ҚОҒАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ – БАЛАЛАР
Екінші болып құттықтау сөз кезегін еншілеген салтанатты шараның құрметті қонағы, «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонның зайыбы Дайан Уотсон ханымның айтқандары да жүрекке жылы тиді.
– ҚР Президенті, барлығымыз қатты құрметтейтін аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы мырзаның өзі де осыған мүдделілік танытып, сол кісінің атындағы республикалық қор мен «Шеврон», «Теңізшевройл» компанияларының бірлесуімен қолға алынған жобаның сәтімен іске асып жатқанын толығымен құптаймын. Осындай ел игілігіне, келешегіне қызмет ететін бастамалардың ғұмырлы, ынтымақтастығымыз бен достығымыздың тұғырлы, байланыстарымыздың берік болғанын қалаймын. «Мирас-Атыраудың» қадамы құтты, бүлдіршіндеріміз бақытты, еңбектеріңіз жемісті болсын, — деді құрметті мейман.
Осылайша, ағынан жарылған ол тұсауы кесілгелі отырған жаңа нысанның көрімдігі ретінде балабақшаға халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптейтін орталықты тарту еткенін жеткізді.
Мұнан кейін мінберге көтерілген «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру Қоры» қоғамдық қоры директорының бірінші орынбасары Светлана Мырзабекованың айтуынша, бұл балабақша аталмыш қор өкілдерінің тікелей қатысуымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен жобаланып, тұрғызылған. Жасыратыны жоқ, ғимаратты салу жөніндегі идея 2007 жылы көтеріліп, жоба бірнеше жыл бойына жан-жақты талқылаудан, сараптаудан өткен. Сөйтіп, 2012 жылдың соңында мақұлданып, 2013 жылдың наурыз айында ғана нақты жұмыстар басталған. Бір ерекшелігі, мұндағы оқыту бағдарламасының негізіне мектепке дейінгі тәрбие берудің жалпыға бірдей міндетті стандартқа сай талаптары, сондай-ақ бастауыш мектептің Халықаралық бакалавриат бағдарламасының әдіс-тәсілдері алынған. Соның ішінде, соңғысы осыдан он бес жыл бұрын Алматы мен Астана қалаларында ашылған «Мирас» балабақшаларында табысты жүзеге асырылып келеді. Бұлардан бөлек, оқу-тәрбие процесінде әлемнің көптеген елдерінде өзінің тиімділігін көрсетіп, тәжірибеде дәлелденіп жүрген Монтессори педагогикасының элементтері де қолданылады. Нақтылай кетсек, бұл бағдарламалардың бәрі де бүгінгі кішкентай бөбектен ертеңгі жан-жақты дамыған жеке тұлғаның өсіп шығуына септесетіндігіне сенім мол.
Білгеніміздей, үш қабатты зәулім де сәулетті ғимаратта балалар үшін барлық жағдайлар жасалған. Мұнда 16 топта үш пен алты жас аралығындағы 350 балдырған тәрбиеленеді. Оқу бағдарламасы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жүргізіледі. Педагогтардың біліктілігін көтеру жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген. Музыкалық зал, кір жуатын бөлме, медициналық блок, психолог, логопед мамандардың кабинеттері, сондай-ақ, қоғамдық қордың еншілес кәсіпорны «Фуд-экспресс» серіктестігі арқылы ашылған асхана бар. Онда бүлдіршіндер күніне бес мезгіл тамақтанады. Оған қоса, «Дені сау балдырған» бағдарламасы бойынша профилактикалық іс-шаралар атқарылады.
Салтанатты рәсімде сөз алған «Теңізшевройл» компаниясы кадр бөлімінің бас менеджері Шолпан Алтыбаева да алдындағы әріптестерінің айтқандарын қостады. Серіктестік басшылығының қашанда қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін алғы кезекке қоятынын, және олардың оңтайлы шешілуіне жұмыстанатынын алға тартты. Елде жоқ, ерекше үлгідегі керемет балабақшаның маңызына тоқталды.
Соңынан облыстық білім басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев бастаған қонақтар «Мирас-Атырау» балабақшасының директоры Светлана Ильясоваға мекеменің рәміздік кілтін табыстады. Өнерлі балдырғандар көпшілікке өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынды.