Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Классикалық блоггинг: жаңа дәуір

Бірде әлеуметтік желідегі чатқа үздіксіз түрлі мәліметтер мен бейнероликтер жіберіп отыратын құрдасыма әріптесім: «Фактчекинг дегенді білесің бе? Ақпараттың анық-қанығына жетіп алған жөн» деп кеңес берген еді. Шынымен де, біз әлемнің түкпір-түкпірінен «ағып» жатқан сан алуан мәліметтердің дәлдігі мен растығына мән беріп, тексеріп жүрміз бе? Қолындағы смартфонымен болған оқиғаны сол орыннан тікелей жеткізіп отырғанның бәрі бірдей блогер ме? Инстаграмда жарнама жасап немесе шағын пост жазып миллиондаған оқырман жинау блогосфераның шарықтау шегі ме?

Классикалық блоггинг

Иә, кейбір жағдайда кейбір нәрселерді қайталап айтуға тура келеді. Былтыр Атырауда өткен блогерлер құрылтайында «КерекИнфо» блог-платформасының құрушысы, блогер Аршат Ораз блог пен оны жүргізуші туралы нақты анықтама берген еді. Оның түсіндіруінше, блог – адамның интернеттегі жеке күнделігі, түрлі тақырыптарда ойларын жазатын алаңы, күнделігі, дәптері. Әрбір жанның виртуалды әлемдегі паспорты. Ал, блогер — блог жүргізетін жан. Оны стилінен, никнеймінен, тақырыптарынан көпшілік онлайн немесе оффлайн таниды. Көбіне блогер тек бір платформада жазады. Блогосфера олардың тіршілік аймағы саналады. Ал, блог-құрылтай – жылына  бір рет өтетін кең көлемдегі жиын. Мақсат – білісу, тәжірибе алмасу, бірге қыдыру, қаламен танысу. Қатысу үшін жарна алынбайды, шығындары демеушілер тарапынан өтеледі, сәйкесінше, олардың да талаптары орындалады. Мысалы, блог-турлар, экскурсиялар, пиар мақалалар, репортаждарды атап айтуға болады. Алайда, мұны әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларымен шатастыруға болмайды.

Жиырма жыл уақыт бойы ғаламторда сайт жасаумен айналысып келе жатқан блогер сәтті пост шығару үшін ең алдымен тақырыбына, суретіне, айтылатын ойға назар аудару керектігін ескертеді. «Қалдырылған пікірлер де маңызды» дейді Аршат Ораз.

Өткенге көз салсақ, әуелде түрлі мамандық иелері, негізінен жас буын өкілдері блог платформасында блог ашып, жүргізе бастады. Уақыт өте келе, бұл онлайн ортаға, яғни, жастардың алаңына айналды. Кейін әлеуметтік желілер, оның ішінде фейсбуктің қолданыс аясы кең тараған кезде блог термині түсініксіздеу болып кеткені рас. Яғни, әлеуметтік желі қолданушыларының бәрін блогер деуге келмейді.

Дегенмен, өздерін «блогерлер» дейтін топты орталық, жергілікті атқарушы билік олардың интернеттегі белсенділіктеріне қарап, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тиімді «пиар» ретінде пайдалана бастады. Яғни, блогтурлар ұйымдастыру арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсетіп үлгерді. Бизнес саласы да солай. Олар да блогерлер арқылы тауар жарнамасын жасауға ты-рысты. Жуырда бір әріптесімнің «сыншы да блогер, сынықшы да блогер, қазіргі заманда адамдардың бәрі блогер болып кеткен бе?» деген сауалы көпшілікті ойлантып тастаған еді.

Қалай десек те, «Блогерлер Альянсының» президенті Ғалым Байтуктың пікірінше, бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы «әттеген-ай» дегізетін тұстар әшкереленіп, талай кемшіліктердің беті ашылуда. Проблемалық мәселелерді шешуде белсенділік танытып жүрген блогерлер аз емес. Әсіресе, жем-қорлықты әшкерелеуде олардың үлесі зор. Соңғы кездері блогерлер қозғаған олқылықтар шешімін тауып келеді.

Қазір министрлер де, шенеуніктер де әлеуметтік желілерді оқиды. Жұртшылықтың пікірін біледі. Меніңше, соның өзі – жетістік. Қоғам дертімен күресте, оның алдын алуда барлық тетікті пайдаланған жөн. Жазудан қорықпау керек, бірақ, бәрін ақыл-ой елегінен өткізген жөн, — дейді ол.

Алайда, «ақпарат заманында» мәліметті тексермей, сол қалпында «жұта» беретініміз өкінішті. Шын мәнінде, оны басқа да дереккөздерден қарап, анық-қанығын тексеріп алу керек. Ал, бір мәлімет әр жерде әртүрлі айтылса, демек, бір тұста қателік бар. Сондықтан, жаңалықты қабылдамас үшін оның «салмағын» өлшеп алған жөн. «Фактчекинг» термині журналистердің лексиконына жақында ғана енгенімен, олардың астарында журналист мамандығына тән шынайы фактілерді ұсыну және бұрмаланбаған ақпаратты жеткізу сынды негізгі машықтар жатыр.

Он жыл бұрын ғана журналист деп тек басылымның редакциясында жұмыс істейтін және соған сәйкес кәсіби білімі бар адам аталатын. Бірақ, әлеуметтік желі платформаларының дамуы мен жаңа технологиялардың кең таралуы бұл ұғымға біршама өзгеріс енгізді. Әлеуметтік желілер платформалары адамның нені біліп, нені білмейтінін анықтай бастаған ақпараттық сүзгіге айналды. Смартфондардың таралуы қандай да бір оқиғаның еріксіз куәгері болған адамдар түсірген фото мен видеоны редакцияның фототілшісі түсірген фотосуреттерге қарағанда анағұрлым «құнды» етті.

Р.S. Рас, бүгінде блог пен блогер терминінің түсінігі дәстүрлі, классикалық блоггингтен әлдеқайда ауқымдырақ. Алайда, мынаны жадымыздан шығармайық: блогер – журналист емес. Оның үстіне, ақпарат дәуірінде кез келген жаңалықты тексеріп, нақты көз жеткізіп алмай, бәріне бірдей сене беруге тағы болмайды. Біз айтқан фактчекинг те осынау мәселеден туындап отыр. Демек, бір-біріне ұқсас, бірақ, мән-мағынасы бөлек саланың аражігін анық ажырататын кез жеткен сияқты. Арнайы заң қабылданса да құба-құп. Сіз қалай ойлайсыз? Пост пен блогтың бәріне сене бересіз бе?

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button