Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкология

КӨКЖИДЕГЕ қамқорлық керек

БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ АТЫРАУ ЖӘНЕ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТАРЫНАН САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТТАРЫ КӨТЕРДІ.

ӨЙТКЕНІ, ҒАЛАМТОРДЫ АШЫП ҚАЛСАҢЫЗ, ҚАЗІР ТЕК ҚАЗАҚСТАНДА ЕМЕС, ЖАЛПЫ ЖЕР ШАРЫНДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАНЫ АЙТЫЛАДЫ. ҚАЗАҚСТАНДА ДА БҰЛ МӘСЕЛЕ КҮН ӨТКЕН САЙЫН АСҚЫНЫП БАРАДЫ. ӘСІРЕСЕ, БАТЫС ӨҢІРДЕГІ АТЫРАУ МЕН МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТАРЫ ҮШІН МҰНЫҢ МАҢЫЗЫ ӨТЕ ЕРЕКШЕ. МАҢҒЫСТАУ ӨҢІРІ ҚИҒАШ СУЫН ҚҰБЫРМЕН АЛЫП ТҰТЫНСА, АТЫРАУДАҒЫ БІРДЕН-БІР АУЫЗ СУ КӨЗІ – ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІ. ОНЫҢ ӨЗІ «ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ» МӘРТЕБЕГЕ ИЕ. ДЕМЕК, «КІСІДЕГІНІҢ КІЛТІ – АСПАНДА».

Осыған орай, республика Парламенті Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев, Сағындық Лұқпанов, Серікбай Тұрымов, Сүйіндік Алдашев, Бақтыбай Шелпековтер Үкімет басшысы Əлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Онда сенаторлар Ресей жерінен ағып келетін өзендер 2006 жылдан бері жылдан-жылға суалып бара жатқанына алаңдайды. Өйткені, қазір Қиғаштан Ақтауға тартылған «Астрахан-Маңғышлақ» магистралдік желісінен Атырау облысының Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандары жəне Маңғыстау облысының халқы ауыз су тұтынып отыр. Сондай-ақ аталған аумақтардағы мұнай өндіруші кəсіпорындар, Теңіз, Қашаған тəрізді алпауыт компаниялардың ауыз суы өз алдына, технологиялық жəне техникалық мақсаттағы қажеттіліктері де осы құбырдан алынады.

«Теңіз, Қашаған кеніштері, Атырау мұнай-химия паркін дамыту жəне газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатқанын ескерсек, Атырау жəне Маңғыстау облыстарында су тапшылығы əбден ушығады. Су тұтыну сұранысының шапшаң өсіп бара жатқанын қаперге алып, бұдан 30 жыл бұрын салынған «Атырау-Маңғышлақ» су желісін толықтай реконструкция жасау қажет. Ал, желінің əбден тозығы жетіп, техникалық тұрғыда титықтап тұр. Атырау мен Маңғыстау облыстарын сумен қамту техникалық тұрғыда осы желіге тəуелді», – делінген депутаттық сауалда.

Премьер-Министрге жолданған хатта Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы бірегей тұщы су көзі – Көкжиде кен орны туралы да маңызды мəселе көтерілген. Атырау облысымен шектесетін батыс өңірдегі ірі кеніштердің бірі келешекте аталған өлкедегі негізгі су көзіне айналуы да ғажап емес. Ол үшін республика бюджетінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 2019-2021 жылдары зерттеу жұмыстары жасалды. Соның нəтижесінде кен орнындағы судың химиялық құрамы, аумағы мен қоры айқындалды. Атырау мен Маңғыстау облыстарының халқына жеткілікті ауыз су қоры жөніндегі барлық зерттеу материалдары Қор жөніндегі мемлекеттік комиссияға тапсырылған.

«Ең өкініштісі – кеніш аумағы мен оған жақын маңда ондаған жер қойнауын пайдаланушылар айрықша қарқынмен көмірсутегі шикізатын барлау-өндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның кесірінен жерасты су көзіне залал келіп, батыстағы екі облыстың соңғы үміт отын өшіруі əбден мүмкін. Қазір кеніштегі жерасты суының жағдайына Геология комитеті мен Ақтөбе облысының əкімдігі мониторинг жасауда», – делінген сенаторлардың хатында.

Атырау жəне Маңғыстау облыстарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Көкжиде кен орнын тиімді пайдалануды ұсынған депутаттар Премьер-Министрге бірнеше ұсынысын да жазып жіберді. Оның біріншісі – гидрогеологиялық нысандағы қордың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап тұру үшін бірыңғай операторды анықтау. Яғни, «болашақты ойласақ, жіті көз əбден керек» дейді депутаттар.

Екінші ұсыныс – Көкжиде маңында экологиялық ахуалды бүлдірмеу жəне жерасты суының ластанбауы үшін сол аумақтағы мұнай өндірісіне қатысты қазіргі келісім-шарттарды қайта қарап, барынша терең зерделеу. Сол арқылы кеніш аумағындағы көмірсутегі шикізатын іздестіру жұмыстарына тыйым салып, мұнай-газ өндірісіне қатысты келісім-шарттарды бұзу немесе тұщы су көзіне зиянды ықпал етіп отырған мұнай компанияларына кен өндірудің озық үлгілеріне көшуді ұсынған жөн. Халық қалаулылары «компаниялар заңды құжатым бар деп кердеңдемей, аяғын тарта басуы шарт» дегенді осы арқылы тұспалдапты.

Сондай-ақ, сенаторлар хатта «Атырау, Маңғыстау облыстарын ауыз сумен қамту үшін техника-экономикалық негіздеулер мен жобалық-сметалық құжаттамаларды жасақтауды тезірек жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлуді» ұсынды. Əрине, суының 80 пайызы Ресейден ағып келетін Жайықтың көз алдында суалуы бұқараның жанына бір батса, мұнайшылардың табыспен қатар Табиғат-Анаға келтіріп отырған орны толмас күлдей зияны тағы да жүректі ауыртады. «Дəніккеннен құныққан жаман» дегенді ата-бабамыз осындайда айтса керек. Жаңа Үкіметтің басшысы Əлихан Смайыловтың қалаулылардың хатына қандай жауап қатары əзірге беймəлім. Ал, сенаторлардың бұқараның ең басты мəселесін көтеруі сайлаушының аманатына адалдығын аңғартады.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button