді осының үшіншісі ретінде экология мәселесін қоса аласыз ба?
– Экология мәселесі – дүние жүзі елдерін алаңдатып отырған ең өзекті мәселе. Қазіргі кезде онкологиялық аурулардың да, бедеуліктің де, өзге де сырқаттардың да көбеюі – экологияның нашарлауынан. Сонымен қатар, адамның өмір сүру дағдысына салғырт қарауы, дұрыс тамақтанбауы, зиянды заттарды қолдануы және аборт мәселесі де әсер етеді. Жасанды түсік тастауға біздің қыз-келіншектер жеңіл қарайды. «Бір рет жасауға болады, кейін ақша тауып, баланы таба саламын» деп ойлайды. Бұлай ойлауға да, болашақпен ойнауға да болмайды. Өйткені, бір жаңсақ қадамның өзі өкінішке ұрындырады. Бізге келетін қыз-келіншектердің 70 проценті кезінде түсік тастағаннан өкінішке ұрынғандар санатына жатады. Құдайдың берген баласын, өздері алып тастап, кейін өкініп отырады. Содан кейінгі ең негізгі мәселе – қабыну, неше түрлі инфекциялармен ауру, жыныстық қатынастан берілетін аурулар. Міне, осылардың көп әсері бар.
– Кейбір ерлі-зайыптылар «ұрықтардың сәйкес келмеуінен бала болмайды» деп ажырасып жатады. Бұл қаншалықты рас?
– Мұны рас деп айта алмаймын. Өйткені, осыдан 30 жыл бұрын «Неке және отбасы» деген емханада дәрігерлаборант болып жұмыс істедім. Сол кезде ер мен әйел ұрығының сәйкестігіне анализдер жасайтынбыз. Сонда зерттеу арқылы көп нәрсеге көз жеткіздім. Ұрықтың сәйкестігі әр ай сайын өзгеріп тұрады. Өйткені, жалпы ағза үнемі өзгерісте болады ғой. Ер мен әйел ұрығының сәйкестігін анықтайтын анализден әлем елдері бас тартты. Себебі, сәйкессіздік деген болмайды. Барлық ер адамда да, әйел адамда да сәйкестік болады.
– Осы орайда қазақтың «жеті атаға дейін қыз алыспаған» деген өнегесін қалай түсіндіресіз?
– Басқа ұлттарда жақын туыстар бір-бірімен үйленіп жатады. Содан неше түрлі генетикалық аурулар, яғни, кемтарлық, өлі туу, жетіспеушілік жиі кездеседі. Ал, қазақта жеті атаға дейін қыз алысуы өте аз. Себебі, қазақтың әр отбасындағы «жеті атаға дейін кездеспеуі керек» деген өнегелік тәрбиенің астарында бірнеше себеп бар. Біріншіден, ұлттың генетикалық тазалығын сақтау, екіншіден, жоғарыда айтқан аурулардың алдын алу көзделді. Бірақ, мұның ұрық сәйкессіздігіне еш қатысы жоқ.
– Жатырдың дамымай қалуы дегенді естиміз. Бұған денеден тыс ұрықтандыру көмектесе ала ма?
– Қазір мұндай азайды. Бұрын «жатыр дамымай қалды» деген диагнозды екінің бірі айтып жүретін. Өйткені, «халық емшісі айтты, ауылдағы гинеколог сондай диагноз қойды» деп келетін бар еді. Көбінесе, мұндай диагноз дұрыс емес. Бұл – дамымай қалғандық емес. Жатырдың үлкен-кіші болуы негізінен әйел адамның дене бітіміне байланысты болғандықтан, түрлі тәсілмен, дәрі-дәрмекпен реттелетін нәрсе. Қазір бұл аса қауіпті мәселе емес. Бізде көбінесе дұрыс диагноз қойылмайды ғой. Сол себептен, біз мұндай диагнозды қолдамаймыз.
– Демек, денеден тыс ұрықтандыру арқылы бала сүю бақытын сезінуге болады ма?
– Бедеуліктің кез келген түрінде немесе кезеңінде денеден тыс ұрықтандырудың 95-96 проценттік көмегі бар. Оның ішінде «дамымай қалған жатыр» деген мәселе жоқ деуге болады. Сондықтан, осындай мәселе туындағанның өзінде гармондық дәрілермен өсіруге, дайындауға, экстракорпаральді ұрықтандыру арқылы жүкті етуге болады.
– Ал, сіздерге емделуге барған адам қанша уақытын жояды?
– Әйел ағзасы – өте күрделі механизм. Ал, ер адамдікі ондай емес. Ер адамның бойынан күн сайын миллиондаған ұрық шығады. Ер адамды тексеру де оңай. Ұрығы арқылы сол адамда бала бола ма, жоқ па, мұны да тексеру арқылы білу қиындық тудырмайды. Ал, әйелде бұл бірнеше есе күрделі болады. Өйткені, әйелдің ұрығы, аналық безі ағзаның ішінде. Сондықтан, оның қанын да, гармонын да тексереміз. Тіпті, ультрадыбыстық зерттеумен бір ай бойы тексеру жүргіземіз. Өйткені, әйелдің циклі бар. Еркекте ондай цикл жоқ. Әйелде көбінесе, айына бір-ақ рет ұрық шығады. Кейде жүкті болу мерзіміне бір ай жұмсалады. Тіпті, бір жылға созылуы мүмкін. Кейбір әйелдердің 5-6 рет емделуіне тура келеді. Ал, кейде бір рет келгеннен-ақ жүкті болатын әйелдер бар. Мұның барлығы, әрине, адамның ішкі сенімінен деп есептейміз.
