Көктемгі тартым: күдік пен үміт
Atr.kz/ 12 сәуір, 2019 жыл. Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраевтың айтуынша, республикада су маржандарынан даярланған тағамдарды тұтыну әр тұрғынға шаққанда жылдық нормадағы 14,6 келі орнына небәрі жетеу-ақ екен. Парламент мүшесі мұндай ахуалды отандық балық шаруашылығының әлеуеті әлі төмендігімен түсіндіреді.
Шешілмеген түйіндер
Алдымен, халық қалаулысының пайымдауынша, балық аулауға субсидия бөлу мәселесінде күрмеулі жайт бар. Егіншілік пен мал шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Ал, балықшылар назардан тыс қалған тәрізді. Бүгінде кооперативтер байлыққа белшесінен батып отырған жоқ. Бәзбіреулер «судағы балық өздігінен өседі» дейтін шығар. Әйтсе де, бұған да күтім керек. Қыс кезінде ауа баруы үшін мұзды ою жұмысына азды-көпті қаржы жұмсалады. Құрал-жабдықты жаңғырту біраз қаражатты қажет етеді. Шындығын айтқанда, кооперативтердің көбі күнделікті күйбеңмен ғана жүр. Өйткені, материалдық-техникалық базасы әлсіз. Олар өңдеу өндірісін дамытуы тиіс. Ішкі нарыққа немесе сыртқа сатуға шикізат емес, одан даярланған дайын өнім шығарса, түсер түсім де қомақтырақ болар еді ғой. Тиімділік деген де осы емес пе? Соған қол жеткізе алмай жүрміз. Сала мамандарының айтуынша, ау салатын адам да жоқ, сырттан шақыруға тура келеді. Қиғашты кезіп жүрген ресейлік кемелер соның куәсі.
Одан әрі, қолданыстағы заңдылыққа орай әр жылғы балық аулау лимитін ел Үкіметі белгілейді. Әйтсе де, кейбір жылдары сол рұқсат науқан алдында ғана беріліп, кооперативтер дайындалып үлгермейді. Турасын айтқанда, бұларға да құралдарын сайлап, адам күшін жинақтап, әзірлік шараларын жасақтауға уақыт қажет. Маусым кезінде қосымша адамдар қызметпен қамтылады. Оны да жоспарлау керек.
Сонымен қатар, лимит алу үшін биоресурсқа төлейтін төлем әр жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес есептеледі. Егер соңғысының көлемі жыл санап өсіп келе жатқандығын ескерсек, онда кооперативтерге де біраз қаражат шығаруға тура келеді. Мамандардың пікірінше, мұндай ахуал олардың экономикалық жағдайына кері әсер етеді. Ендеше, о баста төлем көлемі неге тұрақты есептелмеген?
Сондай-ақ, еліміздің шекара туралы заңдылықтарына сәйкес кемелерге түнде жүзуге рұқсат етілмейді. Әрине, бұл – тиісті қауіпсіздік шараларына байланысты қолданылатын ереже. Дегенмен, балықшылар қызметіне кедергі. Өйткені, торға түскен су маржандарын тапсыратын орынға жеткенше қараңғылық орнайды. Келесі күнді күтуге тура келеді. Бұған науқандық жұмыс мұрша бере ме? Бұл, сайып келгенде, кооперативтің тиімді жұмыс жасауына, жергілікті бюджетке түсімнің түсуіне кері әсер етеді.
Ақырында, соңғы 20-30 жылда өзендер арнасы әбден тарылды. Шағын өзекшелер мүлдем құрғап қалған. Біздің өңірдегі Жайық пен Қиғашты тереңдету – аса маңызды шара. Рас, қазір бұл іс қолға алынды. Алайда, оны тек жергілікті бюджеттің күшімен шешу мүмкін емес. Үкіметтен лайықты қолдау қажет. Кезінде мамандар аймақтағы табиғат қорғау заңдылықтарын бұзған компаниялар айыппұлының бір бөлігін осы мақсатқа жұмсауды ұсынған еді. Түптеп келгенде, су түбін тереңдету де – экологиялық проблема. Оны кешенді шешу арқылы ғана балықтардың еркін жүзуіне жол ашылады. Демек, орталықтан қажетті қаражаттың көбірек бөлінгені жөн.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ
(Толық нұсқасы «Атырау» газетінің №27-28 сандарында)