Қоғамды тәрбиелеу кішкентай істен басталады

 Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы сан ғасырдың сарғайған естеліктері мен тылсым тарихынан өткен-кеткенге шежіре шертіп қана қоймай, замананың желмен жарысқан жаңалығы мен жетістігінен де құр қалып көрген емес. Оған куә – мұражай кешенінде күн құрғатпай өтіп жататын өнегелі шаралар, өскелең ұрпақтың өрісін кеңейтер өзгеше істер.

  Үнемі жаңа мұрағаттармен толығып, оның қуанышын жұртшылықпен сүйіншілеп бөлісіп отыратын облыстық мұражай жуырда тағы бір жақсы жаңалығын жеткізді. Өлкеміздің қарымды қаламгерлері – ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Махамбет атындағы республикалық сыйлығының лауреаты Өтепберген Әлімгереев, Қазақстанның Құрметті журналисі, Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Төлеген Жаңабайдың ұзақ жылдар бойы баспадан жарық көрген кітаптарын мұражай қорына өткізуге орай ұйымдастырылған кездесу кешіне жиналған жұртшылық жағымды сәтке куә болды. Кездесу барысында сөз алған мұражай директоры Р.Харипова бұл идеяның тууы туралы сөз қозғады.

– Мұражай қорына кітап қабылдау , бұл кітаптар үшін арнайы зал жасақтау көптен ойымызда жүрген мәселе еді. Жалпы мұражай қонақтары тек жәдігерлермен жүздесіп қана қоймай, өлке тарихы туралы жазылған танымдық-ғылыми көркем шығармаларды тамашаласа қандай ғанибет! Бізде, тіпті, бұл кітаптарды оқып отыратын орын дайындау да жоспарда тұр және мұнымен шектеліп қалмақ емеспіз, – деді ол. Мұражай басшысынан соң белгілі журналист Т.Жаңабай cөз алды. Жыр жүйрігі Ығылман, әйгілі Х.Досмұхамедовтер туралы зерттеу жүргізген көсемсөзші жиырмаға жуық жинақтарын ұсына отырып, журналистік іссапар естеліктерін ағытты.

  Белгілі ғалым Қ.Жүсіп мұражай бастамасының маңыздылығы мен жаңашылдығына назар аудара отырып, ұзақ жылғы ғылыми ізденістерінің жемісі сынды ғылыми монографиялары мен жыр жинақтарын ықыласпен табыстады. Қаламдастарынан соң сөз алған өлкетану ісінің майталманы Өтепберген Әлімгереев тарихи деректерді сөйлетудің кәнігі шебері екенін танытты. Өзіндік стилі қалыптасқан өнертанушының қалам сиясы мен көз майын тауысқан жиырмаға тарта кітабын келешекте мұражай қонақтары қызықтай алатын болады. Шара қонағы болған Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қ.Жылқышиев өз тарапынан бастамаға сәттілік тілеп, көкейдегі пікірлерімен бөлісті.

Біздің өз кезегімізде қосарымыз, мұндай ізгілікті идея тек қана мұражайларда емес, кез келген мекеме мен көпшілік жиналатын орындарда жүзеге асып жатырса ештеңе жоғалтпасымыз анық. Қоғамды тәрбиелеу дегеніміздің өзі кішкентай істерден басталады емес пе?!

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз