Жарнама
Жаңалықтар

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП – БАРШАҒА ОРТАҚ

 

«Негізгі мақсат – отбасын сақтау»

Шараға қатысқан партия мүшелері мен құқық қорғау органдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер, ең алдымен, облыс орталығындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесіне барды.

Мұндағы жұмыс барысымен бөлімше директоры Айбаршын Иманғалиева таныстырды. Оның айтуынша, 2012 жылдың ақпанында ашылған орталықты бүгінге дейін 101 әйел, 193 бала паналапты. Негізінен 20 орынға арналған бөлімшеде қазіргі уақытта үш әйел, сегіз бала орналасқан. Әйелдер мұнда ішкі істер органдарының баянаты негізінде қабылданады. Себебі, орын алған зорлық-зомбылықты тек қана учаскелік инспекторлар ғана анықтап, олардың берген құжаты негізінде жұмыс жасалады. Паналау мерзімі – үш ай. Бұл уақытта әйелдерді өмірге бейімдеу, құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Бөлімшеде заңгер, психолог, мейірбикелер қызмет етеді. Сондай-ақ, ұдайы сенім телефоны жұмыс жасайды. Әйелдер өздеріне қажет мағлұматтарды сұрап, заңгерлік көмекті де алады.

– Орталықтың негізгі мақсаты – отбасын сақтау. Бұл ретте бөлімшеге түскен әйелдерді ер- азаматтарымен табыстыруға тырысамыз. Зорлық-зомбылықтың көбі ішкілікке салынған ерлердің салдарынан орын алуда.  Ішкіліктен емделіп, отбасын сақтағандар саны – 53 пайыз, ал, 10 пайызы заңды түрде ажырасты, – деді Айбаршын Иманғалиева.

Қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу – жергілікті полиция қызметкерлерінің басты жұмысының бірі. Әсіресе, негізгі жүк учаскелік инспекторларға артылады. Бөлімше басшысы бұл бағытта жергілікті полициямен бірлескен жұмыстың жанданып жатқанын атап айтты:

– Психологиялық,  экономикалық және жыныстық зорлық-зомбылық деген сияқты оның бірнеше түрі бар. Ал, әйел оның қай түріне душар болғанын, жағдайдың орын алу себептерін бізге инспектор анықтап береді. Сондықтан, құзырлы органмен тығыз байланыстамыз.

 Еске сала кетейік, бұған дейін «уақытша паналаған баспанасы өртеніп, басар тауы қалмаған Елена Приданова мен үш ұлы осы бөлімшеге орналастырылды» деп хабарлаған едік. Орталықта олармен тілдесудің де сәті түсті.

Ұсақ заң бұзушылыққа жол жоқ!

Баспасөз турында ат басын тіреген келесі нысан – тұрғылықты жері жоқтарды және әкімшілік жазаланғандарды қабылдау бөлімшесі. Мұнда әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар соттың шешімімен қабылданады. 70 орындыққа арналған бөлімшеде жыл басынан бері 422 адам болыпты. Олардың бірқатары – мас күйінде көлік жүргізгендер, жанұя жанжалын және көшеде ұсақ құқық бұзушылық жасағандар. 

– Бұл нысан – жергілікті полиция қызметінің толық бақылауында. Сондықтан,  сот шешімінің  орындалуын басты назарда ұстап отырмыз. Атырау қалалық жергілікті полиция қызметінде бүгін 490 қызметкер бар. Сала мамандарының қатысуымен жыл басынан бері жеке басы анықталмағандар ісі бойынша жедел шаралар жүргізілді. Нәтижесінде 100 адам есепке алынды. Оның ішінде шетелдіктермен қатар, жергілікті тұрғындар да бар.

Мұнда қамауға алынған адамның үш күннің ішінде жеке басы анықталмаса, сот шешімімен бір ай санкция алады. Бұл орында қазір 25 адам бар. Олардың көбісі – Өзбекстан, Ресейден келгендер, — деді Атырау қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Биғамбаев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button