Қоғам қайраткері Қатимолла Ризуанов Елорданың атауын өзгерту мәселесіне пікір білдірді
Atr.kz/22 наурыз, 2019 жыл. «Қазақ басына қиын-қыстау күн туған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қазақ мемлекетін құрып, қазақ елінің біртұтастығын сақтап қалған бірегей тұлға — Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қандай құрметке де лайық» дейді Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов.
«Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында өтпелі кезеңнің өткінші қиындығын жеңу мақсатында ұзақ мерзімді стратегиялық жобаларды жүзеге асырып, әлем алдында сарабдал саясаткерлігін мойындатқаны ақиқат. Бүкіл әлем жұртшылығы Нұрсұлтан Назарбаев арқылы қазақ мемлекетін таныды, таңырқады. Елді кемеңгерлікпен басқарып, түзу жолдан тайдырмады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ТМД елдерінің арасында дүние жүзіне өзін мойындатқан Қазақстан Республикасы ғана. Украина мен Қырғызстанда, Белоруссияда не болғанын көзіміз көрді. Ал, өзбекстан азаматтарының жағдайы да алақанымызда.
Қазақстан Республикасындағы бейбітшілік, ұлтаралық достық көптеген елдерге үлгі болғаны анық. Семей полигонын жаптырып, дүниежүзіне өзінің бейбіт саясат ұстанатынын да танытты. Елімізде өтен ақ олимпиада, ЭКСПО көрмесі арқылы қазақты, Астананы әлемге әйгі етті. Қазақ үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісіге қандай атақ берсек те лайықты. Сондықтан, Астананың атын Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атау керек» деп түйіндеді сөзін спикер.