– Байқошқарова деген фамилия біраз адамның жүрегіне жылы тиетін секілді. Алайда, сіз салқын көрінесіз. Неге?
– Неге? Өйткені, менің жұмысым – өте ауыр, әрі жауапкершілігі өте жоғары. Жалпы, қуануға, күліп жүруге мүмкіндік бермейтін, көбірек ойлануға, зерттеуге жетелейтін жұмыс. Бізге көп адам қиындығымен, мұңымен келеді. Ал, олардың жылағанын, мұңайғанын көру – бізге өте ауыр. Солардың барлығын жүрегіңмен сезіну оңай емес. Иә, кездескендердің кейбірінің: «қатал көрінесіз» дейтіні бар. Ал, көбі: «сіз қарапайым, қазақы жансыз» деп айтады. Егер мен шынымен қатал адам болсам, пациенттер маған келмес еді. Бірақ, біздің ұжымда мамандарды дайындау үшін қаталдық керек шығар. Себебі, олардың жұмысы үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, оған салғырттық таныта алмаймын. Адамдар бізге сеніп, соңғы үмітін арқалап келеді. Демек, солардың үмітін ақтауға тырысатын мамандарға күліп
қарай алмаймын.
– Өзіңіз де жеті жыл бала сүйе алмай, көп қиындық көріпсіз. Бұл бүгінгі ісіңізді бастауға себеп болды ма?
– Мен бәрібір бірнәрсені ойлап тауып, алға қойған жоспарымды іске асырар едім. Өйткені, Құдайдың берген энергиясы бар. Ата-анамның берген тәрбиесі мен жоғары білімім бар. Әкем басшылық қызметте, атам Байқошқар деген кісі кезінде колхоз төрағасы болған. Соғыс көрген адам. Сондай кісілердің тәрбиесін көргеннен кейін
мен бәрібір бір саланың белсендісі болар едім.
– Келіндік міндетіңізді қалай атқарып жүрсіз?
– Әкемнің Алматыдағы студенттік танысы менің қайын атам болып шықты. Ауылдық жерге келін болып түстім. Сонда әкем: «Жылайтын ештеңесі жоқ. Жаяу жүрсең, аяғың сынып қалмайды. Орамал тағып жүрсең, басын түсіп қалмайды. Сондықтан, енді анаң сияқты шаңырағыңның берекетін тасытуға ұмтыл. Сол отбасының отымен кіріп, күлімен шық» деді. Сондай келін болдым. Білімімді жетілдіру мақсатында Алматыға көбірек келдім. Менің жолдасым – сегіз баланың үлкені. Одан кейінгі жеті балаға барлық қамқорлықты жасадық. Себебі, қайын атам өмірден ерте өтті. Енем бар, Құдайға шүкір, өте жақсы кісі. Ешқашан жаман сөз айтып көрген емес. Мен де енемнің алдынан ешқашан кесіп өтпедім. Енеміз екеуміздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз күннен күнге артып келеді. Ал, әкем екі жыл бұрын дүние салды. Әкемді ұдайы есіме алып, сағынып жүремін. Өйткені, өмірдегі бар жетістігіме әкемнің қанымен, өнегелі тәрбиесімен жеттім деп айтып жүремін. Анам бар. Жасы ұлғайған сайын аса қамқорлықпен қарай бастадық. Солардың ізін жалғап келе жатырмыз. Екі ұлымыз, немерелеріміз өсіп жатыр.
– Алғаш Салтанат Байқошқарова болып танылғандағы қалпыңыздан өзгермепсіз. Сізді имидж қызықтырмай ма?
– Жоқ, әрине. Мені бір кездері «Хабар» телеарнасына тележүргізуші етіп шақырды ғой. Бірнеше жыл «Бірінші байлық» бағдарламасын жүргіздім. Сонда осы қалпымда едім. Бір күні имидж өзгертеміз деп, көзілдірік те кигізді, шаш үлгісін де өзгертті. Содан кейін: «Бұл маған жараспайды, менің табиғатыма жат дүние. Өзгере беруді ұнатпаймын, бір қалыптылықты қалаймын» деймін. Кейін күйеуіме: «Сенің жолың болды. Жұрттың әйелдері тойға барарда сыланып, небір салондарды аралайды. Ал, мен салондарға бармаймын» деп әзілдеп жүремін. – Өмірге келгенде 5 кг 600 грамм болыпсыз. Рас па? – Мен – әке-шешемнің тұңғышымын. Жарық дүние есігін ашқанда шынында да үш айлық баланың үлкендігіндей болып келіппін.
– Атыраудағы ақжарқын ағайынға айтар тілегіңізді білсек…
– Ешқашан сенімдеріңізді жоғалтпаңыздар. Қандай ауру, қандай қиындық кездессе де, оны жеңуге болады. Бірақ, бұл үшін төзімділік, сабырлық, түсіністік, жауапкершілік, сенім керек. Барлық қиындықты жеңуге мүмкіндік бар. Қазір медицинада жаңа технологиялар да, жаңа жабдықтар да, түрлі ауруды емдейтін әдістер де енгізіліп жатыр. Сондықтан, әсіресе, сәби сүюден үмітті ешқашан үзбеу керек.
Сұхбаттасқан:
Балауса ПУШКИНҚЫЗЫ
Өлла, бәрін ашып айтыпты ғой, Салтанат ханым!
Мұндай тақырыпқа тереңірек бару, қазақ үшін ұяттау екен!