ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ
Онда ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің жетекшісі, полиция генерал-майоры Мұхаран Әміров Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі құрылымдық өзгерістер мен еліміздегі қазіргі ахуал жөнінде баяндады.
Департамент басшысы Елбасының 12 қараша күні қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті полиция қызметі өз жұмысына кірісетіндігін мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталмыш заң «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жасақталған болатын. Жергілікті полиция қызметінің құрамына учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, табиғат қорғау, қабылдап-тарату және арнайы қабылдайтын орындар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі, жол-патрульдік полиция қызметкерлері кірмек. Жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарының біртұтас жүйесіне енеді және қызметкерлері бірыңғай құқық-тық мәртебеге ие.
Жергілікті полиция қызметінің басшысын Ішкі істер министрлігінің ұсынысымен және мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімі, оның басшы қызметкерлері мен жеке құрамын жергілікті атқарушы органдар тағайындайды. Жергілікті полиция қызметінің басшысы жылына екі мәрте атқарушы және өкілді органдар, бір рет тұрғындар алдында есеп береді. Сөйтіп, бұл әкімдіктер мен жергілікті полиция қызметінің өзара бірлесіп қызмет атқаруын ширатып, жауапкершіліктерін күшейте түспек. Оған қоса полиция қызметін тұрғындар да бағалай алады.
«Жергілікті полиция қызметінің табысты жұмыс атқаруы ішкі істер органдары мен әкімдіктердің бірлескен іс-қимылына байланысты болмақ», — деп түйіндеді ойын Мұхаран Серікұлы.
Мұнан соң Бейбарыс алаңында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық ішкі істер органына жаңа автокөліктерді табыстау салтанаты болды. Оған облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов пен ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы М.Әміров қатысты.
Аймақ басшысы ІІД қоғамдық тәртіп күзетінде жүретін басқармалар мен бөлімдеріне 53 «Нива», 7 «Газель» қызметтік автокөліктерінің кілттерін табыстап, қиын да жауапты жұмыстарына сәттіліктер тіледі.
Б.ХАМИТҰЛЫ.